Жұма, 29 Наурыз 2024
46 - сөз 3675 1 пікір 29 Шілде, 2019 сағат 11:33

Сырбай

«Санат» баспасында редактор болып қызмет істеп жүргенімде бастығым Серік Әбдірайымов бір күні маған ақын Сырбай Мәуленовтың таңдамалыcын шұғыл дайындап беруді тапсырды. Үш-төрт айда маған ақынның көзі тірісінде шыққан кітаптарын қарап шығып, ішіндегі ең мықты дүниелерін іріктеп алу керек болды. Жыл соңына дейін бес ай ғана уақыт қалды. Жұмысты жылдамдатпақ оймен ақынның ұлы Қасымға хабарластым. Ол ұзаққа созбай, екі күннен кейін бес алты папкаға салынған әкесінің бір топ туындыларын баспаға әкеліп тастады. Соларды оқып отырып, бірінен бірі асып түсетін мағынасы терең, өмірдің сыңарындай шынайы, сыршыл сезімге толы көркем шығармалардың қайсысын таңдарымды білмей басым қатып, қиналып кеттім.

Таңдамалының көлемі шектеулі. Әр жолының тиын-тебеніне шейін есептеліп қойылған, мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітап 20 баспа табақтан аспауы тиіс. Ал, менің қолымдағы Сырағаңның өлеңдері, балладалары мен поэмаларының қолжазбасы шамамен 60 баспа табаққа жетіп қалады. Және бәрі де жарық көруге тіленіп тұрған - жақұт жырлар. Қайтпек керек?
Тығырықтан шығудың ең тиімді, дұрыс және оңтайлы жолы таңдамалыға кіретін туындыларды іріктеп беруді – ақынның мұрагерлеріне тапсыру. Бірақ, Күнжәмал апама хабарласып едім, ол кісі «Балам-ау! Біздің үйдегі балалардың бәрі де әдебиеттен алыс қой. Сенің талғамыңа сенеміз. Сырбай атаңның кітабын жақсылап шығарып беруді өзіңе аманат еттім» деп бар жауапкершілікті өзімнің мойныма арта салды.

Амал нешік? Жан-тәнімді салып таңдамалыны дайындауға білек сыбана кірісіп кеттім. Алайда, кітапқа кіретін шоқтығы биік үздік туындыларды іріктеу дәл мен ойлағандай оңай шәруа болмай шықты. Өйткені, қолыма түскен туындылардың ішінен еш ойланбастан алып тастауға болатын бір нашар өлең таба алсамшы. Дүниені шайқап өткен шайырдың қай өлеңін оқысам да жанымды толқытып жіберіп, көзіме ыстық жас келе берді. Күні кеше ғана өзендей күркіреп жүрген сүйікті ақынымның бір өлеңін де таңдамалыға енгізбей тастауға қимаймын. Енгізбей қойсам, құдды өзімді поэзияға үлкен қиянат жасайтын адамдай сезінемін. Бастығым жақсы адам болатын. Кіріп жағдайды түсіндіріп едім, ол маған таңдамалыны дайындауға қосымша тағы бір ай уақыт берді.

Міне, осылайша маған бір ай бойы Алаштың айбоз ақынының шығармаларымен тыныстап, егжей-тегжейлі танысу бақыты бұйырды. Бір сөзбен айтқанда таңның атысынан күннің батысына дейін Сырбай шығармашылығының жұмбағына тереңірек бойлай бердім. Бір айдың ішінде мен ақынды мүлде басқа қырынан тани түстім. Тани түскен сайын танымым да тереңдей түсті. Танымым тереңдей түскен сайын Сырбайдың өзіне лайық бағасын ала алмай жүрген қазақтың үлкен ақыны екеніне тағы да көзім жетіп, жаным жабырқады. Осы шындықты айта алмай жүрген әдебиет сыншыларына қатты өкпеледім.

Бүгін елордамыздағы Ұлттық кітапханаға бас сұғып, сөрелердегі әдеби туындыларды қарай бастағанымда Сырбай Мәуленовтың бес томдық шығармалар жинағы көзіме оттай басылды. Бала күнімнен қол ұстасып бірге жүріп, кейін беймәлім себептермен ұзақ уақыт көрінбей кеткен досымды кенеттен жолықтырғандай жүрегім алып-ұшып қуанып кеттім. Осыдан жиырма жыл бұрын Сырбайдың ұлы әкеліп берген қолжазбадан оқыған, жүректе бірден жатталып, көңілде қатталып қалатын ғажайып жырлар менімен қайта қауышып, бар сырын маған ақтарып сала берді.

Туған жердің шаңдатып төсін бүгін,
Айлы түнде шарлаймын Тосын құмын.
Өткелінен аттаймын Қарғалының,
Толқынына жанымның қосып жырын.

Балтыр түріп жүгірген баладай-ақ,
Мен келемін құм кешіп жалаң аяқ.
Табаныма бір шөңге қадалғанда,
Баяғыша жыңғылдар қарады аяп.

Мынау оқып тұрғаным шынымен де Сырбайдың жыры ма, әлде, туған жерін сағынып жылап тұрған менің жаным ба? Өткен күндердің елесі тағы да алыстан маған қолын бұлғап, дариға туған жерім, алтын бесіктей тербетілген Торғайымның гүлі түгіл, тікенек-шеңгеліне дейін сағынғанымды түсіндім. Бес томдықтағы әр өлеңді оқыған сайын, көзім бұлдырап, жанымды жылытқан жақсы жырлар жүрегімді елжіретті.

Әдетте, қазақ әдебиетіне жаңалық әкелген ақындар туралы әңгіме қозғалғанда біз Қасымнан кейін бірден Мұқағалиды айта жөнелеміз. Ал, шын мәнісінде Мағжандардан кейін тар шеңберге тығылып қалған ұлттық поэзиямыздың аясын кеңейткен екі ақын болса, оның бірі – Сырбай Мәуленов. Өкінішке қарай, бізде әлі күнге дейін Сырбай Мәуленовтің есімі айтылса, оны тек соғыс тақырыбын жырлаған ұлт ақындарының қатарында атау үрдісі қалыптасқан. Бұл түбегейлі қате пікір. Ақиқатында Сырбай табиғаттың дәл өзінен айнымай жаратылған - таңғажайып лирик. Ол –құбылыс. Ал, ақынның махаббат лирикасы қазақ поэзиясы үшін үлкен жаңалық болды.

- Сен мені ойладың ба?
Түсімде көрдім.
Тобылдың қойнауында,
Тобылғы ішінде көрдім.
«Жүрмеймін көтермесең»-
Деп маған еркелейсің.
Өтірік кетем десем
«Кетпеші ерте» - дейсің.
Айтасың «ұрсып анам
Жөнімді сұрады» - деп.
-Болдым-ау қырсық саған, -
Деймін мен жылағым кеп.
Сен мені жұбатасың,
Мен сені жұбатымын.
Кетпеген балалығы
Кейпіңді ұнатамын.
-Сен мені ойладың ба?
Түсімде көрдім.
Тобылдың қойнауында
Тобылғы ішінде көрдім..

Амангелді Кеңшілікұлының Фейсбуктегі жазбасы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1572
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2267
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3568