Сенбі, 20 Сәуір 2024
46 - сөз 3467 4 пікір 1 Тамыз, 2019 сағат 11:44

Сұрақсыз сұхбат

Ванкувер олимпиадасында әлемдік хоккейдегі үздік қақпашы Владислав Третьякпен бірнеше рет жүздестік. Арнайы әңгімеге уақыт тарлық етті. Саңлақ спортшының өзгелерге шерткен сырынан есте сақталған үзік-үзік ойларды кейде еске түсіреміз...

Владислав Третьяк Ресей құрамасының бас бапкері Вячеслав Быковты ерекше құрметтейді екен. Чехиямен өтетін ойын алдында командалар жаттығатын бөлме маңында кешегі Кеңес құрамасының қақпашысымен қол алыстық. Әлде бізге, әлде өз отандастарына айтылған пікірі ме, салған жерден Быковты мақтай жөнелді.
- Біздің хоккейде не тарландар еңбек етті. Кешегі Анатолий Тарасов, одан кейінгі Виктор Тихонов, бүгінгі Вячеслав Быков. Үшеуі де керемет бапкерлер. Тарасов пен Тихонов Канаданы бірнеше рет жамбасқа салды. Енді Быковтың заманы туды. Осы олимпиада оның біліктілігін шыңдай түседі. Ол мықты тактик. Және жігіттермен тіл табыса алады. Біздің кезімізде бәрі басқаша еді. Қазір кілең ауқаттылармен, демек байлармен жұмыс істеуге тура келеді. Біздер кедей болдық. Шет елге шыға қалсаң дүкен аралығың келеді. Бірақ ойлары бөлінеді дей ме, әлде саясаттың әсері шығар тиесілі ақшаңды да жарыс аяқталған сәтте қолыңа ұстатады. Базар аралап үлгермейсің де. Тұңғыш рет шекара асқаным да әлі есімде. Швецияда жүрміз. Үлкендер қонақ үй алдындағы дүкенге бастады. «Тарасов көріп қалатын болды», - деп тайсақтай бердім, бірақ қасымдағылар бапкердің ұйқыға кеткенін көріпті. Сосын соңдарынан ердім, енді есіктен енгенімде бас бапкерді көзім шалды. Қатқан қазықтай қаттым да қалдым. Өзімше жасырынған түрім. Спорт киімдері ілінген тұста бой тасалап тұрмын. Сатушы Тарасовты таниды екен. 200 крондық затты екі есе арзан беретінін айтты. Дауыстары естіліп тұр. Мен жасырынған киімге де сұраныс болса керек, келесі сәтте Тарасовпен бетпе-бет қалдық. Ұрысқан жоқ, не аласың деп сұрады. Сасқанымнан қолға түскен шлемді ұстата бердім, ерекше бір маскасы бар екен, бет әлпетке қалқан болатын. «Ұста да ала бер, дүкеннің саған әзірлеген сыйлығы», - деді Тарасов. Алдым да шықтым, соны біраз киіп жүрдім. Тілшілерге не дауа, «Третьяк сиқырлы маска алыпты», - деп жазды. Өзінше бір сән үлгісін таңдаған деді ме, біраз жыр болды. Тарасовтан сөз естімеу үшін ала салғанымды кім біліп жатыр.

Бірінші кезеңнен кейін кофе ішуге бұрылдық. Орыс хоккейінің азуын айға білеген саңлақтары Третьяктың айналасында топтасыпты. Құлақты түре қалдық.
- Немерем Максим хоккейге жазылғанда ақылымды айттым. Атасының жолын қуса қайтеді. Қаперіне алған жоқ. Шабуылшы боламын деді. Еркің білсен дегеннен аспадым. Сосын әңгіме сұрады. Канада хоккейі туралы. Мақсимжан былай дедім, Канаданың шабуылшылары өз тістерін ойын алдында алып, тартпаға салып қояды. Матч аяқталған соң қайта ауыздарына орнатады. Күндердің күнінде саған да тіс сақтайтын құты керек болады. Сол сәтте құты қашып кеткені. «Сенің тісің бүтін ғой», - дейді. Енді мен қақпашымын деп қарқ-қарқ күлдім. «Құрысын, - деп күрсінеді немерем, - шабуылшы болмаймын, мен үшін маңыздысы тіс. Қалғанын көре жатармыз, қақпа күзетемін». Кезінде мен форма үшін қақпашы болып едім, Максим тісін сақтап қалу үшін атасының жолын жалғастырмақ. Бәріміз де бала болдық. Ағам екеуміз спорттың әр түріне шабуыл жасап көрдік. Шешем допты хоккей ойнаған, кейін дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болды. Әкей – әскери адам. Сұсы қатты ма, әлде бізді еркелетпей ме, керемет қорқушы едік, ағам екеумізді жұмысқа салды. Ертеден салды. Біз Мәскеу түбінде тұрдық. Бақша егесің, отын бұтайсың, қысы тіпті қатал. Әкені түсінбеппіз ғой. Қазір қадірін ұқтық. Тіпті алтыннан белгі қойғым келеді. Бірақ одан не пайда. Ең бастысы жүрегімде. Бетімнен иіскегені есімде жоқ. Хоккей үйірмесіне жүрген кезімде айтқаны: «Таяқ ұстап жүгіргенің көше сыпырушыға көбірек келеді, қайта олардан пайда көп, сенікі не ермек». Керемет хоккейші болу ойда жоқ. Ауылдың екі-үш баласы әдемі форма киіп келіпті. Соларға қызықтым. Шешем іріктеуге алып барды. Төрт жүз баладан төртеуміз іліктік. Конькиді артқа жүргізіп көрдік. Талабы сол болды. Бірден форма бермейді екен. Кілең шабуылшы мен қорғаушылармыз. Қақпа күзететін ешкім табылмады. Сосын бапкерге бардым да айттым, «егер арнайы киім берілсе мені қақпаға қойыңыз», - деп. Солай кеттік. Резеңке шайба тиген жерін ойып түсе жаздайды. Қай бір жібі түзу жабдық бар. Тарасов назар аударған соң көз ашылды ғой. Онда да маманның ықыласы ауды. Ол заманда осы Канаданың кеудесіне нан піседі. Шекеден қараушы еді. Кеңес Одағы өз алдына, тіпті Еуропада жібі түзу қақпашы жоқ деп санайтын. Мысын басуға тура келді. Тарасов сөздері мірдің оғындай. Санаға сақ ете қалады. Ақылын тыңдаған соң да адам болып кеттік. Ұстаз біткенде ұлағат болады. Оны мойындамау ертеңіңе тұсау. Бүгінгі буын осыны білмейді. Тап бір Третьяк Третьяк бола салғандай сезінеді. Сіздер де білесіздер ғой. Егер Тарасов пен Тихоновтың темірдей тәртібі мен қатал талабы тәрк етілгенде Кеңес хоккейі ұшпаққа шықпайтын еді. Үзіліс аяқталды білем, орнымызға жайғасайық.
Ресей – Чехия кездесуіне кеңінен тоқталу ойда жоқ. Екінші кезеңнен кейін даңқты қақпашы кофе ішуге құлық танытар ма екен деген күдік қармады. Ол тура жарты сағаттан кейін сейілді. Третьяк сирена естілген шақта есікке қарай жүрді.
- Заманына қарай адамы дегенді іштей құптаймын. Бұрынғы Чехияның тегеуріні кісі шыдатпайтын. Қазір Яромир Ягрдан өзгелері тым қарабайыр ойнайды. Лаланың дәурені жүрген кез естеріңізде шығар. Свозил, Дворжак. Сосын әлгі Скухрава. Кокраментті де туғызды ғой Чехословакия. Ресейдің ойын өрнегі де өзгерген. Фетисов пен Леша Касатоновты былай қойғанда Стельнов пен Стариков жұбы менің маңыме ешкімді жолатпайтын. Шабуыл шебінде жүретіндер қандай еді. Өзі азулы үштіктерге сенім артылушы еді. Анау Харламов – Михайлов – Петровтардан жүк қалмайтын. Ларионов – Крутов – Макаровтың да таяқтарынан гол саулаған кезеңді білеміз. Кейде барлық пен тоқшылықтың да тоқырауға алып баратын кезі болады. Сондай заманға тап болмасақ жарады. Ойынды зерделеуге зауқым жоқ. Қайта бұрынғы кезде еске алған сайын жаным жадырайды. Өзімнің өмірім. Өмір дегенде сол мұз бен шайбаға байланған тағдыр екен ғой. Қазір кісі болып жүрміз. Сіздерге сырымды ашайын ба. Біздің буын әкелер ақылымен ер жетті, әкелер тапсырмасын орындауға барын салды. Оларды асқар тау көрдік, шыны сол, біз әкеден қорықтық. Сыйладық дейсіздер ғой. Олар сұсты еді, олар қатал болды. Сабағаны онша есімде қалмапты, бірақ әкейдің алдын кесіп өтуге батылымыз бармайтын. Сол жіп үзіліп қалды. Енді қайтып жалғана ма. Мәселе осында.

Таудай Третьяк Ресей – Чехия матчының үшінші кезеңіне беттеп бара жатты. «Ол жалған сөйледі», - дейтін жан пендесі қасымыздан табылмады. Әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, «Даңқ» тақтасына есімін тасқа қашатқан жалғыз қақпашы кеше мен ертеңді жарыстырып, тағы бір ойынды көріп отырды...

Амангелді Сейітханның facebook парақшасынан

Abai.kz

4 пікір