Жұма, 19 Сәуір 2024
3879 0 пікір 30 Шілде, 2019 сағат 10:54

Ержан Максим «Балалар Евровидениесіне» қатысады

Қазақстан екінші рет «Junior Eurovision Song Contest»  халықаралық балалар ән байқауына қатысады. Шара 2019 жылдың 24 қарашасы күні Польша мемлекетінің Гливице қаласында өтеді. Еліміздің атынан 9-14 жас аралығындағы балалармен бірге Ержан Максим өнер көрсетеді. Қазақстан аумағында байқауды «Хабар» телеарнасынан тамашалайсыздар.

«Хабар» Агенттігі 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап аталмыш іс-шараны ұйымдастыратын Еуропалық хабар тарату одағының (EBU) қауымдасқан мүшесі болып табылады, бұл аталған байқауға біздің елден үміткер ұсынуға мүмкіндік берді.

Өткен жылы мемлекет атынан Данэлия Тулешова бақ сынаған еді. Телекөрермендердің дауыс беруімен үшінші, ал қазылар алқасының бағасымен қоса есептегенде алтыншы орынға жайғасты.

Байқаудың шарты бойынша қатысушылар еш жерде жарияланбаған, 2 минут 45 секундтан 3 минутқа дейінгі композицияны табиғи дауыста орындауы қажет. Жеңімпаз қазылар алқасы мен қатысушы мемлекеттердің дауыс беруі арқылы анықталады. Қазылар алқасына 5 адам кіреді – 3 ересек және 2 бала. Ересектер «Евровидениесінен» айырмашылығы келесі байқауды ұйымдастыру құқы жеңімпазға берілмейді, бұл жас орындаушыларға артық қысым болмауы үшін істелген шара. Байқаудың қай мемлекетте өтетінін  Еуропалық хабар тарату одағы анықтайды.

Биыл жарысқа 19 ел қатысады, олардың қатарында Албания, Армения, Австралия, Әзірбайжан, Беларусь, Франция, Македония, Грузия, Ирландия, Израиль, Италия, Қазақстан, Мальта, Польша, Португалия, Ресей, Сербия, Нидерланды, Уэльс бар.

Алғаш рет «Junior Eurovision Song Contest» 2003 жылы Копенгаген (Дания) қаласында 16 мемлекеттің қатысуымен өткен болатын. Ал телекөрермендердің және қазылар алқасының ортақ шешімімен жеңімпазды анықтау 2008 жылдан бастап мүмкін болды, оған дейін дауыс беру көрсетілім кезінде көрермендермен жүзеге асқан еді. 2007 және 2008 жылдардағы  дауыс беруден түскен пайда «UNICEF» жолданды.

Abai.kz

0 пікір