Жұма, 26 Сәуір 2024
2749 0 пікір 5 Шілде, 2019 сағат 10:54

«Жастар – ел тірегі» шығармашылық байқауының бірінші кезеңінің жеңімпаздары анықталды  

2019 жылғы 4 шілдеде Елбасы кітапханасының музейінде «Жастар – ел тірегі» көрмесі ашылды.

«Жастар – ел тірегі» көрмесі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы кітапханасының елордалық суретшілер одағымен бірлесе ағымдағы жылдың 12 ақпанында жариялаған жас суретшілер арасындағы шығармашылық байқаудың қорытындысы. Көрменің негізгі міндеті - «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көрсетілген Елбасымыздың жасампаз идеяларын практикалық іске асыру. Төрт ай ішінде кәсіби және әуесқой жас суретшілер «Ұлы даланың ұлы есімдері» тақырыбы бойынша өз шығармаларын сомдады. Олар Қазақстан тарихындағы аттары аңызға айналған тұлғалардың бейнелері мен аға буынның жетістіктерін мазмұнды шығармалары арқылы ашуға ұмтылды.

Көрменің ашылу және байқаудың І – кезеңінің жеңімпаздарына құрмет көрсету рәсімінде Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов жеңімпаздарды құттықтады:

– Елбасы кітапханасы мемлекеттік мереке қарсаңында жыл сайын жастар шығармашылығын қолдап, түрлі көрмелер мен байқаулар ұйымдастыруды дәстүрге айналдырды. Елбасымыз жариялаған Жастар жылына арналған «Жастар - ел тірегі» шығармашылық байқауының бірінші кезеңі де өз мәресіне жетті. Сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен біраз суретшілер ат салысты. Жастардың ықыласы өте жоғары болғанына біз қуаныштымыз. Көрмеге қатысқан үміткерлердің  авторлық жұмыстарына қарасақ, бәрімізге белгілі  аты әлемге танылған қандастарымыз Ерболат Төлепбай, Амандос Ақанаев, Қазыбек Әжібеков Сембіғали Смағұлов сынды майталман суретшілердің көлеңкесінде қалып қоймай, өзіндік қолтаңбасымен, ешкімге ұқсамайтын айрықша мәнерімен ерекшеленіп тұрғанын байқауға болады. Көңілі мен сезімін түрлі  бояумен шебер жеткізе білген дарынды жастарға қылқаламдарының мұқалмауын тілеймін.

Байқау барысында құрамы Қазақстанның көркемөнер мен мәдениет саласына еңбегі сіңген қайраткерлерден тұратын қазылар алқасы 50-ден астам өтінішті қарады. Байқауға Абылай хан, Шоқан Уәлиханов, Бұқар жырау, Дина Нұрпейісова, Бауыржан Момышұлы сынды тарихи тұлғалар бейнелерімен қатар заманауи танымал есімдер: Роза Бағланова, Геннадий Головкин, Димаш Құдайберген бейнеленген шығармалар да ұсынылды.

Марапаттау рәсімін елорда суретшілер одағының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Көркемсурет академиясының академигі, суретші-кескіндемеші Жанұзақ Мүсәпір жүргізді.

«Кескіндеме» номинациясы бойынша Алмас Орақбаев (І орын) пен Динара Өтелбаева (ІІ орын) жеңімпаз атанды. «Графика» номинациясы бойынша жеңімпаздар: Бейбіт Әсемқұл (І орын) және Жәнібек Оразалы (ІІ орын). Байқаудың басқа қатысушыларына сертификаттар мен ынталандыру сыйлықтары тапсырылды.

- Мен байқауға Димаш Құдайберген бейнеленген туындымды ұсындым. Жалпы суретші өз заманындағы азаматтарды бейнелеуі керек. Қазіргі таңдағы ұлы тұлғалардың бірі әнші Димаш Құдайберген деп білемін. Ол тек Қазақстанда ғана емес әлемде өз орны бар тұлға. Менің жұмысымның атауы «Ақ жауын» деп аталады. «Ақ жауын» деп аталуының себебін айтар болсам, «Ақ» деген сөз бір жағынан Димаштың тазалығын білдірсе, екінші жағынан халықтың Димашқа деген ақ пейілін білдіреді. Димаштың әндері адамның жүрегінің түбінде жатқан тылсым сезімдерді оятады, жеке мен үшін Димаштың әнін тыңдағанда балалық шақтағы ақ жауын жауғандағы сезім келеді», - деді өз ойымен бөліскен байқау жеңімпазы Бейбіт Әсемқұл.

Abai.kz

0 пікір