Жұма, 29 Наурыз 2024
Әдебиет 8583 3 пікір 1 Тамыз, 2019 сағат 10:49

Кредиттен тірілген жігіт (Әңгіме)

(қазіргі әңгіме)

Бердібек бүгін таң алдында ғажап түс көрді.

Өздері көшіп келген Қарқара тауының ең биік шыңында әкесі екеуі атқа мініп тұр екен, дейді. Қастарында Жақсылықтың Мұхиты ма, әлде Әбудің Тілеуханы ма, біреу бар. Осы биіктен бүкіл ел алақандағыдай көрінеді.

Адамдардың бәрі құмырысқаға ұқсайды. Түгел ін қазып жер астына кіреді де, түгел топырақ тасып жер астынан шыққандай құжынап  жүр. Біраз топтары қара қоңыз тәрізді. Қоңыздар болса тауға тынымсыз өрмелеуде. Алдарында бір-бір қойдың құмалағы...

Бір кезде әкесі үшеуі аттарымен сатырлатып тіке төмен түсіп келе жатты, жалама жартастың бетінде ат тұяғынан от шашырайды. Кенет әкесінің астындағы аты тайып, ұмар-жұмар төмен қарай зулап көзден таса болды... Қасындағы екеуі «өлген шығар» деп, тау етегіне асығып түссе әкесі де, ат та түк етпепті. Бірақ, ол кісі тіл қатпастан атын қалдырып, өзі жаяу тауға өрмелеп кетті. Бердібек атпен қанша қуса да әкесі жеткізбеді...

Табақтағы сұйық  көженің бетіне үңілген сайын жап-жаңағы түс көз алдына елестей береді. Іштей жорыды: «әкем өлетін шығар...» Бердібек екі жылдан бері Астанадағы жаңа салынып жатқан  құрылыста дәнекерші болып істейтін. Өзіндей үш-төрт жігітпен бірге пәтер жалдап қала шетінде тұрады. Жұмыс үстінде де әлгі көрген түсі көз алдынан кетпеді. Құрлыстың он екінші қабатында арматыр темірді дәнекерлей жүріп, оңтүстікке созылып жатқан Арқаның сар даласына көз салып қояды. Көкжиекке сіңіп жатқан жолдағы шұбырған мәшинелер түндегі түсіндегі құмырысқаға ұқсайды...

Ауылы да сол бағытта ғой, жұпыны ауылда тұратын әке, шешесі де есіне түсіп, балалық сағынышын қоздырғандай, бір сәт  сонау алаңсыз күндерін аңсады... Саусақтай темірді дәнекерлеп болып, шегіне бергені сол еді, аяғы ештеңеге тірелмей бос кеңістікке  құлап бара жатқанын аңдап, жаңа ғана өзі тұрған ағаш еденнің қайда ұшып жоғалғанына таңданып қалды. Шынымен құлап кеткені ме?  Басы төмен қараған қалпы, әп-сәтте құлдилап кетті, үрейден таңдану басым, «осылайша өлгенім бе?»  Дәнекерлеуші балғаның әлі қолында екенін білді. Оның тоқ жүгіретін бауы соншама ұзын еді, өзімен бірге сол бау әлі шұбатылып, ысылдап келеді. Бір мезетте, тоқтың бауы қатты тартылып, денесі теңселіп барып, тор темірлерге соғылғанда дәнекер балға шатырлап, найзағай ойнап, бүкіл тәнін өрт шалып, денесінен есі де, жаны да қатар шығып бара жатты...

Бердібек өлгенін білді. Өз денесінің көкала боп тоққа пісіп қалғанын да өзі көріп тұр. Құрылыс басындағылар шуласып жүріп, қабырғаға жабысып қалған Бердібектің денесін кранмен әзер түсіріп алды. «Жедел жәрдем» де қиқулап келіп күтіп тұр екен, мұртты дәргер тексеріп көрді де «өкінішті, бұл азаматқа біз енді ештеңе де істей алмаймыз!» деді.

«Сейтхан шалдың жалғыз ұлы құрылыстан құлап өліпті»   деген суық хабар Қарқаралының Дарқан ауылына оның мүрдесінен бұрын жетіпті. Өлі денесін кескілетіп шалды екі өлтірмейік деп, бірге жүрген жолдастары ақша жинастырып беріп,  мүрдені мәйтханаға жібермей алып қалды.

Кешкерек өлікті әкелген кезде ауылға туған-туысқандары түгел жиналып қойған екен. Еңселі там үйдің алдына киіз үй де тігіліпті. Бердібектің денесін оң жаққа әкеліп салғанда жақындарының көріс-жоқтауынан ауылдың аза бойы қаза болды. Анасы Ақлиманың жоқтауы жиналған қауымның құлағына тұнып қалды: «Жиырма бес мүшеліңде опат болдың; алпысқа келген атаң қубас боп, ақбасты анаң аңырап жалғыз қалды; құда түскен қалыңдығың, ақ босаға аттамай адыра қалды; атаң аян көріп ед он күн бұрын, құлыным таудан құлады деп; ажалды маған жіберіп, ұлымды аман қалдыр деп, Құдайға жылап жалбарынып ед; Тұяқсыз қалған қубастың соры неткен қалың ед...»

Зарлы сөз елдің көзінен жас ағызды... Бердібек осыны түгел естіп жатты. Бірақ, осы айтылғандар оған еш өкініш емес сияқты. Өткінші дүниедегінің өліге пайдасы жоқ екенін бастан кешіп жатыр. Ата-анасының сонша қайғырғаны да жанын жайландыратын емес. Басқа туыстары тіпті, Бердібектің жаңа ғана жастай өлгенін естен шығарған секілді. Той қамына кіріскендей бір-біріне дауыс көтеріп, тапсырма берісіп, аяқ-табақ, дастархан әзірлеп сабылысып жүр. Екі жеңгесінің баурсақты сен пісір, мен пісір деп тартысқанын естігенде, қарқылдап күлгісі келді.

Сейітхан шалдың інісі Бейісхан өзінің екі немере ағасына  саудадан пайда түсіріп  келгендей есіп сөйлеп отыр, өрісте тебінде жүрген жүз шақты жылқыдан сойюға жарайтын біреу табылмай, Тұрғанның жемде тұрған құнанын жүз мыңнан түсірмей итін шығарғанын, кем ақшаңа тайынша берейін деп әрең көндіргенін айтады. Құды бұлар Бердібектің үйлену тойына қызу дайындалып жатқандай. Бердібектің  орта мектепте бірге оқыған студент құрдастары қызға қырындаған профессордың масқарасы туралы анекдот айтып, темекі түтінімен шашала, рахаттана күліп тұр...

Өлім бір сәтте біреулерді күңірентсе, сәл сәтте естен шығып күлдіретіні несі? Күңіренетіндердің ақіретті ұмытқаны ма, күлетіндердің пәнидің өтпелі екенін естен шығарғаны ма? Бердібектің жаны тірі кезіндегі жанына мүлде ұқсамайды. Ол  сұрақ қойғанымен жауап таппайды. Қазіргі жаны жалған дүниеде көп қажет қылмаған нәрселерді шырқырап іздеген бір халде.

Бес уақыт намаз оқуға жұмысты сылтау қылып еді. Өлім дүниесіне кіргенде сол намаз шөл қандыратын каусар суға ұқсайды екен. Өзімен бірге істейтін кейбір жігіттер уақыт тауып оқып жүргенде  бір рет болса да көңіл қойған болса әттең, таңдай жібіткендей намаз бұлағынан татар еді ғой. Қазір қанша таяуға талпынса да сол намаз сонша алыстап қашады. Биыл рамазан айында бастапқы үш күн ораза ұстап, жұмыс кезінде шөлдедім деп, шала қалдырып еді. Сол үш күн жеңіл ақ бұлтқа ұқсап жанын жоғары көтергісі келсе, қалған қаза күндер қара тастай төмен тартып күш берер емес, апыра-ай, апыр-ай, рамазан қайта келсе, шөлден қатса да ұстар еді, шіркін! Қасынды жұмысшылар жұма намазға асығып кетіп жатқанда, босқа уақыт шығындағанша ісімді тындырып алайыншы, деуші еді. Сол қасиетті жұма күндер ұстатпайтын нұрлы пырақтарға айналып қасынан зулап-зулап өтіп жатыр, біреуінің жалына қолы ілінсе, мына тұңғиық түнектен атып шығар еді-ау! Әттең, әттең!!!

Қарқаралының шығыстағы қырқаларынан уыздай боз сәуле көтеріліп таң да атты.

Аздан  кейін ілебі жып-жылы сәуірдің мейірлі күні арқан бойы көтерілді. Марқұмды кебіндеуден бұрын, жақын адамдардың хоштасып шығуына имам рұқсат берді. Көкшіл сақалынан көз жасы тарам-тарам тамшылаған Сейітхан  қарияның: «Қарғам-ай, сенің орныңда мен жатсам болмай ма!» деген көкірегін жарған өкініші шаңырақтан шығып, айнала тұрғандардың жүрегін сығып өтті.

Қазаға келгендер жаназа намазға жиналды. «Марқұмның қарызы болса, өтейтін кім бар?» деген имамның дауысы бүкіл елге естілді. Осы сәтте Бердібектің жанын сансыз қыл арқандар орап алғандай болды. Бұ не, деп қараса ипотекаға алған пәтердің қарыз ақшалары жыланға ұқсас қарашұбар арқандарға айналыпты. Әкесі байғұс қалтыраған кәрі қолдарымен   қорқынышты арқаннан ұлын босатпақ болып жанұшырып  әуіреге түсіп жүр. Бердібек: «Ойпыр-ай, әке, өзім-ақ, құтылайыншы!!!» деп қатты ышқынды.

Кенет...  Жамағаттың алдындағы ораулы мәйттен «Әке!!!» деген ер адамның орасан қуатты үні тұрғандарды құйын желдей жапыра селк еткізді. «Әке...е... е...е...е» жерді тітіретіп, аспанды жаңғыртқандай неткен зор үн бұл?! Тұрғандарды жасындай жарқ  еткен осы ғаламат ой шарпып өтті.  Тек, алдыңғы қатарда тұрған Сейітхан шал ғана екі қолын соза алға ұмтылды, төрт-бес қадам басып, теңселіп тұрды да шалқалай құлады...

Одан бері де төрт жыл сырғып өтіпті. Көрмегендерді қойып, көзімен көргендердің көбі Бердібек қайта тірілді  дегенге сене алмайды. Сейітхан шал сол жығылған жерінде жан тәсілім етіпті. Жерлеуге қатысып жүрген жүректің дәргері Дәріпжан мұқият көріп: «көлемді инфарктен тіл тартпай кеткен» деген уәж айтқан. Сондағы жиналғандар тірілген баласынан шешіп алған кебінмен өлген әкесін орап, марқұмды  ұлына қазылған қабірге қойғанын өз көздерімен көрді. Тіпті, уақытша жазылған әдірес тақтайшадағы  «Сейітханұлы Бердібек» деген атты «Сейітхан... Күндібекбаласы» деп өзгертіліп, «1976-5-3/ 2001-4-12» деген уақытын «1938/ 2001-4-12» деп туған жылын ғана қайта  жөндегені осы тосын оқиғаға куәлік етеді. Бұл ғажап жағдайды  сонда имам болған Мәулен  қариядан естігем-ді.

11.11.2006 ж.

Абай Мауқараұлы

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3534