Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Ақмылтық 4347 4 пікір 31 Шілде, 2019 сағат 11:12

Халық әлеуметтік мәселелерді алыс келешекте емес, дәл қазір шешуге мүдделі

Үндеу

Қоғамды қандай мәселелер толғандырады? Оларды тез арада және тиімді шешудің жолдары қандай?

I. Халықтың көпшілік бөлігінің әлеуметтік жағдайының нашарлығы:

-баспананың жоқтығы.

-тұрақты жұмыстың жоқтығы.

-төмен еңбекақы.

-мұқтаж адамдарға берілетін ең төмен жәрдемақы. 

-инфляция.

II. Ауылдық жерлердегі инфрақұрылымдардың тозығы жеткен нысандар немесе олардың мүлде жоқтығы:

-орталықтандырылған ауыз су жүйелері;

-канализация;

-табиғи газ;

-ауыл ішіндегі және елді мекен аралығындағы жарамсыз жолдар;

-апаттық жағдайдағы және 3 ауысымды мектептер;

-ауылдық елді мекендердің ұсқынсыз келбеті.

IІІ. Экономиканың шикізаттық бағыты. Шағын және орта бизнестің жеткіліксіз дамуы. Ұзақ мерзімге берілетін төмен пайызды несиелердің жетімсіздігі.

ІV. Ішкі саяси мәселелер. Қоғамның демократиялануы.

V. Мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлықтың көбеюі.

Біздің ойымызша, бұл бүгінгі таңдағы жедел шешімін табуға тиісті негізгі мәселелер. Біздің тәжірибелі өмір мектебінен өткен ынталы топ АҚШ, Англия, Қытай және басқа шет елдерде білім алған жас мамандармен біріге отырып, аталған жәйттерді жедел шешудің жолдарын қарастырды.

Біздің ұсыныстарымыз!

І. Халықтың көпшілік бөлігінің әлеуметтік жағдайының нашарлығы:

1. Үш жыл аралығында кезекте тұрған 200,0 мың әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету.

2. Жыл сайын 100,0 мың тұрақты жұмыс орнын құру.

3. Мұғалімдер мен дәрігерлердің еңбекақысын 2,0 есе көбейту.

4. 2021 жылға қарай ең төменгі жалақы деңгейін 150 мың теңгеге жеткізу.

5. 2021 жылдан бастап барлық жәрдемақы түрлерін 2 есе көбейту .

6. Инфляция деңгейін 2021 жылдан 1,5-2 пайыз дәлізінде қамтамасыз ету.

ІІ. Ауылдық жерлердегі инфрақұрылымдардың тозығы жеткен нысандар немесе олардың мүлде жоқтығы:

1. Барлық ел тұрғындарын 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету (3 жыл ішінде).

2. Барлық елді мекендерді толықтай газбен қамтамасыз ету. (3 жыл ішінде).

3. Үш жыл аралығында 5,0 мың километр жергілікті жолдарды жөндеу.

4. Апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқытатын мектептер мәселесін толықтай шешу (3 жыл ішінде).

5. 1000 адамнан артық тұрғындары бар ауылдық елді мекендерді еуропалық стандартқа сәйкестендіру (2 жыл ішінде).

6. 2023 жылға дейін барлық мұқтаж студенттерді жатақханамен толықтай қамтамасыз ету.

ІІІ. Экономиканың шикізаттық бағыты. Шағын және орта бизнестің жеткіліксіз дамуы. Ұзақ мерзімге берілетін төмен пайызды несиелердің жетімсіздігі:

1. Мал шаруашылығына 1 млрд. доллардан аса бюджеттен тыс инвестиция тарту (3 жыл ішінде).

2. Суармалы жерлерді өркендету үшін 3 млрд. АҚШ доллары көлемінде бюджеттен тыс инвестиция тарту; бұл ретте суармалы жерлер инфрақұрылымын бюджеттік қаржы есебінен салу керек.

3. Экспортқа бейімделген шикізаттық емес 300 жуық кәсіпорындар ашу. (3 жыл ішінде).

4. Орта және шағын бизнесті дамытуға арналған жылдық пайыздық мөлшерлемесі 4  пайыздан артық емес несиелерді 2021 жылдан бастап жеткілікті көлемде қамтамасыз ету.

ІV. Ішкі саяси мәселелер. Қоғамның демократиялануы:

1. 2021 жылға дейін халықтың әкімдіктер мен орталық мемлекеттік органдардың жұмысын бақылауының жариялы, қарапайым механизмін жасау.

2. Жыл сайын шығармашылық одақтарға гранттық негізде 25,0 млрд теңгеге жуық қаржы бөліп отыру.

V. Мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлықтың көбеюі:

1. Сыбайлас жемқорлықты 90 пайызға жойып, сыбайлас жемқорлық деңгейін дамыған еуропалық елдер дәрежесіне дейін төмендету.

Аталған міндеттерді шешу үшін қосымша қаражат қажет емес.Түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен үлкен жобаларда қарастырылған қаражат жеткілікті. Барлық мақсаттарға бюджеттік қаржыны тиімді жұмсау арқылы қол жеткізуге болады.

Кімде-кімді өз тағдыры, өз балаларының болашағы алаңдатса, бізді қолдайды деп сенеміз.

Ал тұрмыс жағдайы жақсы, бюджеттің «майшелпегімен» майланып жүрген адамдарға бұл қажет емес, тіпті, олар үшін қауіпті. Сондықтан олар өздерінің «қолбала» сарапшылары арқылы аталған ұсынысты қаралап, бұл – жай дақпырт деуі мүмкін.

Халық қордаланған мәселелерді алыс келешекте емес, дәл қазір шешуге мүдделі. Сол себептен, біздің ұсыныстарымыз жедел, нақты сипатқа ие.

Үкімет біздің ұсыныстарымызды әдеттегідей ешнәрсе естімеген, көрмегендей болып жауапсыз қалдыра ма деген қаупіміз бар.

Біз еліміздің азаматтарынан, саяси партиялардан, қоғамдық бірлестіктерден, Отан патриоттарынан  көрсетілген ұсыныстарға байыппен қарап, бірге талқылауды, нақтылауды және іске асыруға қолғабыс тигізуін сұраймыз.

Жоғарыда көрсетілген мақсаттардың нақты орындалатынына бек сенімдіміз. Тек осыны жүзеге асырудың механизмін жетілдіріп, нормативтік құқықтық актілерге кейбір өзгерістер енгізу қажет.

Егер біздің үндеуіміз Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық Кеңесті, қатардағы азаматтарды қызықтырса, біз осынау мақсаттарға қалай жетуге болатынын мейлінше кеңінен баяндап беруге дайынбыз.

Ислам Әбіш

Бастамашыл топтың жетекшісі

Abai.kz

4 пікір