Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
46 - сөз 4663 10 пікір 5 Шілде, 2019 сағат 11:20

Коллекторлық компаниялардың артында кім тұр?

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 6 санаттағы отбасылардың банк алдындағы 3 млнға дейінгі кепілсіз несиелерінің 300 мың теңге берешегі және айыппұлдары мен өсімпұлдары кешірілсін деген Жарлығы шықты. Мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан құрылған Жұмыс тобына қарағандылық аналардың банк алдындағы берешегі туралы ақпарат жинап, жолдадым. Екінші деңгейлі банктер азаматтардың төлем қабілетінің төмен екендігіне қарамастан жоғары пайызбен миллиондаған несие берген. Несиесін уақытында төлей алмағандарды банктер Коллекторлық компанияларға өткізген. Ал кеше 7kun.kz: "Банктердің балансында тұрған кредиттер бойынша айыппұлдар мен өсімпұл кешіріледі. Ал коллекторларға өтіп кеткендерінің өсімпұлы кешірілмейді. Бұл туралы Мәжіліс отырысының кулуарында Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаев айтты"-деген хабар таратты.

Енді Коллекторларға қандай несиелер өтетіндігіне назар аударайық. Ипотекалық несиелер 90 күн, кепілсіз несиелер 180 күн төленбесе Коллекторларға беріледі. Сонда кеше Парламент қабырғасында қаралған 89 млрд теңге халықтың күнделікті төлеп жүрген ағымдағы несиелерінің айыппұлы мен өсімпұлын өтеуге жұмасала ма? Жарты жыл несиесін өтей алмағандар бұл жеңілдікті пайдаланады. Ал несиесі жылдап төленбегендерге бұл жеңілдік жоқ па? Парламент отырысында екінші деңгейлі банктердің 56 пайызға дейін, онлайн кредиттердің 500 пайызға дейін несие беріп келгендігі айтылды. Жылдап кредит төлей алмай жүргендердің берешегі арта береді, ал анда-санда несиесін кешіктірсе де төлеп жүргендер Үкіметтен дотация алады, солай ма?

Кейбір деректер бойынша Коллекторлық компаниялардың комиссиясы өндірілген берешектің 35 пайызына дейінгі сумманы құрайды. Қалған өндірілген сумма банктің пайдасына жатады. Яғни, коллекторлар да, банктер де ұтылмайды. Кезінде елдің бәріне жағалай кредит беріп, жабылып тынған "Альянсбанк" проблемалық несие портфелін коллекторларға 70-75 пайызға сатып кеткенін жариялапты. Ал көрші Ресейде коллекторлардың комиссиясы 12 пайыздан аспайды деген ақпаратты көрдім. Мен экономист емеспін, ақпаратым нақты болмауы мүмкін.

Мені Қазақстандағы Коллекторлық компанияларда қанша пролемалық несие бар екендігі қызықтырады. Әрі Президент Жарлығы бойынша олардағы берешек неге өтеуге жатпайды, себептері қандай? Коллекторлық компаниялардың артында кім тұр? Бұл жекеменшік компаниялардың мүддесі неге Үкіметтің әлсіз топтарды қолдау саясатынан жоғары тұр? Қазақстандық нарықта шетелдік Колекторлық компаниялар да жұмыс істейтіндігін ескерсек, біз кімдерді байытып жатырмыз?

Үкімет халықтың әлсіз топтарын қолдағысы келсе Коллекторлық компанияларға өтіп кеткен несиелердің айыппұлдары мен өсімпұлдарын алып тастап, негізгі қарыздарын ғана өтеуге қолдау жасасын. Жоғары пайызбен алынған ипотекалық несиелердің пайызын қайта қарап, азайтуға көмектессін. Бізге жағдайы жоқтарды одан сайын ашындырып, жағдайы тұрақтыларды қарық қылатын жеңілдіктердің қажеті жоқ.

Президент тап-тамаша шешім қабылдады. Тек соны іске асыру механизімін асықпай ойластырса дейсің. Ақылым тасыған соң, көсемсіп отырған жоқпын. Осыған үміттеніп отырған аналарды ойласам жылағым келеді.

Ләззат Қожахметтің facebook парақшасынан
Abai.kz
10 пікір