Дүйсенбі, 28 Қараша 2022
46 - сөз 2819 2 пікір 31 Шілде, 2019 сағат 11:04

«Жас ұлан» ұйымы жайындағы құпия құжаттар

1969 жылы негізін Павлодар қаласындағы №3 мектеп-интернаттың (қазіргі гимназия-интернат) ұлтшыл оқушылары қалаған «Жас ұлан» ұйымы жөнінде біршама зерттеу мақалалары жазылды. Түрлі БАҚ-та жарық көрген жарияланымдарда 1964 жылы Мәскеуде қазақ студенттері арасында Әуезов Мұрат Мұхтарұлы құрған «Жас тұлпар» ұйымын өнеге тұтқан оқушы жасөспірімдердің Кеңес үкіметінің, коммунистік партияның ұлттық саясатына қарсы бағытталған астыртын саяси іс-әрекеттері баяндалған. Сондай-ақ ұйымды МҚК (Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті) басқармасы әшкерлегеннен кейінгі олардың қиын тағдыр-талайлары және іс-әрекеттерінің нәтижелері де айтылған.

Жуырда Павлодар облыстық мемлекеттік мұрағаттар басқармасы қорынан «Жас ұлан» ұйымына қатысты тың материалдар табылды. Бұдан 2 жылдай бұрын «құпия» белгісі алынып тасталған екен. Жарты ғасыр бойы бойы жұртшылықтың назарына ілікпеген істі мұрағат қызметкерлерінің көмегімен іздестіріп тапқан – бір кездегі «Жас ұлан» ұйымының белсенді мүшесі болған, қазіргі кездегі еңбек ардагері, шежіреші, өлкетанушы Қайролла Кәженов.

Іс 56 беттен тұрады. Кейбір құжаттар 2 данадан жинақталған, оларды санамағанда іс 41 бетті құрайды. Материалдармен танысқанымызда біздің өзімізге белгісіз біршама жайттың анық-қанығына көз жеткіздік.
Бұрынырақ «ҚК Павлодар обкомының І хатшысы Буров Иван Михайлович (1965-1975 ) жас ұландардың белсенділерін бас бостандығынан айыру жазасына кесу жөнінде ҚК ОК І хатшысы Д.А. Қонаевқа ұсыныспен шығыпты, бірақ ол кісі қолдамапты» деген сыбысты естігенбіз. Шындығында, біздің ісімізге Дінмұхамед Ахметұлының өзі араласып, тағдырымызға араша түскенін енді ғана аңғарып отырмыз.

Егер қылышынан қан тамып тұрған кеңестік кезеңде Қазақстан Компартиясының І хатшысы нар тәуекелге бел бумаса өзіміз соншалық көксеген осынау егемендік кезеңіне тірі жетер ме едік, жетпес пе едік, кім білсін?.. Дегенмен, облыс прокуратурасы МҚК басқармасының тергеу материалдарына сүйеніп жасаған арнайы баяндамасында ұйым мүшелерінің, әсіресе, жетекші құрамының іс-әрекеттері, тіпті мінез-құлықтары да коммунистік идеологиялық тұрғысынан бағаланып, барынша қара бояумен берілген. Осының өзі «Жас ұланның» белсенділерін комсомол қатарынан, мектептен шығарылып, оқу-үлгерім табеліне тәртібі «3» деген белгі соғылуына және ұзақ жылдар бойы қудалауға ұшырауына жеткілікті болды.

Аталған құжаттардың көшірмелері тарих ғылымдарының докторы, профессор Жанна Қыдыралинаға жолданды. СССР кезеңінде коммунистік ұлттық саясатқа қарсы күрескен ұйымдар мен жеке азаматтар туралы ондаған ғылыми-зерттеу еңбектерін жазған Жанна Үркінбайқызы бұл күндері «Жас ұлан» ұйымына қатысты өзге де мұрағаттық құжаттарды іздестіруде.
Алдағы уақытта ұйым мүшелерінің МҚК облыстық басқармасындағы тергеу барысында берген түсініктемелері де табылуы мүмкін деген үміттеміз. Әйтеуір, қалай болған күнде де, келешекте «Жас ұлан» ұйымы туралы жаңа зерттеу еңбегі жарық көретініне сенімдіміз.

Сонымен, Кеңес үкіметі кезеңінде «Құпия» деген белгі басылып, тек тиісті лауазымды тұлғалардың ғана оқуына рұқсат етілген құжаттардың фотокөшірмелерін алғашқы рет жұртшылыққа жария етіп отырмыз.

1.1970 жылдың сәуірінде Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Павлодар облыстық басқармасының облыс прокуратурасына жолдаған материалдарының тізімі.
2. 1970 жылдың 7 мамырында СССР Прокурорының мемлекеттік қауіпсіздік органдарындағы тергеуді қадағалау жөніндегі орынбасары Васильевтің Павлодар облысының прокуроры Л.Н. Ивановқа жолдаған сұрау хаты. Онда «Жас ұлан» ұйымы бойынша Қазақ ССР Қылмыстық кодексінің қандай бабы бойынша кімдердің үстінен қылмыстық іс көтерілгені жөнінде сұрау салынған. Сонымен қатар, көтерілген қылмыстық істің көшірмесін СССР Прокуратурасына дереу жолдауын сұраған.
3. 1970 жылдың 25 мамырында Қазақ ССР Прокурорының мемлекеттік қауіпсіздік органдарындағы тергеуді қадағалау жөніндегі көмекшісі А. Чурбановтың Павлодар облысының прокуроры Л.Н. Ивановқа жолдаған хабары. Онда Павлодар облысы прокурорының 1970 жылдың 4 мамырында Қылмыстық кодекстің 58, 56 баптарының белгілері бойынша қылмыстық іс ашу жөніндегі қаулысының күші жойылғаны айтылған.
4. 1970 жылдың 4 маусымында Павлодар облысының прокуроры Л.Н. Ивановтың СССР Прокурорының мемлекеттік қауіпсіздік органдарындағы тергеуді қадағалау жөніндегі орынбасары Г.А. Васильевке жолдаған хабары. Онда Павлодар облысының прокуроры сол жылдың 4 мамырында қылмыстық іс ашу жөнінде қаулы қабылдағанын, әйтсе де 22 мамырда Қазақ ССР Прокуратурасы бұл қаулының күшін жойғаны жөнінде баяндалған.

RS: «Жас ұлан» ұйымы жайындағы құпия құжаттардың табылуына барынша атсалысып, көлеңкеде қалған тарихымызды жарыққа шығарған Павлодар облыстық мемлекеттік мұрағаттар басқармасы қызметкерлеріне шексіз алғысымызды білдіреміз!

Арман Қанидың facebook парақшасынан

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Әне, көрдің бе?

Орыс патриотизмі және яхта

Есбол Үсенұлы 1501
Қазақтың тілі

Қазақтың тілі өлмесін десек...

Камшат Тасболатова 1583
Соғыста жүрген сұлулар

Майдандағы Украина арулары: Маргарита Ривчаченко

Айжан Темірхан 1751