Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Әкімнің ісі 4811 15 пікір 30 Шілде, 2019 сағат 17:52

Көшербаев: Әбдірахымовқа көрсетілген саяси сенім түгесілді

Бүгін Президент Әкімшілігінің басшысы Қырымбек Елеуұлы Шымкент қаласының жаңа әкімін қалалық активке таныстыра барған еді. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахымовты қызметінен алу туралы арнайы жарлық шығарып, оның орнына Түркістан облысына қарасты Отырар ауданының әкімі болған Ерлан Айтахановты тағайындаған болатын.

Лондон көшелерінен лепіріп сөйлеп, биліктегі "ағаларына" алғысын айтқан Әбдірахымовтың бұл отставкасының себебін Қырымбек Көшербаев егжей-тегжейлі түсіндіріп беріпті. "Тengrinews.kz" жазды.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, қазір ең бастысы - халық пен билік арасындағы диалог.

Ғабидолла Әбдрахымов еліміздің басшылығы тарапынан қолдауға ие болып, сенімге ие болғанын жақсы білесіздер. Ол еліміздегі ең жоғары және жауапты лауазымдарына тағайындалды. Өкінішке қарай, ол мұны жеткілікті түрде түсінбеді", - деді Қырымбек Көшербаев.

Арыстағы ағайын апат көріп, аңырап босып Шымкентке барғанда дәл осы Әбдірахымов "қатындарыңа ие болыңдар" деп жекіре сөйлеп, жексұрын көрінген еді. Әкім бала Әбдірахымовтың кей қылығы онан кейін де әлеуметтік желіде қызу талқы болған.

Өткенде ғана Лондонның көшесінде кофе ішіп жүрген Ғабидолла Әбдірахымовтың ерсі бейне жазбасы  әжептәуір әңгіме болды. Әзілкештер әкімнің бейнежазбасын әжуа қылып, пародия жасады. Енді бүгін Әбдірахымовтың әкімдіктен кетуінің де бір себебі сол бейне жазба болған көрінеді. ПӘ жетекшісі Қырымбек Көшербаев бұл туралы да айтқан екен.

"Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасына қайшы келеді, жалпы алғанда, биліктің беделіне нұқсан келтіреді. Бүгінде Әбдірахымовқа көрсетілген саяси сенім түгесілді", - дейді Қырымбек Көшербаев.

Abai.kz

15 пікір