Сенбі, 20 Сәуір 2024
Білгенге маржан 9864 0 пікір 29 Шілде, 2019 сағат 10:46

Абай шығармаларындағы шет сөздер (Басы)

Бүгінгі күннің рухани әлеміне жол сілтеп отырған Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тарихи мақаласы қоғамымыздағы ұлттық сананың сілкінісіне алып келді. Тарихты бағамдап қарап отырып, әрбір дәуірдің өзіндік рухани жаңғыруы болғандығына көзіміз жетеді. Мәселен, бабалар басып өткен ізіміздің тереңіне үңілсек;  Алып Ер Тоңаның «Ақи немесе жомарттың ілімі» (б.з.д. 7 ғасыр), Әл-фарабидің парасатты адам ілімі. (Х ғасыр), Жүсіп Баласағұнның жәуәнмәртлік ілімі (ХІ ғасыр), Ясауидің хәл ілімі (ХІІ-ХІІІ ғасырлар), Абайдың толық адам ілімі (ХІХ ғасыр соңы), Шәкәрімнің ар ілімі (ХХ ғасыр). Қолымыздағы зерттеу еңбегі Абайтануға алып келген рухани серпіліс деп қобылдауымыз керек.

Бүгінге дейін Абай аз зерттелген жоқ, десек те, Кеңес кезінде батыстық материалистік көзқарастармен («дүниенің көрінген ...сыры») (Абай) байланыстыра зерттелгенмен, өкінішке орай, Абай нәр алған исламият негізі Шығыспен байланысы яғни, идеалистік ойлы мақсатта («дүниенің ...көрінбеген сырын...») (Абай) зерттеу мешеу қалпында қалып отырды. Оған себеп, билеуші коммунистік партияның 1949 жылы ұлттық мәдениет пен дәстүрді бірұдай қолдамайтын қатыбас космополитизм туралы шығарған қаулысында жатқанын Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана түп төркіні қайда жатқанын аңғара бастадық. Сондықтан да, Абайдың ислам өркениетімен рухани байланысы кешеуілдеп келді

Зерттеушінің бұл ауқымды жұмысының негізгі түйіні Абайтану саласында бұрын-соңды айтылғанмен толыққанды түпкі мәні жете зерттелмей жүрген ислам дінінен енген термин сөздеріне шама-шарқынша барған. Кітапта ислам дәстүрімен бірге келген және парсы, түрік, шағатай, орыс тілдерінен енген атаулы кірме сөздердің айналасында да зейінді зерттеу жүргізген. Және ол сөздердің дыбыстық өзгеріске түсіп қазақтың төл сөздеріне айналған тұстарына лингвистикалық талдау жасайды. Және ол бос пайым емес бірнеше тілдегі сөздіктерге сүйеніп дәлелді пікірлермен дәйектейді.

Ұлы Абай өз шығармашылығында «толық адам...» идеясын қалыптастыруда Шығыс ойшылдарының ғибратты өнегелерін өз санасына құйды, көкірегіне қондырды, нәтижеде, адам баласының бұл фанидегі орнын анықтады. Мұсылмандық тіршіліктің мәні мен мақсаты туралы ойларын  «...толық инсаниятың бар болады» деген Абай Алланың сегіз сипатын жан-жақты дамытты. Осы тұрғыдан келсек, Ислам және басқа Абай қолданған терминдердің түпкі мағынасын түсіндіру арқылы оқырман қауымға жеткізу барысында ғалым С.Оразалиев жан-жақты тың ізденістерге барып өзіндік пайымдауларын ұсынуы зерттеудің құндылығы дер едік.

Мұнда автордың араб-парсы, шағатай-өзбек тілдерінен хабары болуы және лұғаттар арқылы пайдалана білуі көп пайдасын тигізген.  Мәселен, исламмен байланысты қазақ тіліне түсініксіз Абай қолданған («хаирун-нас мән янфағун-нас», «мәзрәгәтүл», «иғтиқат», «жибили», «муафиқ», «фатлұбни» т.б.) 500-ден астам ұғымдарды ашқан. Бұл еңбектің жаңалығы да, сүбелі тұсы да осында деп санауға болады. Дыбыстық өзгерістерге түсіп қолданыста жүрген діни сөз тіркестерін, сонымен қатар, байырғы көне қазақ сөздеріне және бірқатар орыс сөздерінің этимологиясына ғылыми талдау жасайды. Зерттеуші сөз мәнін ашуда өте жауапкершілікпен қарап, тосын тың пікірлерін жай айта салмай, басқа тілдердегі (араб, парсы, тәжік, орыс, түрік, татар, өзбек) лұғаттарын шебер пайдаланған.

Сейдалы Оразалиевтің бұл еңбегі Абайтану саласында көпке дейін сөз болмай келген, сөз болса да зерттеу мінберінен тыс қалып жан-жақты ашылмай келген. Абай шығармашылығындағы ислами термин сөздерді түсінуде, анықталмай жатқан дерек көздерін ашу арқылы оқырман қауымға соны тың пікірлер ұсынуы ұтымдылығы деп санауымыз керек. Ғалым Абай мұрасындағы кірме-атаулы сөздердің табиғатын ашуда бірнеше сөздіктерді пайдаланып  салыстырмалы түрде қарастырады. Бұл еңбекте бос сөз жоқ, ұзын сонарға салынбаған көпірме сөз тағы жоқ. Пікірлері айқын зерттеуге негіз болатын мәтін-мағлұматтар нақтылы дерек көздерімен дәлелденген. Автордың тағы да бір ұтымды жері Құрани Кәрімнің сүре аяттарын тиісті жерінде ұтымды пайдаланып отырған.

Бұл еңбек студенттерге, магистрант, доктаранттар мен зерттеуші филолог жас ғалымдарға және жаратылыстану, дін танушы теологтарға ауқымды көмекші құрал болуына сенімдімін. Абайтану саласына  қосылған тұшымды еңбектердің бірі деп санаймын.

Мекемтас Мырзахметов

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор


Келер қазақтың да ішетін уы мен балы – Абай.

                                                                    (Асқар Сүлейменов).

Қазақ әдебиеттану ғылымында ең көп ғылыми зерттеу нысанасына алынған Абайтану ғылымы десек қателеспейміз. Сонда да болса, Абай танымына жақындаған сайын ұзақтап, тереңі зерттеуші ғалымдарды бойлатпай келеді. Абайдың Батыспен байланысы Кеңес кезінде жете зерттелді десек те, академик Зәки Ахметов 1951 жылы қорғаған кандидаттық диссертациясында («Лермонтов и Абай») Абай мұрасын егжей-тегжейлі айтқанымен М.Ю.Лермонтов өз кейіпкері Вадимнің орыс шаруалар көтерілісіндегі билікке қарсы тұсын Абай өз аудармасында «Аллаға асы» деген сөзімен береді. Осы «асы» сөзі терминология ғалымның зерттеу бағытынан тыс қалып қойған.

Қазіргі таңда Абай мұрасын шығыстық таныммен зерттеу бүгінгі күннің талабына айналып отыр. Осы орайда Қазақ Елінде Абайтану ғылыми зерттеу арнайы институтының болмауы көңіл құлазытады. Сонымен, Ел Ордасы Астана қаласында республикалық Абайдың Шығыстан алған руханият дүниесімен арнайы айналысатын академиясы (грек тілінен алынған, Академ батыр есімі) керек-ақ. Кешегі шовинистік (француз тілінен алынған, басқыншы) саясаттың салқынында қалған жадымыз, Егеменді Ел болғаннан кейін ғана көп нәрседен артта қалып қойғанымызды аңғара бастадық. Төрт жағымыз түгелденіп Тәуелсіздігімізге ширек ғасырдан асқан тұста, Абайдың рухани танымы Шығыс мұраларымен біріккен ізгі ниет исламмен байланысы осы еңбегімізде айтылады.

Ислам дінінің келуі бізге рухани жаңалық болып мұсылманшылықты қабылдаудан басталғанымен, кешегі Кеңестік жүйе табан аттатпай, Абайдың Шығысына шек қойылғанын жалпы жұрт біледі. Сонда да болса, 1945 жылы Мұхтар Әуезов «Қисынын тауып,» (Абай) жазған «Абай еңбектерінің биік нысанасы» атты мақаласында: «Мұхаммед Ғабдуһу бастап, Жалалледдин Ауғани қостаған исламшылдық үгіті кейінгі кезде Россия мұсылмандарына да тарап еді» (Шығармаларының елу томдық толық жинағы. – Алматы: «Дәуір», «Жібек жолы» 2014. 27-том: 448 б. 90-бет) - деп, алдына орыстардың өздерін салып, жұмсатып барып, Абайдың исламиятынан сөз қозғаған.

Дәстүрмен етене араласқан араб сөздері сөздік қорымызға кедергісіз енген «Алла», «намаз», «Құран», «иман», «молда» тағы да басқа көптеген сөздер ажам халықтарына исламды ендіруде өздерінің аяғы жеткен елді мекен тұрғындарын оқыту барысында қолданған сөздері бүгінде қазақтың төл сөзіне айналып кеткелі қашан?! Мәселен, тәрбие, тарих, мұғалім, дәптер, кітап, қалам, қағаз, емтихан, дәріс, емле, әріп сияқты мыңдаған сөздер дыбыстық өзгерістерге ұшырап барып сіңгендігін, белгілі қоғам қайраткері Нәзір Төреқұлов: «Қазақ тіліне кіретін жат сөз болса, қазақтың тымағын киіп, жалпақ қазақ сөзі болып кірсін» (Жат сөздер. Мәскеу 1962, 6-бет) десе де, кейбір сөздер қолданыстарының баяулығына байланысты терең сіңісе алмаған яғни тұлғасы жағынан оқшауланып тұратын сөздерді Абай сол қалпында өзгертпей қолданған оның бірнешеуіне тоқталсақ; «сахаба-и кәрәм», «уәктүбиһи», «хирс», «рүшдия», «тәуил», «иннамал», «мұнафиқ», «йүхиббул», «хауас», «мұтәкәллимин», «мантикин», «субутия», «таклиди», «якини», «тәфаккару», «батини», «заһири», «фәни», «дәһрі», «жаһил», бәһрә», «машһар»,   «боз махфи олмая» сияқты тағы да басқа көптеген араб, парсы, шағатай сөздері және сөз тіркестерімен қатар санаулы түп-төркіні түркі орыс сөздері қатарын құрайтын тіркестер және орыс тілінен енген сөз деп жүрген;  «адвокат», «жеребия»,  «ноль», «солдат», «стакан», «старшина», «тариф», «штык» тағы да басқа сөздер араб-парсы, түркі, қазақ тілдерінен одан басқалары латын, грек, француз тілдерінен енгенін тіл білімінің заңдылығы негізінде қарасырдық. Сонымен қатар, бүгінде қолданыстан шығып қалған қазақтың байырғы «асы», «желқабыз», «жыға», «бадалық», «дәндәку», «азбан» «ақшомшы» және басқа көптеген көне сөздерінің мағынасын да ғылыми негізде ашып, ұлы Абай айтпақшы болған ойларын оқырмандарға кеңірек жеткізуге тырыстық. Ғылым дегеннің өзі - жалпы жұрт көре алмаған дүниенің тылсым сырларын ашып, дәйекті дәлелдермен көрсете білу өнері.

Араб тілінде түскен Алла тағаланың Құран Кәрімі тұңғыш рет ажам халықтары арасында парсы тіліне аударылған және оның ел арасына таралуына парсы тілінің ықпалы зор болды. Орта ғасырларда Тұран-Иран елді мекендерінде парсы тілінің үстемдік құрып тұрғаны тарихтан белгілі. Мысалы: «Мұсылман» сөзі араб тілінде «мүслим» (исламға тәслім болған, берілген) сөзіне парсының «ан» жұрнағының жалғануы арқылы «мүслиман» («мұсылман») болып қалыптасты. Бүгінде бүкіл мұсылман қауымы осы атаумен аталады. Осы тұрғыда айтарымыз, басқа тілдерде пайдаланған сөздіктердің (арабша, парысша, орысша, тәжікше, өзбекше, татарша) мазмұнын қазақшалап беріп отырдық, себебі, шет мемлекетте тұратын және еліміздегі қазақ қандастардың түсінуін де оңайластырдық.

Ел арасында айтылып жүрген осы сияқты көп сөздер парсы тіліндегі -паз, -баз, -гар, -гер, -қар, -кор, -хор сияқты қосымшалары сөз түрлендіру арқылы «саудагер», аспаз», «күнәқар», «қамқор», тіпті кіріге біріккен «бейкүнә», «бейхабар», «бейшара», «адамзат» сияқты ұғымдар төл сөзімізге айналып үлгірді. «...мәселен, «фақир» дегенді қазақтар «бақыр» дейді, «тағзым» дегенді «тәжім» дейді, «ғанимат» дегенді «қанибет» дейді, «хош» дегенді «қос», я «қош» дейді, «мард» дегенді «мәрт» дейді. Қазақтар осы сөздерді бөтен жұрттан алдық деп ойламайды» («Дала уалаятының газеті», - Алматы. Ғылым, 1990. – 584 б. 316-бет). Оған қоса тұрмысымызға етене араласып кеткен; «дастархан, рас, дұрыс, мырза, ханым, диқан, сауда, пайыз, палау, аспан, астана, шаруа, тән, жан, бет, мәрт, жомарт т. т.» («Шалқар» газеті. № 25-26, 2013 жыл. 3-бет). - деген сөздерді де айтуымызға болады.

Бұл еңбегіміздегі негізгі мақсат Абайдың шығармашылығына тікелей қатысты араб, парсы, түрік, орыс тағы да басқа тілдерден алынған терминдердің мағынасын ашу барысында, әр түрлі тілдегі сөздіктер және Шығыс зиялыларының пікірлерімен, шығыстанушы ғалымдардың ғылыми зерттеулеріндегі пікірлерімен санасып отырдық. Мұхтар Әуезовтың түрлі зерттеу еңбектерімен қатар «Абай жолы» роман-эпопеясын және бүгінде көзі тірі Абайтанушы белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметұлы Абайдың Шығысқа қатысы бар бірнеше еңбектерін де пайдаландық. Осы тұрғыдан қарар болсақ, ғалымның «Абай лұғаты» (2017) атты еңбегін ерекше атауымызға болады.

Әр тақырып араларын жұлдызшалармен бөле отырып алфавиттік (грек тілінен алынған, альфа және бета) жүйені сақтай отырып қысқаша энциклопедиялық (грек тілінен алынған, білім өрісі) өре жасадық. Осы еңбегімізде Абай мұрасын басқа ғылым салаларымен байланыстыра зерттеу барысында, дәуір талабы ғаламторды пайдалануды да ұмытпадық. Мұндағы көздеген нысан басқа түрлі маман иелері Абай шығармашылығы арқылы өз пәнін толық игеруге мүмкіндік алады деп ойлаймыз.

Белгілі пән ғылымының бастау алар негізі Шығыс болғанымен, «Оғызнама» Парижде, «Қорқыт Ата кітабы» Дрезденде, Ватиканда, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» жыры Венада, сондай-ақ тағы да басқа мыңдаған жазба жәдігерлер ХІІІ ғасырда «Крест жорықтары» арқылы Батыстың қолына түсіп, әлем өркениетімен бірге пәндердің аты өзгеріп термин сөздерге айналған; энергия, медицина, медияция, физика, химия, математика, синоним, чек, нарықтық экономика,  индукция мен дедукуция, инновация сияқты сөздердің Абайға қатысты тұстарын ғылыми негізде қарастырдық. Сонымен қатар, аспан әлеміне байланысты ақынның өзі айтатын «...бес күннің орны жоқ...» дегеніне шама-шарқымызша шарқ жасадық.

Өз сөзімізді айқындау барысында ғылымның кілті Құранда екендігін ескеріп, қасиетті Кітаптың сүрелері мен аяттарынан үзінділер және Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистері арқылы ислам дініндегі «Құранды сүй және оны барша жұртқа түсіндір!» деген орыс әдебиетінің негізін салушы біртуар ақыны А.С.Пушкин сөзін негізге ала отырып, қажетті деп табылған сүре мен аяттарды FL-QUR’AH AL-KARIM WITH ENGLISH & KAZAK TRANSLATION Restu Foundatin 2010 жылғы аударма Құран кітабынан алдық.

Еңбегіміздегі негізгі болып табылатын дерек көзі; Мұхтар Әуезов жалпы редакциясын басқарған Абай (Ибраһим) Құнанбаев шығармаларының екі томдық толық жинағы. Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институты, Алматы. 1957 жылы Қазақтың мемлекеттік «Көркем әдебиет» баспасынан шыққан кітапты ең таңдаулы деп пайдаландық. Ұлы Абайдың назым уәзіні мен насыр үлгісінде жазылған ғибратты сөздерінен келтірілген үзінділер жақшаның ішінде томы көрсетіліп, соңынан кітаптағы беті, мәселен мына үлгіде: (І, 51) берілді.

Тағы да айтарымыз кітапта берілген «мақлұқ» (ІІ, 175), «махлұқ» (ІІ, 183), «нақлыя» (ІІ, 204), «наклия» (ІІ, 205), «салалаһу» (ІІ, 191), «саллаллаһү» (ІІ, 201), «үдда» (І, 69), «үде» (ІІ, 183) тағы да басқа көп термин сөздер әр түрлі жазылып кеткен яғни бір қалыпқа түспегендігін белгілі тілші ғалым Рабиға Сыздықова: «...сипат, есеп тақырыптыларында сифат, хисап түрінде жазылған, ...1957 жылғы екі томдықта перзентлерім (ІІ, 194), адам ұғлы (ІІ, 194), ғибрәтлендік (ІІ, 211), ...Бұл – әрине, принциптік емес: түзетсек, күллісін түзетуіміз керек, жоғарыдағыдай әр жерде «шағатайша-татарша» жазылғандарын қалдырар болсақ, барлық жерде қалдыру керек» (Абай және қазақтың ұлттық әдеби тілі. - Алматы. «Арыс» баспасы. 2004. - 616 бет. 38-бет) – дегені ойға оралады.

Тілімізге етене еніп кеткен батыстық термин сөздерді: Советский энциклопедический словарь. \Гл. ред. А.М.Прохоров; редкол.: А.А.Гусев и др. – Изд. 4-е. – М.: Сов. энциклопедия, 1987. – 1600 с. кітабын пайдаландық.                                                                                                                                   Автор


І. Араб-парсы сөздері

Абай айтатын «Аброй араб. аб – су, руй – бет, жүз. сөзбе-сөз, «беттің суы», яғни ар-ұят, қадір қасиет». (Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. - Алматы: «Аруна Ltd» ЖШС, 2010. - 592 б. 24-бет). - мұнда, араб сөзі деп жаңылыс кеткен болуы мүмкін, негізінде, абырой парсы сөзі «[аб(э)ру] честь, достоинство; репутация; (Персидско-русский словарь: В 2-х тт. Свыше 60 000 слов. – М.: Рус. яз., 1985. Т. І. 800 с. стр. 36). Мазмұны: даңқ, сенімді; атақ. Тағы да мына сөздікте парсы тілінен енген сөз екенін айта келіп; екі жерде: «об - су, руй  -  бір нәрсенің сыртқы көрінісі, беті» деп анықтама берген (Толковый словарь узбекского языка: 60 000 слов. Под ред. З.М.Магруфова. - М.: Рус. яз., 1981 – 632 с.Т.І. стр. 515 и 631).

10-қара сөзінде «Бұл – абройын, арын сатып, адам жаулағандық, тіленшілік.» (ІІ, 168) – деген, ұлы ақын Құдай саған еңбек етерлік күш қуат берді ғылым қылуға сана берді соны біле тұра ауырдың үстімен жеңілдің астымен жүріп байығың келеді олай тапқан байлығы құрсын деп түңілгенін 42-қара сөзінде: «Бұл күндегіге байлық та мақтан емес, ақыл, аброй да мақтан емес, арыз бере білу – мақтан» (ІІ, 215) - деп, басқаны аңдып қит етсе үстінен шағым түсіріп алтын уақытын босқа жіберетіндерге ашынады.

Құрбыңның тәуір болсын өз мінезі,

Абройлы қалжыңмен келсін сөзі. (І, 40).

«Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» атты ұзақ өлеңінде заманы бір құрбылардың (парысша құрбаәт) бір-біріне деген ерекше сыйластығы болуы да сыйластықты аңғартатынын көрсетеді. Ол қасиетті Кітапта: «Олар абройларын арам-зинадан таза сақтаушылар» (Мұғарыж сүресі (70)  29-аят)  және Әли-имран  (3) 45, Ниса (4) 34,  Аграф  (7) 26,  119 һижыр (15) 88, Нахыл (16) 122, Таһа (20) 121, Әнбия (21) 10,Мүміндер (23) 5, Нұр (24) 30, 31, 58, Нәміл (27) 34, Ахзап (33) 35, Саба (34) 35 – аяттарында осы мағыналарда бірнеше жерде кездеседі.

Ақын Абай «аброй» сөзінің қолданыста жүріп ауызша түрінде «абиыр», «абұйыр» болып кездесетін түрін де қолданған. Дыбысталуында ерекшелік болғанымен өзара мазмұны бір ұғымдар болып шығады.

Абиыр, атақ сол жанда,

Кімді көп жұрт мақтаса,

Ол мақтаудан не пайда,

Көп мақтауын таппаса? (І, 145).

(«Не іздейсің, көңілім, не іздейсің»)

Абиыр қайда, ар қайда?

Әз басыңа не пайда? (І, 92).

«Сегіз аяқ» атты даналық ойды қозғайтын өлеңдегі түйіндер 17-қара сөзінде жалпақ қарапайым тілмен түсінкті етіп   берілген. «Дүниеге лайықты өнер, мал тауып, абұйыр, мансапты еңбексіз табуға болмайды.» (ІІ, 173).

Осы да есеп бола ма

Ар, абиыр тапқанға?

Миың болса жолама

Бос желігіп шапқанға. (І, 85). («Мәз болады болысың») жеңіл-желпі алған атақтың өміршең еместігі бесенеден белгілі, тек оны ұлы ақын ол аброй есеп емес деген қорытындыға келеді. Оның адамшылыққа теріс екендігін жан-жақты айта келіп, 36-қара сөзінде:  «Шын ұят сондай нәрсе, шариғатқа теріс, я ақылға теріс, я абиырлы бойға теріс бір іс болады» (ІІ, 192) деген ғақлиясында ұят, намыс туралы кеңінен сөз қозғаған. Ұяттың діни имандылықпен тікелей байланысты екені шариғаттың ұстанымынан келіп шығатын адамгершілік негізінде жатыр. «Атақ алма аброй ал» деген қанатты сөздің байламы болса керек-ті.

***

Абайдың 38-қара сөзінің соңында намазға айырықша тоқталып түсінік беріп өтеді. Намаз оқырдан алдынғы ағза тазалығын: «...сезімді тазалыққа кіргендігіңді кәміл ыхласыңды көрсетіп, ішімнің сафлығының соңында халық көрер, сыртымды да пак етемін һәм көзге көрінбейтін ағзаларымды да пак етемін, бұл пәктіктің үстінде аллаға дұға айтамын деп әзірленесіз.» (ІІ, 210). Ол «Ей, Адам балалары, әрбір сәжде сәтінде зейнеттеліңдер яғни таза киімді болыңдар.» (Ағраф сүресі (7) 31-аят). - деген.

«[азв] мн. [аъза] 1) анат. член; орган; конечность;...» (Персидско-русский словарь: В 2-х тт. Свыше 60 000 слов. – М.: Рус. яз., 1985. Т. ІІ. 864 с. стр. 184). Осындағы  Ағза арабтың – мүше, ішкі мүше дегенді білдіреді. Ол адам мен жануарлар және өсімдіктердің ішкі мүшелері олар бір-бірінсіз өмір сүре алмайды, мәселен, ми орталық жүйенің басты мүшесі, ол барлығына хабар беріп отырады. Ал өсімдіктерде ағаштардың  діңі, ол бұтақ тарайтын жапырақ шығаратын негізгі ағзасы. Біз айтар ойымызды адамдардың бір ғана ішіп-жеу ағзалары туралы айтпақпыз.

Шығыстың біртуар ғұламаларының бірі Дауани «Алақ-э Жалали» атты еңбегінің 176-183-беттерінде себепсіз ішіп-жеу туралы айтқанда, өзінен бұрынғы өткен ойшылдардың пікіріне сүйенеді, әрі олардың еңбегінен үзінділер келтіріп отырып, өз ойын дәлелдеуде орнымен пайдаланады. Мысалы, соңғы пайғамбар (с.ғ.с.) Мұхаммед ибн Абдуллахтың (570-632): «Асқазанның бір бөлшегіне ғана сай мөлшерде жеңіз, сонда ғана деніңіз сау, көңіліңіз көтеріңкі жүреді». (Оразалиев С. Абай және Дауани. Түркістан. «Мұра». 1997. - 104 бет. 69-бет) – деп, адам ағзасына артықша тамақ жүк болатындығы туралы сөзін келтіреді. Егер артығырақ тамақ қабыл қылсаң, ағза мүшелерінің қимылын көбірек талап ететін жұмыс істе, сонда ғана жегенің ас болып, бойыңа сіңбек.

Медицина ғылымы, дене еңбегімен шұғылданатындар ой еңбегімен айналысушылардың көбірек жегені дұрыс деп табады. Әсіресе, дихаңдардың маңызды тамақтарды пайдаланғаны дұрыс. Дауани дихандардың енбегін жоғлры бағалап, оларды жоқтан бар жасаушы нағыз еңбек иелері деп қараған. Оның жерден өнім алып отырған еңбек иелерін жоғары бағалауында белгілі бір мағына жатыр, өйткені, ол дәуірде Шығыс елдерінде қоғамның дамуына және әлеуметтік күш-қуатын молайтуға тікелей әсер ететін белгілі өндіріс орындары болмады. Адамдар бар күшін жерді өндеп, сапалы өнім алуға ғана жұмсаған.

Ғалымдардың айтуында, ішіп-жеу, яғни тән кұмарлығы - адам бойындағы биологиялық қажеттілік. Бұған жан-тәнімен берілуге болмайды, өйткені ішіп-жеуді мөлшерден асырып жіберу ағзаға зиян. Егер адам астың ағзаға қажет мөлшерін ғана қанағат тұтып, ретімен қабылдаса, түрлі аурудың алдын алуға болады. Осы туралы шығыстың шипагер дәрігерлерінің бірі «Аурудың түпкі себебі ішіп-жеуден», (Дауани. Ахлақ-э Жалали. Бомбей, Музаффари, 1873. 179-б.) - депті.

Адамның өзіне, өзге адамдарға, айналасындағы заттар мен құбылыстарға көңіл-күйінің қатынасын білдіретін және оларды бейнелейтін сезімінің қайнар бұлағы.

Сезім адамның табиғи және әлеуметтік қажеттіліктерінің қанағаттандырылу не қанағаттандырылмауы салдарынан туындап отырады тірі ағза өз алдына жеке өзгемен қатынассыз өмір сүре алмайды, олар бір–бірімен үнемі тығыз байланыста болады, яғни, бір ағзалар басқа ағзалармен қоректенеді. Соның негізінде табиғатта ағзалардың бірлестігі қалыптасады.

***

Абай 38-қара сөзінде «ағлам» туралы айтылады, ол арабшадағы сипаттың әйгілі, анық, айқын, аян екенін айғақтайды. «Жә, ол сегіз сипатына сипатымызды һәм ол аттары бірлән ағламланған фиғыл құдаға фиғылымызды ертпек не бірлән табылады, қалайша табылады, оны білмек керек.» (ІІ, 196-197). Осындағы «Ағлам (ъаләм) араб. белгілі, мәлім, анық.» (Мансұров Н.Б. Қазақ тіліндегі діни терминдер сөздігі. Алматы: Эвро, 2016. – 112 б. 37-бет). «Ол бес жүз жылдық аралықтан адамдарға анық көрініп тұрады» (Мүддәссір сүресі (74) 29-аят) мұнда, Алланың 8 сенімді сипатының мәлім екендігін айғақтап тұрғандығын айғақтайды.

«(ъаълам-у) ағлам – барлығынан жақсы білетін (құдай), барлығынан хабары бар (ғалым). (Арабша-қазақша түсіндірме сөздік – Алматы: Білім, 2011. Т.1.- 408 б. 63-бет) тағы да бір сөздікте: «Аълам (араб. - билгич, билоғон) – уломалар ичида шариат қонун-қоидаларини яхши билган киши. Октябрь рев-ясидан илгари қозилик лавозимига купинча шариат қонунларидан бехабор одамлар сайланган. Ана шундай қозилар А. маслаһати асосида һукм чиқарган» (Ислом: справочник. М.А.Усмонов таһрири остида. Узбек Совет Энциклопедияси, Т., 1989. - 334 б. 61-бет). Мазмұны: Ағлам (арабша – білгіш, білгір) – ғұламалар ішінде шариғат заң-ережелерін жақсы білетін кісі. Қазан төңкерісінен алдын қазылық лауазымына көбінде шариғат заңдарынан хабары жоқ адамдар сайланып кеткен. Міне осы қазылар ағлам кеңесі негізінде шешім шығарған. Дін істері жөнінде пікір бере алатын діни амалдарлар, дін басылары шығарған шешімді мөр басып бекітетін лауазымды тұлға.

Аълам булмоқ а. - 1. хабардор булмоқ, билмоқ.

Чу булсанг һолима огоһу аълам,

Жавобин һам йибор, валлоһу аълам (Ф. Ш.).

2. Шариат қонун-қоидалари юзасидан берилган фатвони тасдиқ ёки рад этувчи диний арбоб, бош муфти.

Бирингиз қози, бирингиз аъламу муфти булиб,

Бу не ойин эрдиким, сизлар намоён эдингиз.

(А.У.). (Лапасов Жавқан. Мумтоз адабий асарлар уқф луғати: Урта мактаблар учун. -Т.: Уқитувчи, 1994. - 272 б. 23-бет). Мазмұны: Ағлам болу араб тілінде – 1. хабардар болу, білу.

Қатты күш салсаң қайтпас ағлам

Жауабын да жібер, ей Алла ағлам («Фархад  пен Шырын» жыры).

2. Шариғат заң-ережелері тұрғысынан берілетін дұғасын қабыл ету немесе қабыл етпейтін діни қызметші, бас муфти.

Бірің қазы, бірің ағлам муфти болып,

Бұл қандай айна, сендер анық көрінетін. (Аваз Полвонниаз Отароғлы (1884-1919) өзбек ақыны).

Жалғасы бар...

Сейдалы Оразалиев

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті 

Гуманитарлық ғылым-зерттеу институты        

«Абайтану» ғылыми-оқу орталығы

Abai.kz

0 пікір