Сенбі, 20 Сәуір 2024
3377 0 пікір 30 Шілде, 2019 сағат 17:37

Шиелі ауданында кәсіпорындар жарты жылда 14 млрд теңгеге жуық өнім өндірген

Мемлекеттің басты мақсаты – азаматтардың табысы мен тұрмыс деңгейін арттыру екендігі белгілі. Осы бағыттағы бағдарламаларды орындауда Шиелі ауданы әрдайым алдыңғы межеден көрінеді.

Оңтүстік аудандағы негізгі түсім өнеркәсіп өнімін өндіру арқылы жүзеге асады. Бұл орайда Шиелінің өнеркәсіп өнімдерін өндіруші мекемелері мен кәсіпорындар осы жылдың 6 айында 14 млрд теңгеге жуық өнім өндірген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жоғары көрсеткіш.

Негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемі арқылы өсім ұлғая түсетіндігі белгілі. Мәселен, нақты кезеңде бұл көрсеткіш 21,5 млн теңгеге жетті. Аталған қаржының басым бөлігі, «Астана» КМК-ның магистральды газ құбырына салған инвестициялық қаржысы есебінен ұлғайтылды. Жалпы құрылыс жұмыс­тарының көлемі 10 млрд 489 млн теңге болып, өткен жылдың тиісті ке­зеңімен салыстырғанда 6,7 есеге өскен.

Индустрияландыру бағдарлама­сына сәйкес өнеркәсіп өнімінің көлемін арттыру бағытында 3 жоба жүзеге асырылуда: біріншісі, «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС 20 мамырда іске қосылып, қалыпты жағдайда жұмыс істеуде. Бүгінгі күнге зауыт 43,8 мың тонна цемент өндіріп,   260 тұрақты жаңа жұмыс орны ашылды.

Екіншісі, «Фирма Балауса» құны 125 млн АҚШ долларын құрайтын металл өңдеу жобасын жүзеге асыруда. 2019 жылдың 1 қаңтарына экспорт көлемі 3,2 есеге ұлғайтылып (2017 ж.-128 тонна) 1,4 млрд теңгені құрайтын 200 тонна аммоний метаванадатын экспорттады. Биыл 5 оксидті ванадий өндіру цехы құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда кәсіпорында 147 адам жұмыс жасайды.

Үшіншісі, «Таң ЛТД» ЖШС-ның жобалық құны 397 млн теңгені құ­райтын «Күріш және құрама жем өндірісі» жобасы. Мемлекет тарапынан 5000 гектар жер телімі егіндік мақсатта табысталды. Қазір 1000 гектар жерге жоңышқа және мақсары дақылдары егілді.

Сонымен қатар, «Сыр агро и К» ЖШС-ның 1 100 басқа арналған тауар­лы-сүт фермасы жобасы аймақтық үйлестіру кеңесіне ұсынылып, қолдау тапты. Бұл шаруашылық жылына 5,3 мың тонна сүт өндіру жобасын қолға алып отыр. Жобалық құны 2,5 млрд теңге. Өндірістік мақсатқа 500 гектар жер телімі табысталды. Бүгінгі күнде құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы индустриалды аймаққа 96 гектар жер телімі бөлінген. Бүгінгі күнге 66 млрд теңгені құрайтын 7 жобаға 63 гектар жер телімі табысталып, оның ішінде 4 жоба («Шиелі Жолшы» ЖШС, «Мия Шиелі» ЖШС, «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС, «Бөпежанова» ЖК) іске қосылып жұмыс жасауда.

Жуырда өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы агроөнеркәсіптік сектордағы үйлесімсіз істерді қатаң сынға алғаны белгілі. Бұл орайда Шиелі ауданының ауыл шаруашылығы саласында айтарлықтай жетістіктерге жетіп келе жатқандығын атап айтқан жөн. Бұл мемлекеттік қолдау мен алдын ала ұйымдастыру шараларының өз дәрежесінде жүруінің нәтижесі деп түсінген дұрыс. Мәселен, соңғы екі жыл көлемінде аудан облыс бойынша алдыңғы орынды бермей, озат атанып келеді. Кеңестік кезеңде 41 Еңбек Ері шыққан, шежірелі Шиелі ауданының жұртшылығы өздерінің төл кәсібіне қашанда адалдығымен қатар жаңа технологияларды белсенді енгізуімен де ерекшеленеді. Диқан еңбегінің қазіргі барысына қарап, биылғы жылы да қамбалар астыққа толады деген үміт бар. Соңғы есепке зер салсақ, аудан бойынша ауыл шаруашылығы құрылымдары 3 млрд 756 млн теңгенің өнімін өндірді. Егіншілік жағдайын тарқата баяндар болсақ, биылғы жылы аудан бойынша 29655 гектарға егіс егілді. Әртараптандыру есебінен егіншілік көлемі былтырғы жылға қарағанда 2297 гектарға артық орналастырылды. Мұнда күріш көлемі жалпы дақылдың 42 % құрап отыр. Ауданда мал азығының берік қорын жасау мақсатында бидай мен мақсары, жоңышқаның көлемі арттырылды.

Әрине, ауыл шаруашылығы саласының маңызды тармағы төрт түлікке қатысты екендігі анық. Бұл орайда ауданда мал басының өсімі айтарлықтай. Нақты цифрға мән берелікші, аудан бойынша 2019 жыл­ғы 1 шілдеге ірі қара – 104,5 %-ке (58192), қой мен ешкі –  116,4% (102138 бас), түйе – 103,7% (1524 бас), жылқы 118% (17613 бас) артты, құс 25334-ті құрады.

Тірілей салмақтағы ет пен өндірілген сүт, жұмыртқа көлемінің өсуі бұл саладағы жұмыс қарқынының артқандығын көрсетеді.

2019 жылға ауданға «Сыбаға» бағдарламасы аясында 325 бас асыл­тұқымды МІҚ аналығын сатып алу жоспары бекітілсе, қазіргі таңда Ресей Федерациясынан 120 бас әкелінді («Әсет» шаруа қожалығы бағдарламамен 104 бас, өз қаржысы есебінен 16 бас).

Бағдарламаға орай ауданға 7800 бас қой сатып алу жоспарланса, шілде айында оның 4389 басы жеткізілмек.

– Президент «Еңбекке қабілетті әрбір азамат лайықты жұмыспен қамтылуы керек. Сонда ғана халықтың әл-ауқаты жаппай жақсарады, экономиканың өсімі жақсарады» деп атап көрсетті. Бұл орайда орта және шағын кәсіпкерліктің орны бөлек. Біз осы жағдайға жіті назар аударып, белсенді жұмыс жүргізіп келеміз,– дейді аудан әкімі Әшім Оразбекұлы. Аудан әкімінің айтуынша, 2019 жылдың 1 шілдесіне ауданда тіркелген шағын және орта кәсіпкерліктің саны 4501 субъектіге жетсе (жеке кәсіпкер – 2833, шаруа қожалықтары – 1127, заңды тұлғалар – 541), оның ішіндегі жұмыс жасап тұрған кәсіпкер саны 4107-ге жетіп,  91,2 % құрады.

Жыл басынан аудандағы мемлекеттік кірістер басқармасына 272 жеке кәсіпкер, 21 шаруа қожалығы,  22 заңды тұлға тіркеліп, жалпы 315 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі ашылды.  Бұған қосарымыз «Өңірлік инвестиция орталығы» жанындағы бақылау кеңесінде (мал шаруашылығынан басқа жобаларға) 174 млн теңге болатын 58 жоба қолдау тапты. Бүгінгі күні барлық мемлекеттік бағдарламалар бойынша ауданда 551 млн теңгені құрайтын 74 жоба қаржыландырылды.

Президенттің халықты өнімді жұмысқа тартуды жандандыру тапсырмасын басшылыққа алған аудан әкімдігі салалар бойынша тиісті бағдарламаларды орындауда тиянақты жұмыс жүргізіп келеді. Мұның бәрі әлеуметтің әлеуетін арттыруына сеп болары сөзсіз.

Нұрмахан Елтай 

Abai.kz

0 пікір