Сенбі, 20 Сәуір 2024
Алаң 5594 34 пікір 1 Шілде, 2019 сағат 16:33

«Қай ел митингке шығып мұратына жетіпті» деген Бекеңнің өзі митингке шықты

Жыл басталғалы елде көптеген митинг-шерулер өтіп, билік өкілдерінің мазасын қашырған еді. Ресми билік бұл шерулерді рұқсат етілмеген, заңсыз әрекеттер деп бағалады. 

Осыдан кейін билік басындағылар бейбіт митингіге рұқсат беретіндерін айтты. Осыған орай 30 маусым күні Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында рұқсат етілген митингілер өтті.

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жерұйық» саябағында 1500-ден астам адам жиналды. «Біз біргеміз!» деп аталатын бейбіт акцияға қала тұрғындарынан бөлек, Бақытжан Ертаев, Бақытбек Смағұл, Бекболат Тілеухан, Павел Казанцев, Бақытгүл Хаменова сынды депутаттар мен Оразкүл Асанғазы Алтынай Жорабаева секілді танымал адамдар қатысты.

«Нұр Отан» партиясы бұл жиналысты «елдің арасына іріткі салып жүрген арандатушылардың қитұрқы әрекеттеріне қарсы халық бейбіт шеруге шықты» деп бағалады. Билік партиясының айтуынша, жиналған халық қашқын банкир Әбіләзов секілді адамдардың әрекеттеріне қарсы өз ойларын ортаға салыпты.

«Митингіге елдің ертеңіне бейжай қарамайтын белсенді азаматтармен бірге бірқатар Парламент депутаттары және белгілі қоғам қайраткерлері де қатысуда. Бейбіт шеру деп аты айтып тұрғандай, мұнда ешқандай құқықбұзушылықтар орын алмай, барлығының заң аясында жүргізіліп жатқанын да атап өткен жөн», - деп жазылды «Нұр Отан» партиясы таратқан ресми ақпаратта.

Ал алаңға келген депутаттар елдің арасына іріткі салып жүрген арандатушыларға қарсылық таныту үшін шеруге шыққандарын айтты.

«Әблязовты соттаған тек Қазақстан емес. Оны Еуропа да, Украина да, Ресей де сотқа берді. Тіпті Грузия Әбіләзовқа берген атағын қайтарып алды, "алаяққа беретін атағымыз жоқ" деп. Сол алаяқ «қырғыз революциясын жасаған менмін, ақшасын төлеген менмін. Қазақстанға әсер ету үшін жасадым», деп мойындады. Сонда қаншама қанды мойнына жүктеп жатқанын шімірікпей айтқан адамның сөзіне иланып, соған сенген адамда ес бар ма, ағайын-ау?! Қай ел митингіге шығып, қай ел төңкеріс жасап мұратына жетіпті?! », - деді Бекболат Тілеухан митингіде сөйлеген сөзінде.

Халық Қаһарманы, Мәжіліс депутаты Бақытжан Ертаев сыртта отырып алып ит болып үріп жүргендер біз секілді отаншылдардан абай болсын, сақтансын деген ойын айтты.

«Біз шетелде отырып алып, еліміздің арасына лаң салып, дүрбелең туғызғысы келетіндерге жол бермейміз. Біз бәріміз бірігіп, осындайларды тоқтатуымыз керек. Отан үшін бірігу – біздің парызымыз! Біз Отанымызға кір келтірмейміз! Біз Отанымызды қорғаймыз! Сондықтан бізге қарап ит болып үріп жүргендер абай болсын», – деді Б.Ертаев.

Ал «Нұр Отан» партиясының мүшесі Оразкүл Асанғазы елдегі барша жігіттерге үндеу тастады. Оның айтуынша, намысы бар еркек әйелін көшеге жіберіп, өзі үйде отырмау керек. "Бір қатынға шамаң келмесе қандай еркексің" деп ұрандатқан Оразкүл апамыз әр жігіт әйелін көшеге (митингіге) жібермеуі керек екенін айтты.

 «Жігіттер, еркек болыңдар, намысты болыңдар! Әйелдерін көшеге жіберіп, өздері үйде отырған еркектердің тірлігі не деген сұмдық, не деген масқара?! Ер-азамат деген атқа сай әрекет етіп, әр еркек әйелдеріне ие болу керек», - деді Оразкүл Асанғазы апамыз митингіде (көшеде) сөйлеген сөзінде.

Оразкүл Асанғазының «Әйелдерін көшеге жіберіп, өздері үйде отырған еркектердің тірлігі не деген сұмдық» - деген пікірін депутат Бекболат Тілеухан «масқара, масқара!» деп қолдады мінберде тұрып.

Тәртіпке бағынған құл болмайды деген Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова жастарды айтаққа ермейтін етіп тәрбиелеуіміз керек екенін айтты.

Сөз соңында, бұл жиналыста сөз алғандардың барлығы барынша зор дауыспен, ұрандап, жұлқынып сөйлегенін айта кетейік.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

34 пікір