Жұма, 29 Наурыз 2024
Қауіп еткеннен айтамын 5237 4 пікір 30 Шілде, 2019 сағат 13:18

Ұлттың генофонды ооцитке тәуелді

Менің Талғар жақта тұратын туысым бар. Өзі шылқыған бай. Негізгі бизнесі – Еуропа елдерінен асыл тұқымды жылқы әкеліп сату. Асыл тұқымды иттер де асырайды. Балақ жүні мен кекілі келіскен кербез кептерлері де баршылық. Торларды толтырып тастаған. Үйіне бара қалсаң, тек сол туралы айтады. Оның айтуынша, Еуропадағы бизнес серіктестері жылқыны адамнан бетер бақылайды. Жаңа туған құлынға арнайы файл ашылады. Жылқының шежіресі түгел жазылады. Құлынның атасы кім, әкесі кім, шешесі кім, әжесі кім, түгел тіркеледі. Биелердің байқаусызда көрінген айғырмен «көңіл қосып» қоюы мүмкін емес. Дені сау, жұтынып тұрған құлынды туғызу үшін арнайы мамандар Керқұла атты Кендебай сияқты биелерді түні бойы ұйықтамай бақылап отырауға дайын. Жылқы тұқымы асылданған үстіне асылдана береді. Жылқының шежіресі неғұрлым терең болса, құлыны да соншалықты зерең болады деген түсінікпен қымбат бағаға сатады.

Оның иттері де солай. Қаншығын бет алды қаңғытып қоймайды. Не болса соны жегізбейді. Қымбат сапалы етті иті жейді. Есесіне күшіктері шетінен арлан шығады. Бір жасар күшігінің өзі бұзаудай ғой жарықтықтың.

Ал, жабайы кептерлермен шағылысқан көгершіндерінің жұмыртқасын шағып тастайды. «Неге өйттің» десең. «Тұқымды құртады. Бар бәлені осы ұрғашылары жұқтырып әкеледі» деп сақтанып отырады. Қарап отырып қызығасың. Дегенмен, осы фактілер мені басқа да ойларға жетелейді. «Бұ дүниеде адамның тұқымы неғұрлым асыл, неғұрлым шежіресі терең болса қоғам соғұрлым нұрлы болмай ма?» деп ойлаймын ғой баяғы. Жалпы, өзіміздің сапамызды тура солай арттыра аламыз ба? Ол мүмкін нәрсе ме өзі?

Мен бала кезімде тойға барғанда микрофон алып сөйлеген барлық қонақ мынадай мақалдарды жиі айтушы еді. «Үйдің жақсы болмағы ағашынан, жігіттің жақсы болмағы нағашысынан», «Алып анадан туады», «Қызға қырық үйден тыйым, одан қалса қара күңнен тыйым». Ол кезде бұл сөздердің мағынасын ұқпаушы едім. «Неге тек қана нағашысына тартып мықты болу керек?» деп ойлаушы едім. Есейген соң оны да оқып тоқып ақыры білдік.
Ер мен әйел қосылған соң аналық жатырда бір клеткалы эмбрион пайда болады. Ең басында ядродағы хромосома саны екі тараптан тең түседі. 23 хромосома әкеден, 23 хромосома анадан. «Генетикалық ақпаратты ана жатырына алып келген сперматозоид пен іштегі ооцит деп аталатын аналық клетка тең дәрежеде тұрғанда неліктен болашақ ұрпақтың жақсы болуы негізінен әйелдікіне тәуелді?» деген сұрақ туады. Себебі, дейді генетик ғалымдар, қыз бала бүкіл өмірінде бала тууға себеп болатын аналық ұрығымен (яғни ооциттермен) бірге туады. Қыз баласы сәби кезінде қанша ооцитпен дүниеге келсе, өмірінің соңына шейін сонша аналық клеткамен өмірін сүреді. Аналық клетка ер адамның ұрығы сияқты ұдайы ауысып, жаңарып тұрмайды. Саны да ешқашан көбеймейді. Қыз бала өскен сайын оның бұрынғы ооциттері пісіп жетіліп, дамып қана отырады. Қыз бала бой жеткен соң ай сайын бір ғана ооцит шығын қылады. Мұны хайыз кезеңі деп атайды. Ер адамда керісінше, сперматазоидтар күн сайын, апта сайын жаңарып, көбейе береді. Ер баланың ұрығы миллиондап шығын болса да, тез арада толысып, қалпына қайта келеді. (Ер бала ұйықтап жатып поллюция болады) Ұл бала зиянды әдетке бой алдырып, ішіп, шегуге үйір болса сөз жоқ, оның ұрығының сапасы нашарлайды. Маскүнем, насыбайшы, нашақордан зерек бала тууы неғайбыл. Еркектер емделіп, тақуалық ұстанып, зиянды заттардан тыйылса, ұрығының сапасы қайтадан қалпына келеді. Қыз балаға табиғат мұндай мүмкіндік бермепті. Қыз бала албырттықпен зиянды әдетке бой алдырып, ішіп, шеге бастаса ооциттегі генетикалық кодтар зақымданады. Бұндай бойжеткен өсе келе өкініп, салауатты жолға бет бұрса да, қанындағы бүлінген аналық клеткалары ұл баланікі сияқты басқасымен жаңаланбайды. Яғни, генетикалық кодтары зақымданған, нашар хромосомалар сол күйі тұра береді. Бұл - мәселенің бір қыры ғана.

Екіншіден, әдетте ерлі-зайыптылар қосылғанда, әкенің белінен 300 миллионға жуық сперматазоид «бала жасау» жарысына аттанады. Олардың ең жүйрік, ең алғыр, ең қуатты, ең пысық, ең асыл дегені мәреге бұрын жетуі шарт. Жатырда жалғыз жатқан ооцитке «ең қуатты», «ең күшті», «ең зерек» деген сперматазоид келіп кіргенімен қуануға әлі ерте. Себебі, аналық клетка жалғыз. Таңдау мүмкіндігі мүлде жоқ! Бірінші боп келіп жеткен ер адамның мықты ұрығы сол жердегі жалғыз ооцитпен «отау» құруға мәжбүр. Ол жерде сперматазоидтар: «Маған мына клетка ұнайды» деп, көп ішінен артықша жаралған күштісін таңдай алмайды. Ер азаматтың ұрығы қанша жерден қасиетті болса да, сапасы нашарлаған ооцитпен қосылғанда болашақ бөпені кемел дәрежеге көтере алмайды. Қалай болғанда да нәрестенің зиялы, зерек болуы ең бірінші аналық клетканың сапасына тәуелді. Қыз баланың қанында ағып жүрген санаулы ғана ооциттерді барынша күтіп, баптап, олардың сапасын арттыру арқылы ғана ақылды адамдарды көбейтуге жол ашылады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – қыздарын бағып-қақпаған ел, ешқашан салауатты қоғам құра алмайды.

Санжар Керімбайдың «Өркениетті адам» кітабынан.

Статистика бойынша жыл сайын шет елдік еркекке жар болып кетіп жатқан қыздар саны артуда. Мысалы, 2017 жылы 8000, 2018 жылы 12000 қазақстандық ару шекара сыртына кетіпті. Глобализацияның бұл да бір қыры. Бірақ, қанша космополит, әлемдік деңгейдегі гуманист ойшыл болсаңыз да жүректің шаншитыны рас. Шетел филологиясы, аударма ісі мамандығында оқитын түгелге жуық қыздар. Елімізде шетелдік инвесторлар толып жүр. Полиглот қыздар сонда қызметке тұрады. Қай ұлттың тілінде сөйлесең - сол ұлттың сойылын соғасың. Бұл жерде жалаң патриотизм ойнамай қалады. Әйел адамда аналық инстинкт басым. Қай альфа-аталық ертеңгі күнге сенімді мүмкіндік ұсынады, сол жеңіп кете береді. Полиглот қыздар түгел сондай деуден аулақпыз. Бірақ, өзіміз бен өзге сарапқа түскенде, таразы басы өзгеге ауатыны ащы шындық. «Бір ақ рет өмір сүреміз!» принципі алып кетеді. Ақыл-ойы толық қалыптаспаған, албырт қыздарды шетелге шығармау туралы ұсыныстар бар. Жөн сөз, бірақ заңға қайшы. Барлық қызға өз қарындасындай қарап, қайда жүрсе де тас қамал қорған болатын таулықтар сияқты емеспіз. Намысты жігіттер көп, бірақ бәрі емес. Курстас жігіттің әңгімесі есімде. «Мектеп бітірген соң әкем бір сөз айтты. «Ертең кімге үйленсең де өз еркің, бірақ келін қазақ болатын болсын» депті. Ұстанған әдет-ғұрпың бір, ішіп-жейтін тамағың бір, өлсең оқылатын жаназа мен жататын қабірің бір адамға кім жетсін. Қазақ жігіттерін ғана таңдайтынын білдіріп лебіз арнаушы қыздар да көп екен. Бұған да шүкір. Отбасындағы тәрбие - барлық нәрсенің негізі. «Ұлды жақсы тәрбиелесек - мемлекет қайраткері, қызды жақсы тәрбиелесек - адамзаттың болашағы шығады» деуді жақсы көреміз ғой. Жалған намыс, құрғақ сөзді қойып, біздің жігіттер нағыз сегіз қырлы, бір сырлы болуы керек. Маңдайы жарқырап қолынан да, тілінен де келіп тұрса, бай-қуатты болса, батырға оң-терісі бәрібір болмай ма?! "Айғыр мықты болса бие ешқайда кетпейді!". Дөрекілеу болса да дәл айтқан, жылқы мінездес халықтың сөзі. Саясилау айқай-шуда бір апамыз айтпақшы, «Мықты болса егесі, майыспайды шегесі».

Түйін. Адам ата мен Хауа ана жұмақтан қуылып бара жатқанда Алла Тағала оны тоқтатып:
- Әй, Адам, енді Хауа саған аманат. Әйелің үш намысыңның бірі болады. Бірінші намысың - иманың. Маған қайтып келгенше иманың кәміл болсын. Екінші намысың - әйелің. Оны бөтеннің сұғынан сақтайсың. Сен босасаң әйелің де құбылады, себебі ол сенің қабырғаңнан жаралған. Үшінші намысың - құтты мекенің. Оны дұшпандардан қорғайсың. Бейбітшілік пен тыныштық жолында шаршадым деме!,- деді. Адам Ата бұл өсиетті көкірегіне құйды да, жұмақпен қош айтысып кете берді...(«Әлдиден эпосқа дейін» кітабынан).

Айшуақ Дәрменұлы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616