Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Көршінің көлеңкесі 7412 36 пікір 28 Маусым, 2019 сағат 13:35

"Қазақ орыс пен қытай танкілерінің шынжыр табанының бірін таңдауға мәжбүр"

Ресей басылымдары Путин билігінің ішкі ойын ашық жариялай бастады. Мәскеу мен Нұр-Сұлтан арасында түсінбеушілік орын алғандықтан Ресей басшылығы Қазақстан билігінің Ресейге, Қытайға, Еуроодаққа және АҚШ қатысты ұстанымын анықтағысы келеді екен-міс.

ИА REGNUM тілшісі Евгений Кимге берген сұхбатында жазушы Дмитрий Верхотуров: «Мәскеу барлық нұсқаларды қарастыру үстінде оның ішіндегі ең жағымсыз сценарийлердің бірі украин майданындағыдай немесе соған ұқсас дүниенің Қазақстанда орын алуы деп санауға болады»,- деп мәлімдеген.

Мұндай мәлімдеме жасаған сұхбат берушінің өмірбаянын қарап шықтық.

Дмитрий Николаевич Верхотуров – Заманалық халықаралық саясатқа әскери-саяси талдау жасаумен айналысатын ХХ ғасырдағы жоспарлы және әскери экономиканы зерттеуге мамандаған тарихшы, 20 аса кітап пен көптеген мақалалардың авторы. Басты еңбектері: «Ашаршылык. История Великого голода», «Сталинская индустриализация», «Сталинская коллективизация. Борьба за хлеб», «Подземные заводы Третьего Рейха», «Группа советских войск в Германии. 50 лет на грани ядерной войны». Заманалық халықаралық саясатқа әскери-саяси талдау жасау барысында жазған «Россия против НАТО: анализ вероятной войны» атты еңбегі бар. Көшедегі көк атының бірі емес. Саясаттың майын ішкен жан. Сұхбатты сол күйінде жұрт солтүстік көршіміздің араны қалай ашылғанын біле жүрсін деп үзіп-жұлмай беріп отырмыз.

Евгения Ким: Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев және оның орнын басқан Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы саясаты бір-бірінен қаншалықты өзгешеленеді?

Дмитрий Верхотуров:Қазақстанның жаңа басшысы көпвекторлы саясаты екі түрлі себеппен жүргізетін болады.

Біріншісі – ол өзі талай мәрте айтқандай бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмысын жалғастыратын болады.

Екіншісі – ол тәжірибелі дипломат болғандықтан Қазақстанның, тіпті ол Ресей, Қытай немесе Еуропа болсын әлдебір сыртқы күшке бағдар ұстанбайтынын жақсы түсінеді. Бұл ел бірде аз, енді бірде көп мөлшерде сыртқы әріптестеріне басыбайлы болғандықтан,  президент тұтасқан қарым-қатынас жүйесін түзетін болады.

Евгения Ким: Мәскеу мен Нұр-Сұлтан арасында бірқатар өз шешімін таппаған мәселелер баршылық. Мәселен, Қазақстанның Қырым жайындағы ұстанымы әлі күнге дейін ұғынықты емес. Осы жағдайлар өзара сұхбаттастықты жалғастыруға сеп бола ма?

Дмитрий Верхотуров: Жаңа президенттің Мәскеуден нені «қалауына» қатысты сөз қозғар болсам, онда бұл сауалды бірнеше бөлікке бөліп қарастыруды ұсынамын.

Бірінші бөлік Қазақстанның Қырым жайындағы ұстанымы. Әлбетте Мәскеудің пікірі бойынша ең жақын одақтасы ретінде Нұр-Сұлтан жарты аралдың ресейдікі екенін мойындауға тиіс.  Дәл осы нәрсенің әлі күнге дейін өз шешімін таппауы Кремльдегі белгілі бір топты алаңдатпай қоймайды.

Осыған байланысты егер дүние алмағайып болып кетсе, Қазақстан кімнің жағынан табылады деген заңды сұрақ туындайды? Керек десеңіз ЕАЭС, ОДКБ және ШОС бойынша одақтасымыз Қырымдағы орын алған жағдайға байланысты жұмған аузын ашуды жөн деп таппады. Ол өз міндетін орындай ма, әлде басқада жағдайларды алға тарта отырып, тасада қалуды жөн деп ұйғара ма?

Мәскеу мен Нұр-Сұлтан арасында ағымдағы мәселелерде түсініспеушілік орын алуда. Ресей басшылығы әлбетте Қазақстан билігінің ұстанымын анықтауға тырысады.

Ал қалған мәселелерге келер болсақ, 30-шы жылдардағы аштық тақырыбын қоңырсыту және Қазақ елінің латынға көшуінің барлығы Украинада орын алған оқиғалармен төркіндес. Киевтегі Майданда  2000 жылдардың соңында «голодомор» тақырыбынан бастау алып, араға он жыл салып өзінің шырқау шегіне жетті емес пе? Бұл тақырып майданға ұласушылықтың идеологиялық базисі болды.

Мәскеу барлық нұсқаларды қарастыру үстінде оның ішіндегі ең жағымсыз сценарийлердің бірі украин майдандағыдай немесе соған ұқсас дүниенің Қазақстанда да орын алуы деп санайды.

Ал, енді латынға көшуге келер болсақ, бұл енді көп жағдайда осы елдің өз ішкі ісі. Солай десек те, қазақ билігі Ресеймен одақтасты тәрк етуге тас түйін дайын ба деген ойға да қаласың.

Евгения Ким: Мәскеу мен Нұр-Сұлтан арасында қарым-қатынаста көзге ұрып тұртатын өзгерістердің нышан-белгілері қандай?

Дмитрий Верхотуров: Ақпараттық кеңістікте қазақ-ресей арасындағы қарым-қатынасына қатысты көңіл-күй мен емеуірінді танытатын бірқатар тақырыптар бар.

Бұл – Қырым мен Сүриядағы соғыс, «голодомор», латынға көшу. Сол себепті Мәскеу ақпараттық хабарламалар негізінде Қазақстан одақтас ретінде шешуші сәтте жалт береді деген түйін жасап отыр. Енді бұл Нұр-Сұлтан табанының бұдыры жоқ сенімсіз әріптес дегенді білдіреді.

Евгения Ким: Қазақстанның ұстанып отырған осы қадамы Ресей мүддесіне қаншалықты өз зардабын тигізеді?

Дмитрий Верхотуров: Түптеп келгенде дәнеме де емес. Солай болғанымен де ағымдағы қарым-қатынастарыға өз сызатын түсіреді.

Евгения Ким: Қазақстанның жаңа президенті осы мәселелерге қатысты ағынан жарыла ала ма?

Дмитрий Верхотуров: Қаласа бәрін жайып сала алады. Ол білгір дипломат және тіл табыса біледі. Бірақ мен оның нақты не айтып, не тындыратынын алдын ала болжай алмаймын.

Қырым мәселесі қылыштай қылпылдаған дүние екенін естен шығармауымыз керек. Бір жағынан Қырымға қатысты Қазақстан одақтас бола тұра Ресей ұстанымына қасқая қарсы тұрушылық та болса, екінші жағынан Нұр-Сұлтан Ресейді қолдайтын болса, АҚШ пен Еуроодақтың  «санкциясының» қырына ілігеді. Бұл өзі өте ауыр тиетін соққы.

Бұндай мәселелерде сен тимесең мен тиме деп шеттеп қалу өте қиын. Егерде Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселелерді көтеретін болса, онда одан дипломаттық білгірлігін алға салып, мүдделі барша тараптың көңілін табатын Қазақ елінің ұстанымын ұқтырып, барлығын біржайлы етудің мүмкіндігін таба білуі керек.

Евгения Ким: Қазақстан Президенті қызметтік міндетін атқару барысында ұзақ уақыт Қытайда жұмыс істеді. Өз елінің ҚХР әріптестігіне бұл қалай әсер етеді?

Дмитрий Верхотуров: Иә, тауып айттың Қазақстан Тоқаевтың кезінде Қытайға қарай батыл қадам жасайды. Бұл тек президенттің жеке ұйғарымынан келіп шығып отырған жоқ. Қайта бірқатар объективті себептер де баршылық. Атап айтар болсақ, сауда-экономика секторының өсу көрсеткіші.

Евгения Ким: Дәл осындай жақындасу Мәскеудің шабына ши жүгіртпей ме?

Дмитрий Верхотуров: Сөз жүзінде Қазақстан мен Қытайдың жақындасуы көңіл толмаушылық туғызуы бек ықтимал. Бірақ шын мәнісінде Ресей бұндай мәселелерге салқын қандылық танытады. Біріншіден, бұл мәжбүрлік жақындасу, ал, екіншіден, дәл қазіргі таңда Ресей мен Қытай да өзара одақтас саналады. Әрі шиеленістің өзі жақындасуға сеп болатынын естен шығармауымыз керек.

Дегенмен бұл одақ ресми мәлімделмесе, де-факто ол орын алуда. Сондықтан Қазақстанның Қытайға қатысты саяси ұстанымы түсіністікпен қабылдануда.

Евгения Ким: Қандай жағдайда Мәскеу Қазақстанға қатысты қатаң позиция ұстанады?

Дмитрий Верхотуров: Егер Қазақстан Ресейден теріс айналып, қарсы жақтың қолтығына кіріп, АҚШ және батыс елдерімен әмпей-жәмпей болатын болса, Ресей  мен Қытайға қыр көрсетсе.

Дәл осы нұсқа орын алар болса, түбі жақсылыққа апармайды. Әскери баса көктеуге дейін ұласады. Ал, бұл қауіпті.

Тек қана Батыспен ғана жақындасуға үндейтін национал-патриоттар болса, жоғары жиіліктегі тоқпен ойнап жүргендерін түсінбейді. Істің мәнісі шынында да Ресей және Қытай әскерлерінің Қазақстанды оккупациялаумен аяқталады.

Сіз неге осылай ашына тіл безедің деп сұрауыңыз мүмкін?  Қытайға жеткізілетін түркіменстандық газ құбыры қазақ жерін көктеп өтеді. Сондықтан, егер Қазақстанда америкалықтар мен америка әскерилері төбе көрсетсек-ақ болды ол Ресей  мен Қытай қауіпсіздігіне доқ көрсету болып саналады. Көп кешіктірмей-ақ Мәскеу мен Бежін өз тиісті жауабын қайтарады.

Бұл ашып айтуға болмайтын әскери-саяси анализ, дегенмен не болып не қоятындығын  біліп қойған да жөн.

Сол себепті латын жазуына балаша мәз болып, өзіңді «батысшылмын» деп санау күлкі шақырады. Сорлатқанда бұл ресей-қытай оккупациясына әкеліп соғады.

Қадап айтамын, жағымсыз жағдай тек Қазақстан өзінің сыртқы саясатын күрт өзгерткен кезде орын алады. Сол кезде Ресей мен Қытайдың бүгінгі одақтасы Ресей мен Қытай танкілерінің шынжыр табанының бірін таңдауға мәжбүр болады. Қазақтарға қайсысының ұнайтынын өз басым тап басып айта алмаймын.

Түйін

Батыспен жақындасу «қазақтың өз көрін өзі қазушылық» деген Ресейлік үкімге не дей аламыз? Ашаршылық тақырыбын көтеру – орыстың жанды жеріне тұз себу деген ұғымды қалай жоққа шығара аламыз. Әлемдік әріптес пен ұлттық жоғымызды түгендей алмасақ, сонда біздің дербестігіміз бен тәуелсіздігіміз қайда!?

Әбіл-Серік Әлиакпар

Abai.kz

36 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3525