Сәрсенбі, 1 Желтоқсан 2021
46 - сөз 3183 4 пікір 1 Тамыз, 2019 сағат 11:54

Цензурадан өткен Алашшыл шығарма

Мақардың түсі
Әлихан Бөкейханұлының Владимир Короленкодан тәржімалаған «Мақардың түсі» атты аудармасы бар. Керемет туынды! Шығарманың басы өзінің ата - салтынан, тілінен ажырап қалған Мақар атты мұжықтың қилы өмірін суреттеуден басталады. «Құдай-ау, осындай өмір бола ма екен?» - деп мас болған күйінде жылайтын Мақардың отырып-тұрса ойлайтыны дөңгелек нан мен кірпіш шай ғана. Күйбең тірліктен шаршағанда, елден безіп, тауға кетіп қаламын деп те ойлайды. Қу тірлігіне жұбаныш болған жалғыз-ақ нәрсесі – арақ. «Ішіп алып, ештеңе ойламай, мас болғанға не жетсін» - дейді.

Сөйткен Мақар күндердің күні құдайдың астарлы бейнесі Нойонның (құдайдың) алдына барып күнәларына жауап береді. Сол уақытта жақсылығы таразының шырқау биігіне дейін көтеріліп, айыбы шыңырауға түскен Мақар о дүниедегі күнәһарлардың төресіне айналады. Тек, ақталуға сөз бергенде, жалғыз баласынан айрылып, күйіктен араққа бас ұрған бейшара Мақардың өмірде көрген қиыншылығы мен ойына келгенін істейтін әділетсіз биліктің зымиян саясаты, қарапайым халыққа көрсеткен зәбірі айтылған кезде, бағанағы Мақардың күнәсі дәнектей болмай қалады. Жалғыз ұлының не өлі, не тірі екенін білмей ішқұса болған қапалы әкенің, старшын мен ояздан қорлық көрген сорлы Мақардың жан айқайы Нойонның өзін жылатады.

Бұл жас жарлы-жақыбайлардың жан жарасын жеткізген екі жазушының да билікке қарата айтқан назы еді. В.Короленко қарапайым шаруалардың қилы тағдырын баяндау арқылы патша билігінің әділетсіздігін айтса, Ә.Бөкейханұлы аталмыш аударма арқылы қазақ даласында әділетсіз билік кесірінен зардап шеккен қарапайым халықтың мұң-зарын сөз қылады. Еш жерден әділет таппаған бейшара Мақарға Нойон құдайдың «Тоқта, бараксан!(бейшара) Сен жерде емессің... Мұнда, саған да әділдік табылады...» - деген сөздері арқылы екі автор да «қарапайым халық әділетін өлгенде ғана табар ма екен?» деген сауалдарын тастайды.

Шығарманың көркемдік ерекшелігі – кейіпкерлері айрықша, әсіресе жағымды бейнесі жоқ. Себебі, бас кейіпкер Мақар ауылда арақтан бас алмаған бейшара шаруа. Оның сөзінде де, ісінде де мәдениеттің, өнегенің ұшқыны жоқ. Бірақ, сол дарақылық пен әдепсіздікке Мақарды айыптай аламыз ба? Шығармадағы Мақардың «Мен кінәлімін бе? Туғанымнан бір адамнан «Мақаржан» деген бір ауыз жылы сөз естіп көргем жоқ. Тәлім-тәрбие беретін ұстаздың да алдын көрмедім. Бар көргенім азапты қара жұмыс пен ояз, старшындардың дөрекі бұйрықтары ғана» - деген сөздері оқырманды біраз ойға қалдырары анық. Расымен де, қара жұмыс пен дөрекіліктен басқа түк көрмеген адам қайтіп мәдениетті болмақ, хат танымайтын сауатсыз адам қайтіп білімге ұмтылмақ, адам болып тірлік қылайын деп, адал еңбекпен тірлік қылған күннің өзінде бай-манаптар келіп, қанап, жалғыз ұлын билік соғысқа алып кетіп, өзін қара жұмысқа жексе, адам азбағанда қайтпек? Мақардың сөзі қиянаттан зар жұтқан халықтың жан жарасын оқырманға керемет жеткізеді. Жексұрын адам болып тумайды, қоғам адамды жексұрын қылады екен. Бұған Мақардың тағдыры дәлел. «Мен бала кезімде осындай арақтан бас алмайтын бейшара боламын деп ойлап па едім?» - деп зар жылаған Мақардың сөзі ащы да болса шындық. Кейде, қарапайым жұрттың қарабайырлығын мінейтін қоғам өкілдері болады. Алайда, түптеп келгенде адам баласының бар тағдырын жасап шығаратын сол қоғамның өзі емес пе? Әйтпегенде, туғанынан тамағы тоқ, көйлегі көк, білімі жетік, тәрбиесі толық болса, қоғамдағы Мақарлар осындай болар ма еді деген сауал туындайды. Жүрек түкпірінде сақталған үміт отын қайта маздататын бұл шығармаға жазылған талдау мақаламыздың толық нұсқасы «Жас Алаш» газетінің 22 мамырдағы 39-санында толық жарияланған.

«Мақардың түсі» атты аударманың тағы бір ерекшелігі, шығармада Сібірге айдалған саяси қуғындағы кейіпкерлердің де қиын, ауыр жағдайда өмір сүріп жатқаны баяндалады. Бірі төсекте жатса, енді бірі қозғалмастан отқа қарап отырған көңілсіз үйдегі бөтен адамдарды өмірдің қай құйыны қауырсындай ұшырып, осы қиыр шетке әкелгені Мақарға қызықсыз. Алайда, оқырман үшін жай ғана қызықты емес, маңызды. Себебі, Сібір өзінің мұз құшағында талай арыстарды, жазушылар мен саяси қайраткерлерді бауырына басқан еді.

Қарлығаш Әубәкірованың facebook парақшасынан

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар