Жұма, 26 Сәуір 2024
3440 0 пікір 30 Шілде, 2019 сағат 12:57

Қызылордалық «Абзал және К» компаниясы өз өнімдерін ТМД елдеріне экспорттайды

Елімізде кәсіпкерлікке ұмтылған азаматтарды мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау қарқынды жүзеге асып келеді. Осы бағытта әр өңірде де іргелі істер атқарылуда. Мәселен, кеше өнім және қызмет көрсету саласындағы жетістіктерге арналған ТМД сыйлығының сарапшылары Қызылорда облысында болды, - деп хабарлайды облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.

Қырғызстаннан келген Динара Аймұрзаева мен Молдовадан келген Наталья Недельчева өңірдегі ТМД сыйлығына үміткер «Абзал және К» Толық серіктестігінің жұмысымен танысып шыққан.Аталған серіктестік  2017 жылы «Атамекен» ҰКП-ның ұйымдастыруымен өткен ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының  иегері атанған болатын. Компания енді халықаралық сапа саласындағы байқаудың келесі кезеңіне өтінім беріп отыр.

Айта кетейік, өнім және қызмет көрсету саласындағы жетістіктерге арналған ТМД сыйлығы - сапалы өнім шығарып, қызмет көрсеткен, сондай-ақ осы саладағы қауіпсіздік саласына аса мән беретін, басқарудың жаңа, заманауи әдістерін енгізген кәсіпкерлік субъектілеріне арналған, екі жылда бір рет берілетін марапат.

Аталған сыйлықтың мақсаты -  ТМД елдері аумағында өндірілетін өнімдердің экспорттық әлеуетін арттыру, кәсіпкерлерді ынталандыру. Сыйлыққа қатысуға өтінім берген кәсіпкерлік субъектісі шығарып отырған өнімдерінің сапалы екенін ең кемі екі жыл дәлелдеуі тиіс. Және өнімдерін ТМД елдерінің кем дегенде екі еліне экспортқа шығаруы керек.

«Абзал және К» ТС-нің жұмысымен танысуға келген халықаралық сарапшылар компанияның негізгі қызметі – күрішті егуден бастап өңдеуіне дейінгі барлық процесімен, сондай-ақ бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Нағи Ілиясов ауылын абаттандыру аясындағы жасаған тірліктерін көріп шықты.

Сарапшылармен бірге келген «Атамекен» ҰКП-ның сарапшысы Мәдина Мұқатова: 

-«Абзал және К» компаниясы «Алтын сапаның» жеңімпазы атана отырып, сапа саласындағы сыйлықтың екінші деңгейіне өтіп отыр. ТМД сыйлығына берілген өтініштердің барлығына сарапшылар бара бермейді. Ең алдымен компанияның жолдаған құжаттары алдын ала сараптаудан өтеді.  Құжаттар талапқа сай болған жағдайда барып сарапшылар кәсіпкерлік нысанына келіп жұмысын көреді.  Мұндай деңгейге жету екінің бірінің қолынан келе бермейді», - деді.

Айта кетейік, «Абзал және К» ТС-і 1994 жылы құрылған. Қызылорда қаласы Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылында күріш егіп, алынған өнімді компания зауытында өңдейді. Компанияның екі зауыты бар: Оңтүстік Корея және Германиядан әкелінген. Әр зауыттың қуаттылығы сағатына 5 тонна. Компания жылына таза ақталған 25 мың тонна күріш өндіреді.

Оның 50 % астамы Ресей, Украина, Тәжікстан, Өзбекстан, Моңғолия тағы басқа елдерге экспортқа шығарылады.

Компания күріш өндірушілердің үздік үштігінің қатарында. «Абзал және К» ТС-і бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Нағи Ілиясов ауылына соңғы жылдары 1 млрд.теңгеден астам қаржы салған.

Abai.kz

0 пікір