Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 2397 0 пікір 6 Шілде, 2011 сағат 19:32

Айдос Сарым, саясаттанушы: «Бәйменовтікі – саяси сатқындық»

Өткен аптада «Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасының төрағасы Азат Перуашев «Ақ жол» партиясының басшылығына келді. Ал «Ақ жолдың» бұрынғы төрағасы Әлихан Бәйменов Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тізгінін ұстады. Осы ауыс-түйіске тәуелсіз сарапшылар әртүрлі баға беріп жатыр. Дегенмен «Ақ жолдың» айналасындағы мәселенің мәні неде?

- Айдос мырза, «Ақ жол» партиясындағы соңғы жаңалықтардың төркінінде қандай саяси астар жатыр деп ойлайсыз?

- Бір сөзбен айтсақ, өткен аптада орын алған саяси сандырақтың (басқаша айтуға келмейді) артынан жақындап қалған парламент сайлауының лебі есетіндей. Биліктегілер: «Бізге екіпартиялы жүйе құру қажет, екі партиядан басқасының керегі жоқ», - деген тұжырымға келген сияқты. Мысалы, Американың, Азияның, Еуропаның көптеген елдерінде екіпартиялы жүйе бар. Демократиялы ел атану үшін екі партияны Мәжіліске өткізсек, жеткілікті деп ұйғарған болуы керек. Осыған орай, жанталасып, жоқ жерден екінші партияны құруға кірісіп кетті. Бұл әрине, жақсылық емес, және бұл тірліктен оңды ештеңе шыға қоймайды деп ойлаймын.

- Сонда елдегі екінші партияны Ақорда қолдан жасайтын болса, қоғамдағы қозғаушы саяси күш ретіндегі партиялық институттың рөлі не болмақ?

Өткен аптада «Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасының төрағасы Азат Перуашев «Ақ жол» партиясының басшылығына келді. Ал «Ақ жолдың» бұрынғы төрағасы Әлихан Бәйменов Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тізгінін ұстады. Осы ауыс-түйіске тәуелсіз сарапшылар әртүрлі баға беріп жатыр. Дегенмен «Ақ жолдың» айналасындағы мәселенің мәні неде?

- Айдос мырза, «Ақ жол» партиясындағы соңғы жаңалықтардың төркінінде қандай саяси астар жатыр деп ойлайсыз?

- Бір сөзбен айтсақ, өткен аптада орын алған саяси сандырақтың (басқаша айтуға келмейді) артынан жақындап қалған парламент сайлауының лебі есетіндей. Биліктегілер: «Бізге екіпартиялы жүйе құру қажет, екі партиядан басқасының керегі жоқ», - деген тұжырымға келген сияқты. Мысалы, Американың, Азияның, Еуропаның көптеген елдерінде екіпартиялы жүйе бар. Демократиялы ел атану үшін екі партияны Мәжіліске өткізсек, жеткілікті деп ұйғарған болуы керек. Осыған орай, жанталасып, жоқ жерден екінші партияны құруға кірісіп кетті. Бұл әрине, жақсылық емес, және бұл тірліктен оңды ештеңе шыға қоймайды деп ойлаймын.

- Сонда елдегі екінші партияны Ақорда қолдан жасайтын болса, қоғамдағы қозғаушы саяси күш ретіндегі партиялық институттың рөлі не болмақ?

-Шынын айту керек, жаңағыдай тәсілдерді пайдалану - үлкен жетістік не үлкен жаңалық емес. Бұл - саясатты, саяси институттарды қорлау, мазақтау! Ақылдың емес, жалқаулықтың ісі. Шарасыздықтың ісі. Бұл Ресейге еліктеуден туды. Көрші елде Прохоров деген миллиардер «Правое дело» деген партияны сатып алып, соның негізінде «екінші партия» атанамын деп тырысып жатыр.

Өзіндік идеялар мен жобалар болмағандықтан, біздің биліктегілер сол ресейлік тәжірибені қолданбақшы.

Алайда Перуашев Прохоров емес қой! Екеуінің де тегі «П» әрпінен басталады демесек, оларды біріктіріп, бір деңгейге қоятын негіз жоқ. Прохоров миллиардтаған доллар қаражат жасап, өзін саясат алаңында сынайын деп, өз жобасына миллиондаған қаражат құймақшы. Оған қоса, жақсы болсын, жаман болсын, Прохоров - белгілі бір көзқарастар мен саяси құндылықтардың адамы. Кеше ғана «Нұр Отанның» құрылтайында «ағынан жарылып», ашыла сайрап, артынан партия қатарынан шығып, «оппозицияға кеткен» Перуашев емес.

Оның үстіне, жаңартуға, жаңалауға келетін және келмейтін дүниелер болады. «Ақ жол» -  бренд жаңалауға келе қоймайтын дүние. Мысалы, Серікжан Мәмбетәлин Перуашевқа ұқсас жолмен «Руханият» партиясына келіп, одан «жасылдар» мен «оралмандардың» партиясын жасаймын, партияны жаңартамын деп талпынды. Одан не шықты? Не «жасыл» емес, не қазаққа «жақын» емес, бірдеңе пайда болды.

«Ақ жол» - алдымен мемлекетшіл күштердің, жас саясаткерлердің партиясы, сосын 2004-2005 жылдардағы бөліністен кейін «ұлттық» партия ретінде дамып бақты. Қазір оның ішінен «ұлттық» компонентті алып тастап, таза кәсіпкерлердің партиясын жасаймыз деп жатыр. Азат Перуашев қазақша сөйлей алады, алайда қазақты айналдырып, аузына қарататын шешен емес. Тіпті, қажет десеңіздер, қазақ электораты оған күдікпен қарайды. Машкевичтердің оң қолы болған, соның партиясын басқарған соң. Кәсіпкерлік пен шағын бизнеске де қатысы шамалы. Негізінен, ірі бизнес пен салалық лоббишілердің сөзін айтумен келеді.

Егер, шын мәнінде, ұлттық бизнесті қолдайтын партия қажет болған болса, оны жаңадан құру керек еді. Ол үшін елдегі құрылымдар мен ұйымдар жеткілікті. «Ақ жол» билікті шаршатқан болса, оны «Нұр Отанға», не болмаса жаңа партияға қосып жіберуге болар еді. Жанымызды қинамай, ақшаны шығындамай, жұртты дүрліктірмей, тып-тыныш қана партия жасай салайық деген қисын саясатқа қайшы келеді. Жанды қинамай өлуге болатын шығар, бірақ өмір сүруге болмайды.

- Партияның қарапайым мүшелері араласпаған, жергілікті жерде талқыға салынбаған бұл өзгеріс «Ақ жолдың» өз ішінде іріткі тудыруы мүмкін бе?

- «Ақ жолдың» құрамында қалғандардың көбісі ешқандай іс-қимылға бара қоймас. Мінезі, ойы, ұстанымы барларының көбісі баяғыда-ақ оның құрамынан шығып кеткен. Алайда бірен-саран азаматтардың бұлқынып, наразылық танытуы ғажап емес. Кезінде дәл осы Перуашев басқарған Азаматтық партиямен арпалысқандар қаншама! Олардың партия қатарынан шығып, басқа партияларға, не ұлттық ұйымдарға мүше болуы таңсық жағдай емес. Оның үстіне, Перуашевтің өзі де бұрынғы кадрларды жақындата қоймас. Мүмкіндігінше, өзіне жақын адамдарды тартатыны белгілі.

Сондай-ақ бәйменовшіл «Ақ жолды» өз мүшелерін сыйлайтын демократиялық партия деп айта алмаймыз. Қарапайым мүшелердің пікірін зерттеп, олардың көңілін аулаған адам шамалы. Сондықтан да, өз басым, партия басшылығының бұл тірлігін сатқындық деп санаймын. Қарапайым партия мүшелеріне, Бәйменовке құдайдай сенген азаматтарға жасалған қастандық деп бағалаймын. Саяси сатқындық пен салдақылықтың заңды нәтижесі - осы болар. Билікке бір нәрсе үшін ғана рақмет айтуға болады: адамның тым созылып кеткен азғындау трагедиясын тоқтатқаны үшін. Қалғанын алдағы уақыт көрсете жатар.

- «Ақ жолдағы» бұл ротацияны кейбір саясаткерлер күзде болатын парламент сайлауына дайындық деген пікір білдіреді. Ал сіз қалай ойлайсыз?

- Шынын айтсам, екіұдай пікірдемін. Парламент сайлауын Ресейден бұрын өткізгеніміз дұрыс болар еді. Алайда дәл осы жылдың ішінде сайлау өте қоймас. Сайлауды дұрыс өткізу үшін де белгілі бір дайындық қажет. Мысалы, «екінші партияны» жөнге келтіру үшін де белгілі бір тіршілік пен уақыт қажет. Перуашев пайғамбар емес, партияға келді - болды, ол партия жоғары рейтинг жинай алмайды. Яғни жарнама қажет, насихат керек. Оның үстіне, елдегі әлеуметтік ахуал мәз емес. Екі жердің бірінде ереуіл, екі қаланың бірінде наразылық акциялары. Бұндай жағдайда сайлау өткізу - наразылардың барлығын да оппозицияның алақанына ұстату деген сөз. Билік ондай сайлауға бара алмайды. Олай болса, нақты мәселелерді шешіп, олардың алдын алып, сайлауды жариялауға тырысады. Билік үшін сайлауды келесі жылдың көктемінде, не жазында мерзімінен бұрын өткізген тиімді сияқты көрінеді. Биыл - Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдық мерекесі. Өзіне-өздері жұмыс тауып, мерекенің шырқын бұзуға билік бара қоймас. Керісінше, мейрамның көңіл  күйін, эйфориясын өз мүддесіне пайдалануға тырысады.

- Интернеттегі әлеумет те, сіз сияқты, Бәйменов «Ақ жолдың» мүддесін сатып кетті деген пікір айтып жатыр, саясаттанушы ретінде Әлиханның осы айырбасқа барған әрекетін қалай бағалайсыз? Бұны да бизнестің бір түрі дейміз бе?

- Әрине, ешбір адам басқа біреудің миына, жанына, жүрегіне кіре алмайды. Бәйменовтің да өз есебі бар шығар. Шаршау да, жалығу да бар болар. Оның үстіне, партияның қаржылық жағдайы күрт қиындап кетті. Ал партия дегеніміз тек қана «сұхбат беріп, халық алдына шығу» емес. Үлкен жауапкершілік!

Ең алдымен аймақтағы азаматтардың алдындағы жауапкершілік. Белгілі бір азаматтарды қатарыңа тарттың ба, олардың басын бәсекеге салдың ба, жауап бересің! Олардың жағдайын жасауға, жалақысын төлеуге міндеттісің!

Ал біздікі сияқты елде партия үшін, әсіресе оппозициялық партия үшін қаражат табу еріккеннің ермегі емес, - өте-мөте қиын шаруа. Бұндай жүкті екінің бірі көтере алмайды. Оның үстіне, Бәйменовтің билікке тәуелді екені белгілі. Соңғы жылдары бізде 2004-2005 жылдардағы «Ақ жолдың» қалай бөлінгені, оған билік тарапынан нақты кімдердің қатысқаны туралы біраз деректер бар. Саясатта бірдеңені жасыру қиын, ал сатқындықты жасыру мүлдем мүмкін емес. Бір-екі рет билік өкілдерімен кездесіп, сөйлескен соң, ары қарай қарсыласа алмайтынын Әлиханның өзі де түсінген шығар. Батырлықты, өр мінезді Әлиханнан бұрын да байқамап едім. Жылдар өте бұндай қасиеттер бойына дари қоймаған болар деп санаймын. Адами тұрғыдан аянышты жағдай. Саяси тұрғыдан - әр нәрсенің өзінің басы мен аяғы болады. «Партия қайраткері Әлихан Бәйменов» атты трагикомедияның аяғы осы болар. Ал «Шенеунік Бәйменов» атты қойылымның қалай аяқталатынын болашақта көре жатырмыз. Биліктің, президенттің оған аса үлкен сенімі жоқ екені белгілі. Егер ертеңдері оны биліктен қуып жіберсе де таңғалмаймын. Нағыз трагедия сонда болады.

- Ал «Ақ жолға» Азат Перуашевтен гөрі, елге етене жақын адам табылмағаны қалай? Бұл биліктегі кадр кризисінің бір белгісі емес пе?

- Партия - ойыншық емес. Үлкен маңызы бар саяси құрал. Оған біреуді басшы етіп қою үшін кем дегенде ол адам биліктің, ең бастысы, президенттің көңілінен шығуға міндетті. Ертең парламентке өткен соң, билікке қарсы қоқан-лоқы шығарып жүре ме деген үрей жоқ емес. Мысалы, кезінде Болат Әбілев «Отан» партиясының мүшесі бола отырып, билікке қарсы сын айтты. Сол үшін оны Мәжілістен бір күнде шығарып тастады. Сол себепті де билік парламентке әбден сенімді, айтқанымыздан шыға алмайды-ау деген адамдарды өткізуге құмар. Өткен президент сайлауына да бірде-бір тәуелсіз кандидатты тіркемегені содан! Тіпті былығы болсын, арты таза болмаса да, бәрібір. Саяси бәсекелестік жоқ жерде бұндай жағдай жиі кездеседі. Ертеңгі парламентке оппозицияны өткізуге болар еді. Алайда сенім жоқ. 15-20 депутаттың қолынан келетіні шамалы! Бірақ парламент деген ең үлкен мінбер ғой. Екі күннің бірінде билікті сынап, әкесін танытып жатса, не істейді? Яғни: «Екінші партия да өзіміздікі болуы керек», - деген ой пайда болады. Оған да «шыңдалған», «берік», «сенімді» кадрлар қажет болады. Сол себепті «Нұр Отаннан» Перуашевті шығартып, аз-маз үкіметті сынатқызып, одан «оппозициялық» көсем жасамақ. Бірақ, менің ойымша, бұндай ойындардың уақыты өтіп кетті. Екіпартиялық жүйені билік жасай алмайды. Келесі парламент құрамында шынайы оппозиция болмаса, ондай сайлаудың мағынасы да, мәні де жоқ деген сөз. Қоғам да, Батыс та ондай сайлауды мойындамайды. Саяси ойындардың орнына нағыз саясат келмесе, жағдай одан ары  ушығып кетеді. Бұл тек билік үшін емес, - мемлекет үшін төнген қауіп. Осыны естен шығармағанымыз жөн.

- Ал енді бір сарапшылардың пікіріне қарағанда, елдегі екінші партия ұлт патриоттары негізінде табиғи түрде пайда болуы керек екен...

- Түбі соған келе жатыр. Алдағы уақытта екі дүлей күш - ұлтшылдар мен діншілдер қоғам дамуына ең үлкен ықпал ететін болады. Олардың қасында «Нұр Отанның» өзі түк болмай қалуы ғажап емес. Ерте ме, кеш пе, билік «қазақ партиясын» тіркеуге мәжбүр болады. Ол, бәлкім, келесі сайлаудың сыбағасына тиер. Әзірге билік үшін қазақ мәселесі - түсініксіз, қорқынышты, тіпті құбыжық мәселе. Ал ат төбеліндей ғана «нұр-отандық» ұлтжандылардың депутаттық сауалына үреймен қарайтын биліктегілер парламенттегі ұлттық партияны қазір қайтсін? Сондықтан ең үлкен, алапат жұмыстардың барлығы алда. Қарап отырмай, соған дайындықты жүргізе беру керек. Ұлтымызды алдағы уақыттағы қиын кезеңдерге, сындарға дайындай беруге міндеттіміз. Ішкі дайындығымыз мықты болса, бізді сырттан жау ала алмайды.

Дайындаған -

Жұқамыр ШӨКЕ,

«D»

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 25 (108) 6 шілде 2011 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3519