Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3398 0 пікір 4 Шілде, 2011 сағат 03:27

Еркеғали Бейсенов. Ей, бейқам ел, намысыңды қамшыла!

Өзге ұлт өкілдеріне еріп, өзінің ұлттық ет тағамын еш арланбастан «бешбармак», «бесбармак», «бесбармақ» деп қорлап жүрген қазақтар көп. Олай атайтындардың ішінде қазіргі «ұлт зиялысы» делініп жүрген кейбіреулер де жеткілікті.

Сонда, сол шіркіндердің бармақтары бесеу ме екен?! Бәрінің мутант болғаны ғой?! Бір бармақ пен төрт саусақтың жалпылай «бес саусақ» делінетінін шал-кемпірлерге тәптіштеп отырғанның өзі ұят! Ол аздай, бұлардың біразы бақай мен башпайларды «аяғымның саусақтары» дейді-ей!..

Саусақты - «бармақ», бақай, башпайды - «саусақ» деп, дене мүшесіне ден қоя алмай жүрген ұлт - «топас мемлекет» құраушылар болып шығады сосын!..

«Жас Қазақ» газетінде біреудің «Бешбармак» емес, «Бесбармак» деп білгішсінген мақаласы шықты. Құдды, малдың етін емес, бес адамның бармағын кесіп алып, асып жегендей! Оған тағы біреуі «Бешбармак» та, «Бесбармак» та емес, дұрысы - Ас!» деген жауап жазды. Ал керек болса!

Өзге ұлт өкілдеріне еріп, өзінің ұлттық ет тағамын еш арланбастан «бешбармак», «бесбармак», «бесбармақ» деп қорлап жүрген қазақтар көп. Олай атайтындардың ішінде қазіргі «ұлт зиялысы» делініп жүрген кейбіреулер де жеткілікті.

Сонда, сол шіркіндердің бармақтары бесеу ме екен?! Бәрінің мутант болғаны ғой?! Бір бармақ пен төрт саусақтың жалпылай «бес саусақ» делінетінін шал-кемпірлерге тәптіштеп отырғанның өзі ұят! Ол аздай, бұлардың біразы бақай мен башпайларды «аяғымның саусақтары» дейді-ей!..

Саусақты - «бармақ», бақай, башпайды - «саусақ» деп, дене мүшесіне ден қоя алмай жүрген ұлт - «топас мемлекет» құраушылар болып шығады сосын!..

«Жас Қазақ» газетінде біреудің «Бешбармак» емес, «Бесбармак» деп білгішсінген мақаласы шықты. Құдды, малдың етін емес, бес адамның бармағын кесіп алып, асып жегендей! Оған тағы біреуі «Бешбармак» та, «Бесбармак» та емес, дұрысы - Ас!» деген жауап жазды. Ал керек болса!

Оу, ас - жалпы ұғым! Картоп жеп отырсаң да, тілек білдіруші саған «Ас болсын!» дейді. «Картоп болсын!» демейді. Шәй ішіп отырсаң да, «Ас болсын!» дейді. «Шәй болсын!» демейді. Қытай кеспесі де - ас! «Асың дәмді болсын!», «Асың сіңімді болсын!» деп күнде айтылатын сөз - күнде ет асып жеп отырған мешкейге арналмаған, айналайын! Өмірде ондай адам да жоқ! «Ас - адамның арқауы» деп етті ғана айтпаған. «Бәленшенің бәлен жылдығына ас берілді» деген сөз - бабасының құрметіне тек ет асты дегенді меңзей алмайды ғой!

Он бармақты опасыздарға ескерту: «ет асты» (ас асты емес), «ет жедік», «еттері дәмді болды» деп кете беретін еттің аты - ет! Әлгіндей деп орыс оттаса - кекеткені, қазақ қостаса - кері кеткені!

Елдігіңді танытар «Жеті қазына»

1. Ауыл

Мен қазақпын, сен қазақсың, ол қазақ!

Ей, қазақтар, өз-өзіңе болма жат!..

Жүдеу тартқан тым шаршаңқы ауылдар -

Бізді алға жетелеген жол ғажап!

 

Табиғаттан қуат жиған қарымы,

Жұмақ төрі - әр қазақтың ауылы.

Тек далалық перзенттерде соғады,

Ұлтын сүйген ұлы жүрек тамыры!

 

«Патриотпыз!» деген ұран қалада,

Арқау болды әсерсіз іс-шараға.

Жеңіл ауыз - жалаң айқай құралы,

Рухсыз білгіш - күлкі болар шамада.

 

«Біз ауылда өскенбіз»,- деп шенеунік,

Бос мақтанға отыр өзін желеу қып.

Елден алып, елге бермес байлықпен

Елендік те, есектерге теңелдік.

 

Сен де мендей қазақсың ғой, бауырым!

«Қазақ» деген - құдіреті бар ұғым!..

Ұлттығыңның, елдігіңнің бастауы -

Аяз бидің шапанындай ауылың!

2. Шежіре

Түп-тұқиянын түгендеу -

Қазағыма тән төл міндет.

Жерлей салмаймыз әкені,

«Ұмытылмаққа өлдің» деп.

 

«Жеті атасын білмеген -

жетесіз» десе бабалар,

Біз еліктеген батыста

Тексіз тобырлар ғана бар.

 

Қазақтың малы - қазанат,

Ген тазалығын сақтайды.

Жеті буынға дейін ол,

Өз байталына шаппайды...

 

Табиғи таным, заңдылық,

Менің ұлтымда жетеді!

Ақ сүтпен келген адалдық,

Асыл сүйекпен кетеді.

 

Үлгілі ұлы Үш Жүздің,

Жар етілмесін тектесің!..

Шежіреңді біл!

Дегенмен,

Рушылдық өршіп кетпесін!

 

3. Ұлттық тағамдар

Төрт түлігің - асың мен көлігің ол,

Болсын әркез пейілің, көңілің оң!

Қара көже, қаймақ-май, құрт-ірімшік,

Қымыз, шұбат дегендей өнімі мол.

 

Бауырсақ, жент, балқаймақ, талқан - тәтті,

Бабы болып, бабамды балпаңдатты.

Наурыз көже ұсынған назды керім,

Нәркес көзін төңкеріп, жаутаң қақты.

 

Қазы-қарта, жал-жая, қуырдақты,

Қадірлеп ең, қазағым, бұрын қатты...

Әр тағамның жасалу тәсілінде,

Денсаулыққа пайдалы ырым жатты.

 

Ашқанымен сол ұлттық ас тәбетті,

Жүрген жоқпыз қызартып басқа бетті.

Мағынасыз сөйлейтін намыссыздар,

«Бесбармақ» деп қорлауда асқан етті!

 

Дарытты да, Жаратқан, бақ-талапты,

Әрбір ұлтқа өзіндік салт таратты.

...Дастарханға тек ұлттық тағам қойып,

Шетелдіктің алдына тарт, табақты!

4. Ұлттық киімдер

Бодан болдың мұжыққа...

Артық бұл сын!

Айың енді оңынан шалқып тусын!

Үстіңдегі салалық киімнен де,

Ұлттығыңның иісі аңқып тұрсын!

 

Киім - кие, саясат... Асқақ мәні!

Шеберлердің тиіс қой, бас тартпауы?!

«Қазақтікі» дерліктей қалып тапсын,

Балабақша, мектептен бастап бәрі!

 

Мәнді ою-өрнектің бедерін көп

Көшірудің  тұрса да керегі боп,

«Көшелерде қос етек көйлек киіп,

Бұрым қойып, шолпы тақ» дегенім жоқ!

 

Өресімен өлшеніп білік баста,

Ырқ-ырқ етіп күлер ме, шірік қасқа?!

«Сән қылары - сәукеле, саптама ғой...»,-

Деген жаңсақ ой бұлтын түріп таста!

 

Бұл шешімде астар жоқ жұрт ұқпаған,

Ұлттық киім үлгісін түрттік. Тәмам.

Артық болсын, әрине, еуропалық

Бір жапырақ көйлектен бұт қымтаған!

 

5. Ұлттық ойындар

Білемін, тас қалада ысыларсың,

Еркіңе атыс-шабыс ұсынар сұм...

Түнімен компьютер клубтарын

Торудан «Ақсүйектің» мысы басым.

 

Болмақ ұл жылдам, мерген, епті мықты,

Түрге бай асық ойнын сеп қылыпты.

Күш сынау мақсатымен топтасқанға,

Көкпар мен арқан тартыс жеткілікті.

 

Дархан ел даласында той қаптаған,

Арқалы айтыскерлер ой баптаған.

Қыз қуу, теңге алуға белін буды,

Тарпаңның құлағында ойнап бабаң.

 

Ат жарыс, балуан күрес, «Алтыбақан»...

Шіркін-ай, жүріпті ғой шалқып атам!

Өмірден Біржан өтті салдық құрып,

Басыпты серілікпен мауқын Ақан.

 

Ыңғайлап жаңа кезең бағытына,

Болады көбін таңдап, дамытуға.

Қазақтың барлық ұлттық ойындары -

Танымдық бояулары қанық мұра!

 

6. Ұлт аспаптары

Сыбызғы, сазсырнай, домбыра,

Жетіген, қобызым - мол мұра.

Теңдессіз аспабым болдыңдар,

Сендерге қасиет қонды да!

 

Бұлармен үндескен жаңаша,

Тұяқтың өзі де тамаша!

Ұлттық үн еңсеңді тіктейді,

Өн бойға өнермен тараса.

 

Құлақ түр, құлық қой, құнтта да!

Санаңа сіңбейді сырт қана.

Тұманды ойыңды тұмшалап,

Баспасын, батысшыл бұлт, бала!

 

Қаңсыған даңғыр мен күңгірді,

Таңсық қып аларын кім білді?!

Ұятсыз ұл-қызың түнімен

Жер теуіп ысқырды, шыңғырды.

 

Ұйыған ұлтың мен ұлысың,

Түсе ме, аспаптың құны шын?..

Тым көне жәдігер ретінде,

Таппасын мұражай бұрышын!

7. Саят

О, шіркін-ай, ит жүгіртіп, құс салу -

Дамыл тауып, дала заңын ұстану!

Артық тұрар мылтығыңнан мың есе,

Тазы, төбет, сұңқар атты үш қару!

 

Түз тағысын, жабайы құс біткенді,

Осылар-ақ меңгереді бүктеуді.

Ал адамға кішкентайдан үшеуін,

Баптап, баулу еркі ептеп жүктелді.

 

Табиғаттың сұранысы керемет!

Әр тұспалын ескеріп ек, елеп ек...

Техника қарқын алып кейіннен,

Тепе-теңдік сақталмауда, не керек!

 

Суық қару оқ тигізіп дәл тіпті,

Қырып жатыр аң, жануар, жәндікті!

Солар үшін мүмкін емес тоқтату,

Өз тектесін танымайтын мәңгүртті.

 

Сиреп бүркіт, тұйғын, лашын, қаршыға,

Ителгі де таптырмай жүр аңшыға.

Таза қанды тазы, төбет тағы аз...

Ей, бейқам ел, намысыңды қамшыла!

«Абай-ақпарат»

0 пікір