Сенбі, 20 Сәуір 2024
3789 0 пікір 27 Маусым, 2019 сағат 18:34

Сырдария ауданында елдігімізді айшықтайтын аллея бой көтерді

Бүгін Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентінде демеушілердің қаражаты есебінен Мемлекеттік рәміздер аллеясы ашылды, -деп хабарлайды Абай-ақпарат.

Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов:

– Кез келген елдің елдігін, мемлекеттің мәртебесін айқындайтын басты құндылықтары болады. Ол – елдің шекарасы, Астанасы және Мемлекеттік Рәміздері. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Тәуелсіздік – Алтын күмбез дейтін болсақ, сол күмбезді тіреп тұрған төрт белгі рәміздеріміз бар, оның біріншісі – Елтаңба, екіншісі – Әнұран, үшіншісі – Көк Байрақ, төртіншісі – Қазақ тілі» деген халық жүрегінен орын алған дана сөзі бар. Рәміздер халықтың рухы мен айбатын білдіріп қана қоймай, сол мемлекеттің әлемдік өркениет көшіндегі орны мен деңгейін де белгілейді. Бүгін, міне, аудан орталығынан Көк Байрағымызды биікке көтеріп, Мемлекеттік Рәміздер алаңы ашылуда. Алаңның ашылу салтанатымен баршаңызды құттықтаймын,- деді ол.

Бұдан кейін Мемлекеттік Гимн орындалып, Мемлекеттік Ту биікке көтерілді. Сондай-ақ, шарада патриоттық әндер шырқалды.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекеттік рәміздер аллеясы бұған дейін Арал, Қазалы, Шиелі аудандарында және облыс орталығында салынған еді. Көп ұзамай мұндай маңызды нысандар облыстың өзге аудандарында да бой көтереді.

Abai.kz

0 пікір