Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
46 - сөз 3139 0 пікір 5 Шілде, 2019 сағат 11:37

Ата-аналарға балаларымен қарым-қатынас жетіспейді

Қазақ балаларына көп жағдайда ата-анасымен қарым-қатынас жетпейді. Жыламасын, мазаламасын, тыныш болсын деп қолына телефон ұстатып құртамыз. Оған тәуелді қыламыз. Телефонның бала денсаулығына зияны бөлек әңгіме. Оның адами болмысын өзгертеді. Тілазар, агрессивті, айтқанынан қайтпайтын, жылауық, жасық, досы жоқ, әлжуаз, әлемі бөлек, ойы шорқақ, мінезі нашар боп қалыптасады. Айналасы, шынайы тұрмыс-тіршілік - қоғаммен қарым-қатынасы қиындайды. Сөйтіп, бірте-бірте ата-анасының оған, оның ата-анасына деген жылуы қалмайды, бір-бірінен алыстайды.

Айтқаныңды тез қағып алатын қағілез, алғыр, өмірге бейім, білімге құмар, кез келген жанмен тез тіл табысатын ашық мінезді, ойын еркін жеткізе алатын бала өссін десеңіз телефонға тәуелді етпеңіз оны! Әкесі баласымен, анасы қызымен досындай сырласу керек. Баламен қарым-қатынасты күшейтіңіз. Жұмыс өмірі бітпейді, дүние ешқашан жетпейді. Ал өмір, балалық шақ бір орында тұрмайды...

Шетелдік, бір досым, "Сендер баланы кішкентайында қарамай, өскенде әлпештейді екенсіңдер" деген. Рас айтады. Бала күнінде санаспай әбден өскенде барып амалсыз көмекші боламыз, дүниесін түгендейміз. Есейген сайын проблемасы да үлкейеді. Өміріміз соған кетеді...

Әбден өсіп кеткенде сабағыңды оқы, мынаны бүйт, анауыңды сөйт дегеннен түк шықпайды. Қазірден қарасаңыз ертең өз жолын, мансабын өзі табады. Өмірде кім болуды біреуден сұрамайды. Дүниеге тәуелді болмайды. Керісінше дүние оның артынан ереді. Дұрыс адам боп қалыптасады. Бастысы сізге ауырпалығын салмайды.

Кейін қартайып қараусыз қалғанда немесе баладан опық көргенде олар кінәні өзінен іздемейді. Бәрін тағдырға, балаға жабады. Негізі тағдыр тізгіні сіздің қолыңызда! Бақытты болу, болмау сіздің таңдауыңызда. Сол себепті қазір барыңыз да, баланың қолынан телефонды алып тастаңыз. Бермеңіз! Телефонның орнын сіз алмастырыңыз. Ол қазір жылағанымен ертең қуанады. Әйтпесе ертең сіз жылайсыз...

Ертай Нүсіпжановтың facebook парақшасынан

Abai.kz

0 пікір