Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Әдебиет 6693 8 пікір 22 Тамыз, 2019 сағат 10:25

Тұрсынбек Башар. Біздің ғасыр – цитаталар ғасыры

Қазіргі қазақ әдебиетінде, оның ішінде поэзияда өзінің жаңашылдығымен һәм өзгешелігімен танылып жүрген бір шоғыр бар. Сол шоғырдың арасынан да бітімі бөлек таланттарды екшеп алуға болады. Өлеңге асқан махаббатпен, ізденімпаздықпен, табиғи болмысымен келген сирек жастың бірі – Тұрсынбек Башар.

Оның модерндік өлеңдерінде аласұрған ойлар мен үнсіз үміт, өткенді аңсау мен болашаққа алаңдау, кіршіксіз махаббатқа деген сенім мен үрейлі түстердің картинасы – бір сөзбен айтқанда кез-келген адам кешетін сезімдер астасып жатыр.

Чириме

Үстіңнен шалимар аңқып,
Кірпігіңе күн шағылысып,
Аяғыңның астында ай тербеліп,
Қоңыр түнге жұтылдың,
Дерексіз...

Сенің сезіміңді,
Һәм менің сезімімді
Сәуір бүршігіне байлап қойған кім?
Алыстан талып жетті құлағыма,
Әуен де емес ән де емес...
Айғай құм...

Жесір түнді ойнас қылған,
Жетім күнді алдаған,
Менің аңғалақ нәпсімдей –
Уақыт өтіп барады,
Уақыт –
менің аяулы шағым,
сенің аяулы шағың...
алыста ажал биін билейді,
би дегенім Ол емес...
сағым...

хат жазасың дәрменсіз,
хат жазамын дерексіз,
жазасын өтеген құлдай,
мың жыл бойы –
өмір сүрдің сен менсіз,
өмір сүрдім мен сенсіз,
бір әлемде,
бір аялдамада,
параллель жолдан жүргенбіз.

Үстіңнен шалимар аңқып,
Кірпігіңе күн шағылысып,
Аяғыңның астында ай тербеліп,
Қоңыр күзде сен жыладың себепсіз.
Ал, Мен...
қарашада қайырсыз,
Қоңыр түнге жұтылдым,
Дерексіз...

Туған күн

Әке, міне, алпысқа келдің,
Мен ширегіне...
Құттықтау хат жазсам ба екен,
Сурет салып жиегіне.

Әке!
Біздің үй есіңде ме?!
Оты өшпейтін еді.
Алматының арсыздығын білгенде,
Ауылдан көшпейтін едік!

Әке, міне, алпысқа келдің,
Мен жартысына...
Сен бәріне көндің,
Мен көнбедім!
Мына өмір талқысына.

Әке, сен алпысқа келдің,
Қайда біздің шаңырақ?!
Міне, тағы өлең жаздым,
Қуыс кеудем қаңырап.

Әке...Мен...
Отызға да келмей-ақ,
Бәрінен жалығыппын!
Мен айтатын, сен еститін сөз емес,
Әншейін...
Сағыныппын...

Пессимистік ойлар

Бір өзеннен құлап аққан ойларым,
Төрт тармаққа бөлінді.
Жиренімді мамағашқа байладым,
Жеңілдім...

Иіре-иіре,
түтеленді үмітім,
Жоғалыпты тұмарым.
Əр кез сайын қайталанып өлі түн,
Азаптайды құмарым!

Бір қорқыныш көңіліме орнайды,
Иесіндей пәтердің!
Бозала таң азан даусы сарнайды,
Сен ақырын жөтелдің.

Мені өзіне баурайды да тұрады,
Иесі жоқ табыттар!
Кеше біреу себепсізден жылады,
Қорқыныш жоқ, қауіп бар.

Мен ылғи да Мунк салған бас көрем,
Айқайы тым жаңғырық!
Оу, ағайын бəріңізге ас берем,
Бір кітапқа көшкен күні мәңгілік.

Саспенс

Көз алдымда сәулененіп көшелер,
кірпігімнен кемпірқосақ шашырап,
бұлтсыз аспан астында,
нөпір халық арасында,
адасып барам,
оңтүстікке барарым белгісіз,
солтүстүкке барарым белгісіз,
батыс не шығысқа барарым белгісіз,
қараңғы тұман арасында қалқып барам,
бір кезде адам сенгісіз,
жаңғырған дауысқа жалт қараймын,
кесілген басты көрем әнтек жымиған...
бұл әлгі... айнымайды сайтаннан,
бұл әлгі.. айнымайды сұлудан...

жасыл тұман арасында сабылып,
көз бостандығы жүр,
сөз бостандығы жүр,
ой бостандығы жүр,
ақымақ бастан табылып...
үйрілген бұлт келеді қасыма,
бірақ бір тамсышысы да жаумайды,
бұл әлгі мені босатып алған,
аяғымды көз жасымен жуып,
шашымен кептірген,
күнәһар әйелден аумайды.

олар рахатын көріп жүр,
бұлар тістелген алма теріп жүр...
Ашылмаған алтыншы есікті,
ойларым жүр сығалап,
нөпір халық арасында адасып қалам,
кейде ескі үйлерді кетемін аралап.

жапырақ көлеңкесіне асылып,
Мунктың «айқайы» қарайды,
расында ол сұлу әйел екен,
тым болмаса өзін осылай санайды,
бұл әлгі... айнымайды сайтаннан,
бұл әлгі.. айнымайды сұлудан...
кетік тарақпен –
өспеген шашын тарайды.

Көз алдымда сәулененіп көшелер,
жаумаған жаңбыр астында,
жанарымнан кемпірқосақ шашырап,
аяғымның астына соқпақ жол боп төселер,
Бейкүнә көзқарас, кінәсіз көз жасы –
Сен мені кеше гөр,
сен мені кеше гөр!

РЕТРО

Бұл қала...
Баяғыдай...
Өзгермеген...
Мен ғана...
Саяқ жүрген...
Сөзге ермеген.
"Алтын" дейді кетпен сап кеңірдектер,
Өмірінде бір ретте жез көрмеген!

Әділдіктің ауылы көшкен төрем,
Кіл пысық басқа шауып, төске өрлеген.
Месқарындар мұнда да ішіп жатыр,
Өмірінде бір ретте ас көрмеген!

Үшбу хатты жолдадым...
Төрем дедім!
Көне ғасыр қайта айналып келер ме еді!
Қыпшақ қылыш асынып төлеңгітің,
Азбан мініп жаныңда жүрер ме еді.

"Бір өзгеріс болады қара да тұр ",
Өзімді алдап...
Күз ауып бара жатыр.
Астананың желіндей бұзып-жарып,
Бір жарылыс болады санада ақыр.

Бұл қала, баяғыдай...
Ескірмеген...
Сәл ғана бояу оңған көкшіл күннен.
Үшбу хатты жолдадым жолдарменен,
Өмірімде дәл сендей дос көрмегем.

***

Миледи?
Тастап алып алғашқы ой қадамын,
Жылқы жалды-шашымды ұйпаладым.
Бұйраланып жерге түскен тұман сынды,
Жапырақсыз теректей жайқаламын.

Ең алғашқы өлеңнің өкіліндей,
Ең алғашқы әйелдің әтіріндей,
Ізгі ойларым бар еді саған айтар,
Маңдайымды сипайтын кекілімдей.

Есік алды... тастадым бөстек-ойды,
Кешетұғұн сезімді кешпей қойдым.
Діл ішінде бүрлейтін есімің ед,
Қас қылғанда есіме түспей қойды.

Іңір бағып кететін жанарымды,
Ой қуалап кететін табанымды,
бағындыра алмай ырқыма қиналамын,
көтере алмай түн басқан қабағымды.

Не айтырыңды білесің менсіз көпке,
Не айтарымды білемін сенсіз көпке,
Сөз соңына қойылғандай мінсіз нүкте,
Ұғысудың үлгісі – үнсіздікте.

мкр. ҚАЛҚАМАН

Олар...
Сауып ішіп арманын,
Жалғаннан үмітін үзбеген.
Олар...
Құлатпай қисайған қорғанын,
Ғұмыр сүріп келеді бізбенен!

Олар...
Жымыңдаған оттарды қызықтап,
Гүлдендіреді, көркейтеді Отанды!
Олар...
Кабактарда қызып қап,
Сөйлемейді бет алды.

Олар...
Ақынды да əкімді де білмейді,
Саясатың бір тиын!
Олар...
Жиі-жиі күлмейді,
Көшедегілер...
сұр киім...

Олар...
Тұрып келеді, сүріп келеді өмірін,
Бір аулада бір ауылдың баласы.
Тіпті бар ғой кірлетпеген көңілін,
Аузында бар Алласы мен тобасы.

Олар...
Кеше жұмысқа бармағандай
аялдамаға асығады,
Олар...
Түнде ештеңе болмағандай,
көлкілдеп іскен көздерін,
жастыққа тамған сөздерін,
Қоғамнан жасырады.

ЖАҢБЫРЛЫ ЖОЛ 

Мұнда,
Жаңбыр тамшылары жоғарыға сырғыған,
қозғалыстан бес-алты адам қалғыған.

Изеңдеген жас жігіт
дөкір әнге мас болған,
Өмір оты саулайды қара түнек аспаннан.

Ұйықтап отыр бір сұлу,
ләззат алып тамақтан,
бір қарт кісі әжімін уақытқа санатқан.

Арзан әтір исінен
қымбатшылық аңқыған,
Түнереңкі көкжиек, ирелеңдеген жол тұман.

Көк қанатты періште, жаңбыр болып төгілер,
сүт пісірім уақыттан соң Алматы да көрінер.

***

Біздің ғасыр – цитаталар ғасыры,
Бұл өзі ақымақтау асылы...
Үрпек басты ойларымды қайтейін,
Қою түнде келетұғын жасырын.

Ми ішінде сұрақ жатыр көпіріп,
Тіл сөйлейді мінберлерден лепіріп.
Жүрек отыр сыра ішінен сығалап,
Азған жұртқа ақыл айтпақ кекіріп.

Озған елде көш бастаған аталық,
(Енді, міне, қарын сипап жаталық)
Байтал шауып бәйге алған кезінде,
Өз түсімнен оянамын қақалып.

Ары-бері сабылысып...
Ой аққан...
Семіз сөзден сығып қалсаң май аққан.
Бір кекілік қонып апты шатырға,
Өзі сондай қорықпайды таяқтан.

Біздің ғасыр – көсем сөздер ғасыры,
Керенаулау митыңдайды ақырын...
Мына әлем ақиқатты күтіп жүр,
Өтіріктің жарып шығар жатырын.

Деген екен...

(Өткен шақ. Емханадағы естеліктерден...)

(бірінші өлең)

Дәрігердің айтуынша, өледі екем,
Емделмесем бір күні сөнеді екем.
Омыртқамды опырып обыр-ажал,
Адым санап маған қарай келеді екен.
Дәрігердің айтуынша, өледі екем...

Палшы айтты: «Өмір жолым ауыр» екен,
Бар сырқаттың бір себебі бауыр екен.
Емделмесем болмайды екен жөнделмесем,
Тыныш жерден тауып алып тәуір мекен.
Палшы айтты: «Өмір жолым ауыр» екен...

Емші айтты: «Бұл сырқат өтіп кеткен,
Шынын айтам сен өзі бекіп кеп пе ең?! –
Ажал сені торуылдар...»
«Шынымен бе-ей...»
«Енді ше! Өтірікті көкіт деп пе ең!»
Емші айтты: «Бұл сырқат өтіп кеткен...»

Досым айтты: «Мен өзі ауру» екем,
«Дәрігерге, дәріге зәру» екем.
Дұрыс жолы: «Жамандықтан тыйылып ап,–
Жақсылыққа өз-өзімді баулу» екен,
Досым айтты: «Мен өзі ауру» екем...

Шешем айтты: «Ештеңе болмайды» екен,
«Ана жақа мен әлі бармайды» екем.
«Ажалға ара тұрар анам барда,
Ол кеп мені оңайлықпен алмайды» екен!
Шешем айтты: «ештеңе де болмайды» екен...

Тағдырыма

(екінші өлең)

Алынбаған қай әкеңнiң құны бар,
Аласын ба, ал қазiрден алып ал.
Иiлмеймiн сынсам бiрден морт сынам,
Соғып-соғып отыңа да салып ал!

Келешектi ойласам тым бұлыңғыр,
Бiр-бiрiнен аумайтұғын мұңым-жыр.
Көз iлмеймiн түнiменен онсыз да,
Кiнәлайын сенi тағдыр бүгiн бiр.

Жан сырымды түсiнетiн досым жоқ,
Өксiп тұрмын, ағар тамшы жасым жоқ.
Иттей ашпын!
Нәр бермедiң бiр түйiр,
Өзгелерге үлестiрер асың көп!

Бұл сиыңнын терең екен түбi тым,
Ақ xалатты досым болды күнi-түн.
Кеудемдегi әлсiз ғана жарығым,
Желiң тұрса, қалтырайды үмiтiм.

Ата-анасы үмiт артқан ұл едiм,
Жол таппаймын, адастырды түнегiң.
Кезе-кезе тамұғыңды шаршадым,
Кез қыласын қашан маған КҮН ЕЛIН?!

20.10.2010ж

Тұрсынбек Башар

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3516