Сенбі, 20 Сәуір 2024
2943 0 пікір 1 Тамыз, 2019 сағат 12:05

Билік Арыстағы мыңдаған үйдің "жөнделгенін" хабарлады

Қазақстанның индустрия мен инфрақұрылымдық даму министрлігі әскери қойма жарылған соң қираған Арыс қаласындағы 5 776 үйдің "негізгі қалыпқа келтіру жұмыстары" аяқталғанын хабарлады.

Министрліктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, "қалыпқа келтірілген үйлердің" 2 529-ында жеңіл жөндеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Ведомство хабарынша, көпқабатты 21 үйді дайын толық жөнделген. Министрлік үйлерді қалыпқа келтіруге қанша қаржы кеткенін көрсетпеген.

24 маусымда Түркістан облысындағы Арыс қаласында болған жаралыс кезінде үйлердің 85 пайызы зақымданып, 20-дан аса үй өртеніп кеткен. Қазақстан үкіметі бюджет пен демеушілер, қазақстандықтар қаржысы жиналған арнаулы қор есебінен үйлерді жөндеп беруге уәде еткен.​

Үйі бұзылған тұрғындардың кейбірі "құрылыс дұрыс жүрмей жатыр"десе, жергілікті әкімдік "әрбір үйдің құрылысын жеке бақылап отырғанын" айтып, тұрғындар сөзін жоққа шығарған.

Ресми дерек бойынша, Арыстағы апат кезінде үш адам қаза тапқан. Оның екеуі - әскери қызметкер, біреуі - бейбіт тұрғын. Билік әуелде Арыста бірнеше күнге созылатын төтенше жағдай жариялаған еді. Алайда 27 маусымда Шымкентте шеруге шыққан жүздеген арыстық соңғы он жыл ішінде төртінші рет жарылыс болған Арыс қаласына бармайтынын айтып, биліктен өздерін басқа жаққа көшіруді талап еткен.

28 маусымда билік Шымкент пен көрші елдімекендерді уақытша паналаған арыстықтардың үйлеріне оралуына рұқсат беруге мәжбүр болды.

Abai.kz

0 пікір