Жұма, 29 Наурыз 2024
Масқара! 6875 6 пікір 28 Тамыз, 2019 сағат 17:58

Шенеуніктер бір-бірін «әшкерелеп» жатыр

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өткен жылғы есебі бойынша, жемқорлық істері ең көп тіркелген сала - білім беру саласы екен.

Басқасын айтпақанда жақында ғана Білім және ғылым министрлігінің вице-министрі Эльмира Суханбердиева сотты болды. Бірақ, бұл жерде сотты болды дегеннен гөрі сот залын көріп шықты деген жөн шығар. Пара алды деп айыпталған экс-министр жеңіл жазамен құтылды. Бостандыққа шыға сала "бизнеспен айналысам немесе мұғалім болам" деп сырдың суы сирағынан келмей күліп жүргенін көз көрді.

Жемқоларлар - мұғалім, мұғалімдер - жемқор болды. "Ет сасыса тұз себеді, тұз сасыса не себеді" дегенді осындайда айтады. Қазақстанның болашағы болған жастарды жемқорлар тәрбиелеп жатса, елдің ертеңі не болмақ? Қасқырға қой бақтырып отырған мына түрімізбен алдағы жүз жылда да жемқорлықты жоя алмайтын шығармыз.

Біз Білім және ғылым министрлігіне орынсыз мін тағып отырған жоқпыз. Жемқорлықпен күрес агенттігінің өзі бұл салада жең ұшынан жалғасқан қылмыстың көп екенін айтып отыр. Онымен қоса, министр ауысқан сайын реформа жасалатын бұл саланың дау-дамайы басынан асады. Мемлекет үшін ең маңызды министрліктің мұнша былыққа батып жатқаны жанымызды ауыртады.

Сол БҒМ-дан тағы бір дау шықты. Бұл жолы айыптаушы да, айыпталушы да аталған министрліктің өзінен. Тарқатып айтсақ, БҒМ Әкімшілік жұмыс және мемлекеттік сатып алу департаментінің директоры Анар Қайырбекова күтпеген мәлімдеме жасады. Ол жауапты хатшы Арын Өрсариев пен вице-министр Рүстем Биғариді қызметтік келісімшартқа қол қою кезінде қысым көрсетті деп айыптады.

Анар Қайырбекова

Оның айтуынша, серверлік жабдықтарды көшіруге бюджеттен 48 миллион теңге бөлінген, бірақ жеткізуші жұмысты аяқтамаған. Соған қарамстан, жауапты хатшы Өрсариев ақшаны толығымен аударып берген.

- Серверлерді көшіруге жұмсалған 48 миллион теңгенің жұмысы іс-жүзінде орындалған жоқ. Мен бұл туралы министрліктің жауапты хатшысы Арын Өрсариевке хат жазып, жеткізіп берушімен келісім бойынша төлем төлеуді тоқтату керектігін айттым. Бірақ, оған қарамастан Өрсариев пен қаржы департементі директоры ақшаны толық төледі. Бұған дейін де Биғари мен Өрсариев мені 100 млн теңгенің заңсыз келісімшартына қол қоюға мәжбүрледі. Мен одан бас тарттым. Содан кейін Өрсариев "сізбен жұмыс жасау қиынға соқты" деп ескетті, - дейді Қайырбекова.

Анар Қайырбекова бұл мәселені жемқорлықпен күрес агенттігіне мәлімдегенін, олардың тексеріс жүргізіп жатқанын айтты. Бірақ, жемқорлықпен күрес агенттігінде жауапты хатшының өзіне емес, оның орынбасары Күдеровке қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр екен. "Алайда орынбасар хатшының қаржылық құжаттарға қол қоюға құзіреті жетпейді. Сондықтан жауапты хатшының орынбасары жеке өзі мұндай қылмыс жасай алмайды" дейді ол.

Ал Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қол астындағы қызметкерлерге тағылған айыптарға қатысты түсініктеме беріп, қызметтік тексеріс жүріп жатқанын айтты.

- Ол кісі (Анар Қайырбекова) кеше ғана бізге осындай шағымын жеткізді. Құзырлы органдар қажетті қызметтік тексеріс жүргізеді. Жауапты органдар ашық және әділ тергеу жүргізеді деп ойлаймын. Құзырлы органдардың шешімін күтіп отырмыз. Осыдан кейін ғана толық ақпарат бере аламыз, - деді министр.

Анар Қайырбекованың айтуынша, "сізбен жұмыс жасау қиынға соқты" деп қоқан-лоқы көрсеткен Арын Өрсариев оған жала жауып, түрлі әкімшілік іс қозғатып, сөгіс жариялатқан. Өзінің айтқанын істете алмаған шенеунік енді департамент директорын жұмыстан шығаруға әрекеттеніп жатқан көрінеді. Бірақ, Қайырбекова Өрсариевтің ұйымдасқан топпен ақша жымқырып отырғанын дәлелдейтін мәліметтер бар екенін айтып отыр.

Арын Өрсариев

Бұл іске байланысты бүгін Арын Өрсариев Facebook желісіндегі жеке парақшасында жауап беріпті. Жауапты хатшы жауабында өз ісінің ақтығын айтып, департамент директорының сөзін жоққа шығаруға тырысты.

Оның айтуынша, А.Қайырбекова екі себепті желеу етіп шағым білдірген. Ол өзін сыбайлас жемқорлық схемаларына қарсы "күрескер" етіп көрсетіп отыр.  Біріншіден, серверлік жабдықты көшіру жұмыстары толық жүргізілген. Бұған дәлел ретінде "ГТС" РМК берген ақпараттық қауіпсіздік аттестаты бар екен. Сонымен қатар, аталған жабдықтардың қайда тұрғанын да айтыпты.

Ал «студенттерге арналған жазғы стартаптар мектебі» жайлы мәселеде, департамент директоры А. Қайырбекова осы байқауды өткізу бастамасын көтеріп, қызметті қабылдауға өзі жауапты болған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі стартап-лагерьде болуы мүмкін заң бұзушылықтарды тергеп жатыр екен. Оның нәтижелері кейінірек жарияланатын көрінеді.

Өрсариевтің айтуынша, үшінші мәселе 2014 жылғы жатақханалар құрылысына қатысты. А.Қайырбекова бұл іске байланысты бес жыл бұрын шағымданған. Алайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің тексеріп, ешқандай заң бұзушылықтар таба алмаған екен.

Анар Қайырбековаға жала жауып, сөгіс жариялатқаны жайлы мәселеге де Өрсариевтің жауабы дайын екен. Оның айтуынша, сәуір айында А.Қайырбекова әдепсіз қылықтары үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Бұған себеп, қызметкерлер жұмыс уақытында өз жұмысына қатысы жоқ сайттарға кірген көрінеді.

Арын Өрсариев сөзінің соңында, Қайырбекованың шағымында сыбайлас жемқорлық жасады деп айыпталған мемлекеттік қызметкерлер ар-намысы мен абыройын қорғау үшін тиісті органдарға жүгінетінін айтыпты.

Қос тараптың айтары осы. Ендігі мәселе жауапты органдардың бұл істі қалай біржақты ететінінде болып тұр. Осы деңгейге жеткен дау енді жылы жабыла қоймас. Бірақ, жаңбырдың арасынан су болмай шыққан Суханбердиева ісін де естен шығармаған жөн. Сол үшін бұл мәселенің түп-тамырына үңілу керек. Білдей министрліктің бұнша былыққа батуына не себеп? Министрлік басшылары неге бір-бірін әшкерелеп жатыр. Бұл шынымен де әділетсіздікке төзбейтін адал шенеуніктің ісі ме, әлде "таққа" талас барысында жасалған арандату ма? Соны анықтау керек. Ең маңыздысы, халықтың ақшасын асаған жемқорлар қатаң жазалану керек...

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2278
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3596