Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Бір сауал 6553 7 пікір 1 Шілде, 2019 сағат 10:43

«Қазақстан ортақ тарихи тағдыр біріктірген ел емес»

Менің жасым сексен тоғызда,  бәрін де бақылап, көріп-біліп отырмын. Сол көргендерімнен көңіліме түйген ойларымды ортаға салғым келеді.  

Таяуда өткен сайлау науқанында қаһармандық пен ұлт болашағына алаңдаушылықтың ғажайып үлгісін көрдік. Қазақтың қалың ұйқыдан оянғанының куәсі болдық. Сайлауға бақылаушы болған азаматтар бір тәулік ішінде асқан ерлік жасады: халық пен билік арасындағы орды биліктің өзі қазғанын өзіне дәлелдетті. Енді сайлауда неліктен жеңіліс таптық деген мәселеге келейін.

Оның себептері көп. Әсіресе, саяси топ өкілдерінің күш біріктірмегені, топ жетекшілерінің бас араздығы жиі ауызға алынуда. Иә, мұндай фактордың бары рас. Бірақ бұл басты себеп емес. Басты себеп – оларда ОРТАҚ МАҚСАТ жоқтығы.  Шындығында қабылдануға тиісті ондай ортақ мақсат бар. Ол – ұлт тағдырының болашағы.  Ұлт тағдыры қыл үстінде тұрғанын баршамыз да мойындауымыз керек. Билік пен халықтың арасында терең құз жатқанын жаңа айттық.  Осы құзды дау-дамайсыз, айқай-шусыз, қантөгіссіз, бейбіт түрде аттап өтудің, өз білуімде, бір ғана жолы бар. Ол – қазіргі авторитарлы Конституциядан демократиялы Конституцияны жасап алу.         Демократия деген – еркіндік, теңдік, әділеттілік принциптері. Оны Ата заңның бабтары мен тармақтарына молынан енгізу керек. Бейбіт өмір кепілі осы. Бірақ қалай, қайтіп? Мен жасап көрейін, сіздер сынаңыздар.

ҚР-ның Конституциясы, 2001 жылғы басылым.

1-бап, 2-тармақ.

Қазіргі мәтінде: «Республика қызметінің (?) түбегейлі принциптері: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; баршаға тиімді экономикалық даму; қазақстандық патриотизм;...» делінген. Бұл жерде «қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық» деген екі факторға назар аудармақпын. Олардың жұмыс істеп тұруына халық та, билік те мүдделі. Бірақ оларды жұмыс істетіп отыратын билік. Мына мәтіндегі қалпында «Татулықты бұзба, тұрақтылықты сақта!» деп тоқпағын-дубинкасын шайқап отырып істете алады. Гәп осында! Мәтінде теңдік, әділеттілік принциптері қамтылмаған. Қазақтың теңсіздігі, яғни ұлтсыздануы орын алуының бастауы осы арада.

Сөз болып отырған мәтін: «Мемлекеттік биліктің түбегейлі принциптері: жалпыхалықтық ТЕҢДІК пен әлеуметтік ӘДІЛЕТТІЛІККЕ негізделген қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық;...», – деп жазылуы керек. Сонда ғана мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелері референдум өткізу, ең болмағанда, Парламентте дауыс беру арқылы шешілуі керектігі айқындалмақ. Яғни жаңағы екі принципке заң күшін береді. Конституцияны демократияландыру дегенді осы мағынада ұққанымыз жөн.

3-бап, 1-тармақ.

Қазіргі мәтінде: «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» делінген. Бұл тармақта заң күші жоқ, «бастауы» деген сөз бәрін бүлдіріп тұр.  Егер «Мемлекеттік биліктің бірден-бір құрылтайшысы – халық» деп нақтыланса, сонда ғана тармақ заң күшіне ие болмақ.

7-бап, 1-тармақ.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» делінген. Бірақ бұл жазу заң күші жоқ құр жаңғырық. 1-тармақ «Республика халқы қазақ тілінде сөйлейді» деп нақтыланса ғана толық заң күшін иеленеді. Ұлт тағдырының болашағы айқындалады.

Ресми тіл туралы 2-тармақ алынып тасталса игі. Себебі: ресми тіл қазақ жерінде табиғи тіл емес, жасанды тіл. Ал қазақ тілі автохонды халықтың әрі көпшіліктің тілі. Тағы айтайық, қазақтың теңсіздік хәлге, соның айғағы – ұлтсыздануға ұшырауы әділеттілік принципінің бұзылуы болып табылады.

Енді Конституцияның «Преамбула» бөлігіне келейін.

Ол: «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы» деген сөздермен басталған. Бұл тарихты бұрмалау. «Е-е, неге?» дерсіз. «Ортақ тарихи тағдыр біріктірген» деген тіркес АҚШ-тың Заңынан көшірілген. Өйткені, әлемде ондай жалғыз халық – Америка халқы. Ал өзгелер, оның ішінде қазақ халқы, ешбір халықпен ортақтасып мемлекет құрған емес. Қазіргі таңда да қазақ елі ортақ тарихи тағдыр біріктірген ел емес.

Қазақ өз тағдыры өз қолында, әлем қауымдастығының тең мүшесі, суверенді, байырғы өз жерінде отырған көне ел. Қазақ халқы өзге диаспораның келгеніне я кеткеніне жауапты емес. Олардың тең жағдайда өніп-өсіп, бақытты өмір сүруін қорғауға жауапты.  Әлемдік ұстаным осы. Екіншіден, «диаспора» сөзі – кем көргендік емес, әлемдік өркениет таңдап қойған атау. Бірінші президенттің «диаспора» сөзінен ат-тонын ала қашып, «өз отандастарымыз» деуінің ешқандайда заңды негіз жоқ. Екінші президент сайлау алды платформасында «Заманауи ұлт қалыптастырды» депті. Қалыптастырды ма? Қалыптасса, қандай негізде қалыптастырды? Жасампаздық, жоқ, әлде жойымпаздық негізде ме? Бұл сұрақ сарапталмаған секілді. Өйткені, қазақ тағдырының бүгінгі деңгейін таза заңдылыққа балап, сол заңдылықты іске асыра беру   құлшынысы барын аңғаруға болады. Өткендегі саясатта ұлт үшін әділеттілік те, өрлеу де болған жоқ. Ендеше сабақтастық қайдан келмек? Ешқайдан келмейді. Демек, сабақтастық саясаттың өзін соларға қарай бұру, бейімдеу керек. Бұл іс, сөз жоқ, Екінші президенттің елшілігіне келіп тіреледі. Мұны, тарих көр де тұр, «Жасампаз саясат» деп атайтын болады.

Оған қалай бұру керек? Бұл туралы азды-көпті айттық. Ұлт тағдыры қыл үстінде тұруы – заң бұзушылықтың көкесі. Сондықтан істің басы – Ата заңды демократияландыру. Қазіргі «Қазақстан Республикасы» атауын «Қазақ Республикасы» деп өзгерту де пісуі жеткен мәселе. Біз, аға буын, ұлт тағдырының болашағы осындай шаралар арқылы шешіледі деп сенгіміз келеді. Жасампаз саясат ұлт тағдырын ешқандай саудаға салмайды. Ұлт тағдырын қорғайды.

Мүтікен Қапанұлы Ошыбаев

Abai.kz

7 пікір