Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Бір сұрақтың төңірегінде 7271 42 пікір 5 Шілде, 2019 сағат 11:22

Туған күн тойлау міндет пе?

Ертеректе, Қызылордада көп қабатты үйде тұрып жатқан кезімізде біздің үстіміздегі пәтерді әйелі де, өзі де Алматы облысынан келген отбасы жайлады. Жас мөлшері бізден кішілеу. Үй егесінің қалада тағы екі бажасы болды. Шамасы, келіншектің сіңлілері әпшелеріне қыдырып келіп жүріп, осы жерден өздерінің болашақ жарларын тапса керек.

Сол бажалардың әрбірінде 3-4-тен бала бар еді. Кейін есептеп көрсем, үшеуінің бала-шағасының жалпы саны 11 екен. Бұған енді үш үйдегі ата-аналар санын қоссақ, түгелінде 17 жан болып шығады.

Айтайын деп отырғаным, осы үш бажаның отбасы өздерінен бастап бесіктегі баласынан дейінгі бәрінің туған күндерін ылғи бірге отырып тойлап тұрды. Бұл – олар үшін жазылған да, жазылмаған да заң. Және әрбір туған күнді дәл сол күнінде атап өтіп жүрді. Аптаның қай күні екеніне қарамай. Сонда бұлар жыл сайын орта есеппен әрбір үш апта сайын бір рет туған күн дастарханы басына жиналып тұрған екен. Сол туған күндердің бесеуі тура біздің үстімізде өтіп жатты.

Бұларға туған күн ересектердікі болсын, балалардыкі болсын – бәрібір, бәрін бірдей сипатта, бірдей қарқында, бірдей ауқымда гүрілдетеді. Әр жолы тойды түннің жарымын аударып барып, барқыраған масаң дауыспен аяқтайды. Соңынан бір-бір баладан көтеріп және жетектеп алған апалы-сіңлілер мен бажалар іркес-тіркес болып үйлеріне қайтып бара жатады...

Мен сонда бұлардың осыншалықты ұйымшылдығына емес, балаларының туған күндерін өздерінің арақ ішетін күндері етіп заңдастырып алғандарына таң қалып жүруші едім. Әйтпесе, балалардың туған күндері соларға қуаныш сыйлайтындай, соларға көңіл бөлетіндей сипатта атап өтілуі керек қой.

Біз өзіміз балаларымыздың туған күндерін кішкентай кездерінде достарын үйге шақыртумен тойлататынбыз. Кейін үлкейе бастаған кезінде отбасы мүшелері ғана болып кафеге барып атап өтіп жүрдік. Ол балаларға қалаған тамақтары мен тәттілерін алып беруге арналатын.

Ал өз басым осы кезге дейін ешқашан туған күнімді атап өткен адам емеспін. Бұған, сірә, оның 1 қаңтармен тұстас келетіні де себеп шығар. Әдетте 31 желтоқсан күні түнде Жаңа жылды қарсы алғаннан кейін әйелім мен балаларым (кейін бұларға немерелерім қосылды) кезекті жасыммен құттықтайды. Сонымен бітті. Бұдан әрі бәрімізге ортақ әңгіме өріс алады. Бұдан арғы уақыт немерелерге көңіл бөлуге ұласып кетеді. Бұрындары балалар туған күніме байланысты әртүрлі сыйлықтар дайындап әкелуші еді, кейінгі жылдары мұның өзіне үзілді-кесілді тыйым салдым.

Есімді білгелі куә болатыным, менің өз әкем де ешқашан туған күнін атап өткен емес-тін. Ол тіпті өзінің шын туған күні қай күн екенін де білмейтін. Тек әке-шешесі «Ленин қайтыс болған кезде тудың» дегеннен кейін есейген кезінде туған күнін 1924 жылдың 21 қаңтары етіп белгілеп алған екен, кейін «комсомолға ертерек өту үшін» бір жасты асырып жаздырып алып, туған жылын 1923-ке өзгертіп жіберіпті. Соның салдарынан соғысқа шақырылым жасынан бір жыл бұрын, 18-інде аттанып кетіпті. Ал өзі «Ол кезде ауылдағы қарапайым жұрт Лениннің өлгенін сол күні ести қойды дейсің бе, хабар біраз уақыт кешігіп жеткен шығар. Негізі, менің туған күнім көктемге тура келсе керек», деп отыратын.

Сол әкеміз туған күнге оншалықты мән берген жоқ. Мектепте оқып жүргенде біз де туған күн тойлау дегенді мүлде білген жоқпыз. Атап өтем дегенмен, мұғалімнің үйі болғасын, оған бірде-бір оқушы келе алмас еді. Студент кезімізде, партия мектебінде оқып жүрген кездері бұл уақытта біз үйде, каникулда болушы едік. Жалпы, ол кезде қазақы ауылда, ілеуде біреу болмаса, ешкім туған күнді тойлай бермейтін.

Шындығына келгенде, біздің ата-бабаларымыз одан бұрын да туған күнді тойлау деген дәстүрді білген емес.

Негізінде туған күнді тойлау бертінге дейін әлемдегі көптеген халықтар үшін жат нәрсе болып келген екен. Көпке дейін оны атап өту ешкімнің де басына келмеген. Рас, алғаш рет ол Ежелгі Мысырда үрдіске айнала бастапты. Кейін Ассирияға ауысқан. Бірақ ол тек перғауындар мен патшалардың, сондай-ақ олардың ер бала мұрагерлерінің туған күндерін атап өтуге арналыпты. Ал әйелдердің туған күндерін атап өтпек тұрмақ, олардың туған күндері де жазылып алмапты. Мұндай сеңді сөгіп, алғаш рет туған күнін жыл сайын атап өтіп тұрған әйел Мысырдың патшайымы Екінші Клеопатра (б.д.д. 185-116 жж) болыпты.

Ежелгі гректер өздерінің 12 құдайының туған күндерін атап өтуден басқаны білмеген.

Бертінге дейін еврейлер үшін де туған күнді атап өту жат нәрсе саналыпты. «Забурде» әлдекімнің туған күнінің атап өтілгені туралы бір ауыз мәлімет кездеспейді. Израиль ұрпағының дәстүрі бойынша әрбір баланың туған күні өмірінде бір-ақ рет – 13-ке толған кезінде атап өтіледі.

Жапондар да туған күнді тойлауды білмейді. Олар әр баланың туған күнінде оның өзін емес, сол баланы өмірге әкелген ата-ананы барып құттықтайды. Тап сол күні тиісті сыйлықты әке-шеше алады. Бұл халықтың салтында баланы үшке, беске және жетіге келген кездерінде ғана құттықтау бар. Бірақ оның өзі баланың дәл туған күнінде атап өтіле бермейді.

Бұл әңгіменің бәрі 6 шілде күні Астананың туған күнін тойлау жөнінде мәселе көтеріліп жатуына байланысты туып отыр. Оны тойлап отыру соншалықты міндет пе? Оның не үшін керегі бар? Рас, басында Назарбаев оны облыстардан көтеріңкі табыстар, қатарға қосылған кәсіпорындар жөнінде әкімдерден рапорттар қабылдап тұрудың бір мінбесіне айналдырды. Кейін сол күні қатарға қосылғаны баян етілген зауыттардың көбі өтірік екені айғақ бола бастады. Аталған өндіріс орындары ертеңіне-ақ немесе бір ай, жарты жылда, ары кетсе, бір жылда жабылып қалып жатты. Мұны осылай жергілікті шенеуніктер ақша жасаудың, ақша жеудің керемет каналына айналдырып алды. Президент сонда да бұл даңғазаны тоқтата қоймады. Сөйтсек, оған да жоғарыда мен мысалға келтірген бажалар кешкен кеп керек болған екен. Бас-аяғы бір жылда жоқ болатын фабрикалар мен зауыттар жөніндегі рапорттар Елбасыға тек өзін елге игілікті іс жасап жатқан тұлға ретінде көрсету үшін ғана керек болған екен. Ал олардың ұзамай жабылып қала беретіні ол кісіні тіпті де толғандырмапты...

Мұның осындай астары болғаннан кейін жыл сайын Астана күнін тойлау үшін бюджеттен орасан зор қаржы бөлініп тұрды. Биыл да басында осы сән-салтанат үшін бюджеттен 1 млрд 200 млн теңге (өздері бөліп алатын болмаса, мұншама ақшаны қайтеді?!) қаржы қаралатын болып еді. Алайда, халық арасында наразылық байқала бастағасын, мұның үштен бір бөлігін ғана қалдырып, шығатын шығынды 400 миллионға түсіріпті (бұл да орасан зор ақша!). Осылайша, билік айтқан бетінен қайтпайтын түрі бар.

Бірақ Астана күнін тойлаудың өзі заңсыз. Біріншіден, қазір Астана деген қала жоқ, ал елорда күнін тойлау жөніндегі құжатта тек Астана аты көрсетілген. Екіншіден, Ақмоланың «Астана» атанған күні 6 шілдеде болған жоқ, 10 маусымда жүзеге асты. Бастапқыда қала күні ретінде сол күн алынып жүрді. Кейін жандайшаптар мен жарамсақтар бұл датаны өздері қолдан жылжытып, елдің сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күніне апарып қойды (Мүмкін мұның солай болуын қалаған мемлекет басшысының өзі де шығар?!). Осылайша бірімен-бірі үйлеспейтін екі дата бір мезгілге тоғыстырылып, ол шын мәнінде Назарбаевтың туған күнін астармен тойлап өтуге арналып кетті. Үшіншіден, тіпті солай болған күнде де, биыл Астана күні сылтауымен мемлекет басшысы күнін тойлаудың орайы келмейді. Себебі, қазір президент Назарбаев емес, елді Қасым-Жомарт Тоқаев басқарады.

Бұрын қазақтың қариялары ешқашан туған күндерін тойлап көрген жоқ-тын. Ал біз қаншама жылдардан бері еліміздің ең басты қариясының туған күнін құр жібермей тойлап келеміз. Соны биыл қоя қойсақ болар еді. 79 дегеннің өзі де біртүрлі сан ғой...

Серік Пірназар

Abai.kz

42 пікір