Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
3197 3 пікір 30 Шілде, 2019 сағат 10:50

Азаптау видеосынан соң Заречный түрмесінің басшылығы қызметінен алынды

Алматы облысы Заречный кентінде орналасқан ЛА-155/8 мекемесіндегі азаптау видеосынан соң Қазақстанның ішкі істер министрлігі Алматы облыстық қылмыстық-атқару жүйесінің жеті қызметкері "жазаланғанын" хабарлады.

Қазақстан қылмыстық-атқару жүйесі комитеті басшысының бірінші орынбасары Теңізжан Жәнібековтің Азаттыққа айтуынша, қызметтік тексеруден соң түрменің жеті қызметкері қызметінен босатылған.

"Мекеме басшысы мен оның екі орынбасары қызметінен кетті. Бұған қоса, облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің басшылығы тәртіптік жауапқа тартылды" деді Жәнібеков.

Видео 25 шілде күні YouTube желісінде жарияланған. Видеода түрме қызметкері мен сотталғандар формаcын киген бірнеше адамның бір азаматты ұрып жатқаны көрінеді. Толис Тахон есімді қолданушы бөліскен видео сипаттамасында "Сотталған азамат түрме әкімшілігінің заңсыз әрекетіне шағынып прокурорға шағым түсірген. Әкімшіліктің оған не істегенін қараңдар" деп жазылған.

Жәнібековтің сөзінше, қызметінен кеткендердің үстінен қылмыстық іс қозғау мәселесін Алматы облыстық прокуратурасы шешеді. "Қазір бұл істі облыстық прокуратура тергеуге кіріскен. [Заречный түрмесіндегі қинау видеосы тараған соң құрылған] комиссия басқа сотталғандар азапталған 40-қа жуық видеоны анықтап, тексерген" деді Жәнібеков. Бірақ комитет өкілі оқиға нақты қай колонияларда болғанын, оған қатысты қандай шаралар қолданылғанын айтқан жоқ.

Abai.kz

3 пікір