Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Саңлақ 4430 0 пікір 17 Шілде, 2019 сағат 12:14

Универсиада жүлдегерлеріне қанша сыйақы беріледі?

Ғалымжан Қырықбай

14 шілде Италияның Неаполь қаласында өткен жазғы Универсиада ойындары аяқталды. Қазақстан құрамасы бұл жарыста жеті медаль жеңіп алды.

Бәріміз білетіндей, Олимпиада, Азия ойындары, Универсиада сынды ірі халықаралық додаларда жүлде салған қазақстандық спортшыларға ел үкіметі белгілі мөлшерде сыйақы береді. Енді Неаполь төрінде медаль алған қазақстандық студенттердің қанша сыйақы алатынын есептеп көрейік:

Үкіметтің 2014 жылы 19 желтоқсандағы № 1345 қаулысына және 2017 жылы 28 қарашадағы № 786 өзгертулеріне сәйкес спортшыларға ақшалай сыйақы төлеу қарастырылған: бірінші орын үшін - 15 мың доллар, екінші - 10 мың доллар, үшінші - 5 мың доллар. Сонымен қатар, бапкерлер де тиісті мөлшерде сыйақы алады. Қаулы бойынша, жеке жаттықтырушыға спортшы жүлдесінің 80% -ы беріледі.

Осы бойынша есептегенде, Қазақстан үкіметі жүлдегер спортшыларға төлейтін сыйақының жалпы сомасы 53 млн. 886 мың теңге болады.

Осы кезекті Универсиадаға Қазақстан атынан 94 спортшы қатысып, жеті медаль иеленді. Жалғыз «алтынды» дзюдошы Ғалымжан Қырықбай жеңіп алды. Күміс медаль: гимнастшы Нариман Құрбанов пен Милада Карими, жеңіл атлет Михаил Литвин, таэквондошы Смайыл Дүйсебай (87 келіге дейін) және Зоя Кравченко (стендтік ату). Ал Сәрсенкүл Рысбекова (стендтік ату) қола жүлдегер атанды. Біздің студент спортшылар жалпы командалық есепте 25-ші орын алды.

Ал осыдан екі жыл бұрын Тайбэйде өткен Универсиада ойындарында қазақстандық спортшылар үш «алтын», алты күміс және жеті қола медаль иеленген еді. Алтын медальдер саны бойынша ең үлкен көрсеткіш 2015 жылы өткен Универсиада кезінде тіркелді. Кванджуда (Оңтсүтік Корея) біздің спортшылар алты алтын медаль жеңіп алған болатын.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

0 пікір