Сейсенбі, 7 Сәуір 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 662. Жазылғандар — 46. Қайтыс болғандар — 6
Пікір 1148 0 пікір 4 Шілде, 2019 сағат 10:34

Ерлан Саиров: Ұлттық кеңес - ықпалдасудың алғышарты болары һақ

Сенім мен үміт. Міне, осы екі құндық қоғамдық процесстің бас категориясы болып табылады. Зайырлы мемлекеттің адайы мемлекеттен айырмашылығы, зайырлы мемлекетте азаматтар мекен етеді. Азаматтардың өз мұң-мұтажы мен ойлаған ойы болады. Әрине, мұң-мұқтаждың биліктің ойлағанымен сәйкес келмейтіндігі анық.

Осы жерде диалог басталады. Диалог әрқашан бейбіт түрде іске аспайды.Сондықтан, азаматтар митингіге шығып, өзінің ойын білдіреді. Яғни, митинг саяси мәдениеттің құрамдас бөлігі. Диалогтың тағы бір тетігі Билік жанындағы әр-түрлі кеңестер мен комиссиялар. Президент Қ. Тоқаев өзінің қызметіне кіріскендегі ең бірінші шешімі Қоғамдық Сенім жөніндегі Ұлттық Кеңес құру болды. Бұл дұрыс шешім, өйткені, билік әр-түрлі тетіктер арқылы қоғамның мүдделерінен хабардар болып отыруы керек. Сонымен бірге, бұл Кеңестің нақты атқарар ісі болуы абзал.

Бүгінгі қоғамды толғандырып отырған проблемаға назар аудару маңызды. Ең бірінші проблема, Парламентте қоғамдық сананың барша палитрасы жоқ. Парламент, қоғамнан тыс, қайдан келетіні белгісіз, "күн тәртібімен" өмір сүреді. Өздері томаға- тұйықталған, жеке мемлекет тәрізді. Қоғамға үрке қарайды. Парламент сапалы түрде өзгеруі қажет. Парламент ең бірінші, қоғамның айнасы. Сол айна бүгін қисық, айқыш-ұйқыш.

Тағы бір мәселе, елде тұрақтылық орнатамыз деген желеумен қоғамдық- саяси саладағы заңдарды "банкіге тығып" тығындап тастаған. Адамдарға ауа жұтатын кеңістік - саңылау жоқ. Азаматтар сол "консерв банкісінде" тұншығып жатыр. Міне, осы заңдардан тығынды алып тастау қажет. Ол заңдар: "Митинг жөніндегі", " БАҚ", " Партия туралы", "Сайлау туралы" заңдар. Бүгінгі редакцияда бүл заңдар елдің Конституциясына қайшы келеді. Осыны жөндеп, ретке келтіру керек.

Бүгінгі басшылық осыны түсіне ме? Менің ойымша, түсінеді. Президент Қ.Тоқаев басшылыққа келгеннен кейін, митингілерді ешқандай кедергісіз өткізу, Кеңестің құрылуы жөніндегі шешімдер Президенттің қоғаммен бірлесе отырып қордаланған мәселелерді шешуге жігері бар екендігін көрсетеді. Ал, қордаланған мәселе, облыстарда жетерлік. Сол үшін жергілікті Маслихаттардың статусын арттырып, олардың бақылау функцияларын кеңейту, қоғамдық- саяси процессті дамыту өте маңызды.

Қазақстан тек Нұр-Сұлтан мен Алматыдан ғана тұрмайды. Саяси процессті диверсификациялау күн тәртібінде. Қоғамдық Сенім жөніндегі Кеңестің жұмысы, сонымен бірге, Ұлттық ықпалдасудың да алғышарты болары һақ. Өйткені, әр- бір азаматтың жеке саяси көзқарасынан бөлек, одан жоғары тұратын ұлттық саяси құндылықтар бар. Ұлттық ықпалдасу, бірлесу идеясы жоғары идеял болуы міндет. Өйткені, аумалы- төкпелі заманда өмір сүріп жатырмыз, мемлекеттің тұтастығы, ел бірлігі, қазақ үшін осы өмірдің күре тамыры.

"Үй артында кісі бар" демекші, демократия деп жүгіріп, елдің тұтастығына сына жүгіртіп алсақ, " күріштің көкесін" сонда көреміз. Бірақ, эволюциялық жолмен даму үшін азаматтардың мүддесін қорғай білетін, қазақтың даму көкжиек белесіне жол ашатын жүйе жасау өте маңызды. Біз бүгін "саяси ұлт" деңгейіне жеттік, енді осы белесті "ағартылған демократия" құндылығымен байланыстыру маңызды. Менің ойымша Қ. Тоқаев "ағартылған демократия" жасауға мүдделі. Демократияның болашақ кепілі екендігін терең түсінеді. Қоғамдық Сенім Кеңесі соның бірінші тесті болмақ.

Қалай болғанда да, қазақтың демократия мен реформациядан биік, еліміз үшін ең негізгі жауапкершілігі бар екендігін ұмытпау керек. Ол жауапкершілік Қазақстанның бас амандығы, территориялық тұтастығы, үлттық мызғымастығы. Бұл, біздің ең басты миссиямыз және тарихи жауапкершілік. Қазақстан өрлеп, Өркендей берсін!

Ерлан Саиров

Abai.kz

0 пікір