Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Күбіртке 6153 3 пікір 12 Тамыз, 2019 сағат 10:30

Қалу Тоқтаболатов: Ұлттық баспасөз индустриясының тағантасын бекемдейік!

Орыс тілді қазақ журналистикасында қазақ кітабының таралымы, жұртқа жетімі әм қазақ басылымы мен баспасөзінің жоғын жоқтап, бағын бағамдау жолында талмай ой толғап, өзекті проблемаларды 30 жылдан бері көтеріп жүрген оралдық баспагер-жорналшы Қалу Токтабулатов ағамыздың «Не нужен хайп через язык, а нужно строить индустрию национального печатного СЛОВА!» атты мақаласын Abai.kz ақпараттық порталының оқырмандарына аударып ұсынып отырмыз!

2019 жылдың 26 шілдесінде Өзбекстан тумасы Владислав Тен өзінің Караван газетіне берген «Хайп через язык» сұхбатында төмендегіндей көңілдің кірбіңін ашатын сауал қойып: «Неліктен адамдар жылдар бойы туған тілін үйрене алмай келеді? Бұл орайда оларды үйренуге құлықтары жоқ, деп кінәлап, жеңіл қамшылай салу оңайдың оңайы. Тіл үйренуді қолжетімді етіп, тиімді жағдай мен контентті қалыптастыру керек.  Ал, бұны қалай жасауға болады? Ол қара аспанды төндіріп, асанқайландыруды қажет етпейтін, қайта түп қиындығы жоқ, тіптен оп-оңай дүние: барша қызықты фильмдерді, мультфильмдер мен кітаптарды қазақ тіліне аударып, оларды орысша субтитрмен қамтамасыз ету қажет.  Егер тап осылай істей алмасақ, онда тілді дамыту туралы ауызды ауыртып сөз етудің не қажеті бар? Неліктен бүгінгі таңда адамдар ағылшын тілін еш қиындықсыз үйінде отырып-ақ үйрене алады? Себебі, барша интернет – контент осы тілді тамаша қырынан жұртқа ұсынып отыр.

Ұлтшыл патироттар, ауылдан қалаға келгендер кезінде бір ауыз орысша білмесе де, енді орысша сөйлеуден кез келген жанды жаңылдырады дегенді жиі сөз етеді. Өйткені, нағыз қазақтар көзін ашқаннан орыс тілді кино, ТV, радио т,б, бесігіне бөленіп өсті. Ал, керісінше, қызылордалық әм шымкенттік орыстар мен кәрістер бесігінен қазақ тілін құлағына сіңіргенімен неге әм неліктен қазақ тілділер қатарын толтырмауда!?...» деп өз пайымын алға тартады.

Ал, өзінің бір сұхбатында  «Ситуативный казахский» кітабының авторы Қанат Тасыбеков: «Қазір отбасы, ошақ қасылық белгілі бір тақырыпта ана тілінде сөйлей алатын орыс тілді қазақтар жетіп артылады, бірақ жұрт алдына суырылып шығып, талғамды ой айтуға әлі де қауқарсыз» дегенді орынды сөз етеді. Иә, бұл дегеніңіз – барша жіптің күрмеуі әлі күнге дейін қазақ тіліндегі әлемдік мәдени контенттің адалығына келіп тірелетін зор проблема. Бұның бәрі ұлттық авторлық, редакторлық әм аудармашылық мектептердің мүлдем жоқтығынан келіп шығады. Владислав Теннің бұл орайда ең бірінші аңғарған ілкі себебі  – посткеңестік кеңістіктегі орыс тілінің даусыз үстемдігі. Бұл орайда Қазақстан бәрінен көп зардап шекті… Қазақ даласы патша бодандығы құрсауына түскендердің ішіндегі  алғашқы да, соңғысы да еместін. Егемендіктің отыз жылы өтсе де, тілдік ахуал еш оңалмай келеді. Бәрінің кілтипаны неде?

Бұған жауапты индукция (ой салу, бағыттау – Ә.Ә.Ә.) әдісінен емес, қайта керсінше дедукция (бір немесе бірнеше басқа тұжырымдамалардан (шарттардан) бір тұжырымды (салдарды) дәлелдеп, шығару – Ә.Ә.Ә.) әдісінен іздеу керек. «Шын мәнісінде тоталитарлық КСРО құлағаннан кейін 1991-1992 жылдардан бастап біз жаңа егемен Қазақстанды өмірге әкелуде қандай қадамдар жасадық?» деген сауалды төтесінен қоюымыз керек.

Бұнымыз демократия мен нарық па, әлде авторитаризм мен олигархтық кландық экономика ма? Әлбетте коммунистік мемжоспардан бірден зыр етіп бәсекелестік нарығы мен демократияға желе жортып өте алмайсың. Орта тап пен азаматтық қоғамның тірегі болып табылатын шағын және орта бизнес билік тізгіні қолына тигендер тарапынан көзге ілінбейтін авторитарлық режимнің тірегі болып табылатын кландық-олигархтық әм квазимемлекеттік құрылымдардың дәурені жүргенін бастан өткеруіміз керек. Сөз жүзінде осының бәрін мыжғылап, жартыкеш шаралары негізінде өзінің несиелік займдарымен шағын бизнестің көсегесін көгертуші иманжүзді «Даму» мен «Бәйтеректі» көкке көтере дәріптеп, жыртқыш та, өсімқор банкі бизнесінің қанатын қиғылаймыз.

Кез келген экономиканың шын мәнісінде қанатын кеңге жайып өркендеуі үшін тек қана ақша емес... Білім де керек. Технология да қажет. Әм ең бастысы әлдебір ең маңызды дүниені өндіріп шығару.  Шын мәнісінде бұның бәрі де Қазақстанда бар. Тек бір ғана нәрсе жоқ, ол – экономикалық саясаттағы тұрақтылық. Премьер-министрдің, экономика министрінің, қаржы немесе Ұлттық Банктің басшысының әрбір жаңа тағайындалуы экономикалық курстың өзгеруіне әкеп соғады. Ойын ережесі, салық ставкасы, экспорттық тауар ережесі, жекешелендіру, орта және жоғарғы білім беруді қаржыландыру көлемі өзгеріске ұшырайды.

Әрбір жаңа тағайындалушы «экономиканы жоқтан бар жасап, ұршықтай шыр айналдыруға мәжбүрмін» деп мұңын шағып, зарлап шыға келеді. Осы бағытта өзінің келесі мұрагерінің өмірін қиямет қайымға айналдыратын жаңа құжаттарды жазады. Кейін осы бір дана жазбалар жұрттың бәрінің есіне шығып тарс ұмытылады. 26.07.2019 жылғы «Караванда»: «Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барша мембағдарламаларға тексеру жасауды талап етті» - деп жазады Адил Урманов.

Ал, кәне, біздің еліміздің азаматтарының жадысын жадылаудың, санасын шала жансыздандырудың ең мықты қаруы – идеологияның тізгіні қолдарында болған әм болып келе жатқан ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің соңғы төрт басшысының тағдырын саралап көрейік. Ең әуелі әп-бісіміләні тұңғыш ақпарат және мәдениет министрі болған бүгінгі сенатор Қуаныш Сұлтановтан бастайық. Қазақстан Компартиясының цензура бөлімінің шекпенінен шыққан жан министрлік тағына отырған кезінде мемлекеттік БАҚ үшін ҚҚС жойып, ал, енді-енді қаз тұрып, буынын бекемдеп келе жатқан жекеменшік теле-радио, газет, кітап баспалары, кітап сатушы кәсіпорындарға қосымша құн салығын (ҚҚС) енгізуімен есте қалды.

Одан кейінгі ақпарат және қоғамдық дамудың екінші министрі МГУ журфагінің түлегі марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы болды. Ақпарат министрінің орынтағында болған 10 жылда ол не істеді? Оның басты еңбегі тұңғыш президент алдында асқан мінтаздықпен бұрын Кажыгелдиннің үкіметіне бағынышты болған барша мемлекеттік БАҚ президент аппаратына бағынышты етуі болды. Одан кейін бүкіл Қазақстан бойынша  1560 кітап дүкендері болған «Қазақкітапты» жекешелендіріп, осы мемконцерннің басы-қасында жүргендер оны талан-таражға ұшыратты. Яғни, қаламын азық еткен жазбагер бауырларды кітап нарығынан, бірыңғай кітап саудасы алаңынан, 18 млн. жұрттан түсетін микро инвестицияланудан,  қаламгерлердің қаламақылық бұлақ көздерінен әм медицинаны, ғылыми-техникалық әдебиетті, халықшаруашылығының барша салаларын қамтитын жаңа баспаларды бастапқы капиталынан бөліп тастады. Ендігі жерде белгілі бір мамандық бойынша кітап жазуға ынта танытқан автор немесе қосар авторлар тобы екі текше метрлік тасқа басылған сөзі бар кесілген қағазға иелік етеді. Ал, ары қарай не істеуі керек? Кітапты тек қана редакциялап, жарыққа шығарып қана қою аздық етеді, оны сонымен бірге жарнамалап, бүкіл еліміз бойынша таратып, сату арқылы жұмсаған ақшаны қайтарып алу керек. Бұл өте ауқымды жұмыс, қарапайым жазбагер жан жалғыз өзі ешқашан жеке шауып ешнәрсе тындыра алмайды.  Қаламгердің өмірге келуінде жазатын адамға қарағанда баспа зор рөл атқарады. Дегенмен, стартап – баспа пайда болуы үшін елімізде кітап таратудың инфрақұрылымы дамуы қажет. Осы орайда Пушкиннің: «шабыт – сатылмайды, бірақ, қолжазбаны – сатуға болады» деген қанатты сөзін еске түсіргеніміз орынды. Оның осы қанатты сөзін не кітапханашымен, не баспагермен әңгімелесу үстінде емес, есімі үлкен әріппен жазылатын кітап сатушымен сұхбаттасу барысында өмірге әкелді. Өйткені, Пушкиннің кезінде теміржол қауырт дамып, қалаларда, оның үстіне теміржол  вокзалдарында кітап дүңгіршектері мен дүкендері пайда бола бастады. Орыс әдеби тілін өмірге әкелуде жалғыз Пушкин ғана емес, сол кезде өмірге келіп үлгерген бүкіл әдеби өнеркәсіп жұмыла ат салсысқанына келісетін шығарсыздар.

Ақпарат пен мәдениеттің үшінші министрі болған Мұхтар Құлмұхаммед, қолындағы билік тетігін пайдалана отырып, орасан зор мемтапсырыс пен тендерлерді «Атамұра» газетін шығаратын өзінің шағын жеке кеңесесіне тоғыстырып, облыс орталықтарындағы кітап саудасына мүлдем келмейтін ғимараттарды, Алматы ортасындағы автокомбинатты, баспаны, офисті сатып алып,  тендерлерге 80 жылдық тарихы бар «Қайнар», «Білім», «Ғылым», «Жазушы», «Қазақстан», «Өнер», «Мектеп» және т.б. қатыстырып жарылқап тастады. Атамұра колледж бен ЖОО оқулықтарын шетқақпай етіп, кітап нарығындағы ең ақшалы мектеп оқулықтарын сауын сиыр ете білді. Онда тұрған не бар! Осы бір тар ауқымды мамандықтар бойынша авторлық, редакторлық және аудармашылар мектебін ұстап тұру үшін ешқандай мемтендердің ақшасы жетпейді.

Билік тізгінін ұстағандар әсіресе  мемтапсырыс пен тендерлерге тәуелді емес баспасөзден қатты сескенеді. Осылайша бәсекеге қабілетті баспагерлік нарық Қазақстанда қалыптасқан жоқ. Мемтапсырыс пен тендерлер арқылы бюджеттік қаржыландыру  негізінен мектеп оқулықтары мен балалар әдебиетін басып шығару сыбайлас жемқорлықпен былыққан екі-үш олигархтық кітап баспасынан аспайды. Бір ғана маңдайынан жел ескен баспалардан шығатын кітап өнімдерін жыл сайын Нұр-Сұлтан (тұпнұсқада – Астана) мен Алматыдағы кітап жәрмеңкелерінен ұшыратамыз. Елбасымыздың өзі «Неліктен жыл сайын мемтапсырыс пен тендерлерді белгілі бір баспалар ғана ұтып алып отрады?» деп мұңын шаққан болатын.

Дегенмен біз бәсекелестіктің алға басу кепілі екенін жақсы білеміз. Францияның 60 млн. тұрғынына  30 мың баспа фирмасынан келеді. Олар елдің 10-15 мың тұрғынына бір кітап дүкенінен келетін жағдайдағы кітап нарығында өз нәпақаларын табуда. 140 млн. тұрғыны бар  Ресейде 5,5 мың баспа бар. Олардың көпшілігі 90-шы жылдары әсіресе, президент Ельцин өз жарлығымен кітапқа салынатын ҚҚС нөлдендірген 1996-2002 жж. аралығында өмірге келді. Ресейде жыл сайын басым көпшілігі аударма болып табылатын  120-125 мың аталыммен кітап шығады. Яғни, авторлық, редакторлық және аударма мектептерді арнайы маманданған баспалар асырап-сақтап отыр. 1989 жылғы КСРО салыстыратын болсақ,  бүкіл Кеңес Одағы бойынша 260 баспаның күшімен бар-жоғы 80 мың аталыммен кітап жарық көретін еді. Кез келген ұлттық нарықтағы кітап саласының болашағы  жеке бастамамен байланысты. Кеңестік Қазақстандағы Баспасөздің бәсі жүріп тұрған шақта әр азамат коммунистік идеология аясында әм мақсаты орайында мемлекеттік жоспарлау есебінен жазып әм оқи алатын. Бұдан не оңға не солға бұлғақтаушылар халық жауы деп табылатын. Қанша айтқанмен егемен елімізде өзін-өзі ақтайтын жеке баспагерлік қаракет атымен жоқ: барша сала мемлекетке бағынып, мемтапсырыс пен тендерлерден нан жеп жүр. Яғни, тіке цензура жоқ болса да, телілік танытушыларға арналған әкімшілік әм экономикалық ноқта тетіктер бар. Баспа, экран әм эфирлік СӨЗдің көзбояушылық нарығы (Квази-рынок) монархизм немесе қуыршақ хандық (марионеточного ханства) идеологияның ығына жығылған. Міне, осыдан келіп түптің түбінде елімізді жарым-жартылай өз тәуелсіздігінен айыруға әкеп соғатын еуразиялық одақ, кедендік одақ туындауда. Қазіргі таңда аузымен құс тістеген, бөркімен көк тіреген белді тұқым өз әулеттік билігін жалғастыру үшін кезінде кіші жүздің ханы Әбілхайыр арман еткеніндей, Кремль қолтығына тығылуда. Алашты сүю мен ақшаны сүюдің басы үнемі бір қазанға сыя бермейді. Бәлкім мемкапиталистеріміз бен олардың жандайшап нөкерлерінің әлпетіндегі  «квазилік» бетперде сырылып түссе де, үкімет алдында еш қысылмай, өздерін жайындағы баламсыздық тезисін тықпалаумен келеді. Қанша жерден сізге біздің сауалымыз ұнамасын, еліміздің іргесін басқаша бекемдеп, уығын өзгеше шаншудың бұдан өзге амалы жоқ. Дегенмен көптеген бағыттар бойынша жеке бизнес тек қана баламасыз жобалар ұсынып қана қоймайды, сонымен бірге бюджеттен бір тиын шығармай, өз жеке қаржысы мен несиеге алған ақшасын салуға да ынталы екендіктерін аңғартады. Ол үшін салық заңнамасының концептісін ауыстырып,  инвестициялық қолайлы ахуал түзегіміз ләзім.

Еліміздің жаңа президенті мен Алаштың жаңа үкіметі кітап саласын нарыққа кіргізу үшін бәрін керсінше жасауға тиіс. Ол үшін кітапқа салынатын ҚҚС жойып, баспа өнімінің тасымалының пошталық тарифін төмендетіп, кітап дүкендерін мәдениет, білім және ғылым ошағымен теңестіріп, жалға алатын ғимараттарына жартылай жеңілдіктер жасауды жолға қоюы қажет. Тап осы жағдайда ғана медицина, ғылыми – техника, бизнес – әдебиет бойынша авторлық, редакторлық және аударма мектептерге нәпақа тапқызатын түрлі баспагерлік стартаптар пайда болып, мемлекеттік тіліміз әлемдік мәдени контенттермен толығып, мазмұндық мәніспен байығатын болады. Тек осы жағдайда ғана қазақ тілі ел азаматтары үшін сұранысқа басы бүтін ие болады. Ең бастысы тап осы текетіресте жылдамдығы мен мазмұндылығы жағынан қазақ баспасөзі орыс тілінен жеңіліп, көлеңкесінде қалмауы керек. Ал, бұл үшін желсөзді үштілділікті қалқан етпей, қайта кітап таратудың инфрақұрлымын дамытып,  баспагерлік стартаптарға арналған микроинвестициялық жиынтық бұлақ көздерін бір жайылы ете білу керек. Бірінші кезекте еліміздің 160 аудан орталықтарында, Хромтау, Кентау, Ақсай, Жанаөзен  секілді 24 моноқаларында кітап дүкендерін ашу қажет. Облыс орталықтарында клиент – сатып алушылар әлдебір инфрақұрылымдық шектеушілкті сезібейтін 10-15 мың тұрғынға арналып есептелген 1 кітап дүендері ашылса талай жыртығымыз жамалар еді-ау! Бұл дегеніңіз – түптеп келгенде үгіт-насихаттың дігідігінен, әулеттік билеп-төсеушілердің монологынан, Қазақстан Халықтары Ассамблеясының сырнайлатып-кернейлетуінен, аяр үштілділік зәһарынан  тұрмайтын таза қанды «Нұр жол» мен «Рухани жаңғырудың» табиғи будандасуы.  Міне, сол кезде ғана кітап мәдениеті қазақ тілінде өнердегі, ғылымдағы, өндіріс, білім берудегі барша аралас-құраластықтың діңіне айналады!

 

Калу Токтабулатов. Бывший книгопродавец.

Г. Уральск. 07.08.2019г

Түйін. Бір жаман жері орыс тілді қандастарымыздың басқа тілде жазсса да, Алаш тарихын, мәдениетін, ділі мен дәстүрін әспеттеп жүргенін көп жағдайда аңғармаймыз. Қиялға алапат ерік беретін: белгілі бір ұлттық тілдің аясында тұйықталуға бейімдеу әдебиеттей емес, тарих пен мәдениет, діл мен дәстүр адами нақтылық пен пендеуи ой ашықтығын керек етіп, қай тілде жазылмасын, жүрегі ақ, көңілі жайдарман адамзат үшін ден қоятын рухани кәусар бола алады.

Қалу аға көтеріп отырған мәселелер шын шешімін тапса, туған тіліміз өнерде, ғылымда, өндірісте, білім беруде еліміздегі барша ұлттың басын қосатын темірқазыққа, асыл арнаға айналар еді-ау!

Әбіл-Серік Әліәкбар

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3516