Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5423 0 пікір 3 Шілде, 2011 сағат 08:14

Ләтифолла Қапашев. Дина мен Сейтек. Биыл күй өнері қос дүлдүлінің туғанына – 150 жыл

Екеуінің есімдері - ой елегінен өткізіп байқағанға сол кезде қазақта тым сирек кездесетін адам аттары.
Динаның шын аты, дұрысында, Мәдина болу керек-ті. Алайда осы аттас сүйген қызын түн асыра сайда күткен жас жігіт Төремұрат елең-алаңда «өмірге келген сәбидің атын қойып кет!» деп қолқалаған қос кемпір мен анасы Жәниханың көңілін қалдырмай, тіл ұшына кеп қалған таныс есімнің тек «...Дина»-сын ғана айтып, «мә»-сін ішіне сақтап, күдік туғызбай, тездеп аттанып кеткен екен...
«Қайран бұрынғының аңғал да абзал адамдары-ай!» десеңізші...
Ал Сейтек күйшінің шын аты Сейтқали болған... Әкесі Оразалы өз балаларын тым еркелетіп, үлкен ұлы Сұлтанғалиды - Шошақ, Сейтқалиды - Сейтегім-тентегім, Нұрғалиды - Мәнкей деп атаған екен. Өкініштісі, Оразалы дүниеден тым ерте озып, жолдасы Бәтима кіші екі ұлымен ағалары Шошақтың қошемет-қамқорында болыпты...
Енді бірін-бірі етене таныған, құрдас та мұңдас қос күйшінің өмір жолдарын даралап сабақтап, баяндап көрелік...

 

***

Екеуінің есімдері - ой елегінен өткізіп байқағанға сол кезде қазақта тым сирек кездесетін адам аттары.
Динаның шын аты, дұрысында, Мәдина болу керек-ті. Алайда осы аттас сүйген қызын түн асыра сайда күткен жас жігіт Төремұрат елең-алаңда «өмірге келген сәбидің атын қойып кет!» деп қолқалаған қос кемпір мен анасы Жәниханың көңілін қалдырмай, тіл ұшына кеп қалған таныс есімнің тек «...Дина»-сын ғана айтып, «мә»-сін ішіне сақтап, күдік туғызбай, тездеп аттанып кеткен екен...
«Қайран бұрынғының аңғал да абзал адамдары-ай!» десеңізші...
Ал Сейтек күйшінің шын аты Сейтқали болған... Әкесі Оразалы өз балаларын тым еркелетіп, үлкен ұлы Сұлтанғалиды - Шошақ, Сейтқалиды - Сейтегім-тентегім, Нұрғалиды - Мәнкей деп атаған екен. Өкініштісі, Оразалы дүниеден тым ерте озып, жолдасы Бәтима кіші екі ұлымен ағалары Шошақтың қошемет-қамқорында болыпты...
Енді бірін-бірі етене таныған, құрдас та мұңдас қос күйшінің өмір жолдарын даралап сабақтап, баяндап көрелік...

 

***

Дина Нұрпейісова. Дина Кенже­қызы кең-байтақ Отанымыздың батыс өңірінде, Еділ-Жайық екі өзен аралығында орналасқан бұрынғы Бөкей ордасы, Нарынның Бекетай құмы жерінде осыдан тура жүз елу жыл бұрын (1861 ж.) қарапайым шаруа отбасында өмірге келген. Кенже палуан да болған адам, ол ерке-тотайын көзін ашқалы домбыра үнімен әлдилесе, анасы Жәниха үшінші қызы Динаны бесік жырымен тербеткен.
Сондықтан да болар, Дина қыз бес жасында әкесінің домбырада тартқан күй саздарын пернелерге дұрыс түсіруге әуестенген, сөйтіп, қаршадайынан домбыра үніне құмар болған. Әкесі домбыра тартса болды, ол өзі елпілдеп, елеңдеп отырған. Әкесі де оны ерекше еркелетіп, домбыра тартуға еліткені бір бөлек, етженді ерке қызын ер балаша киіндірген, сөйтіп Дина көбіне ер балалармен ойнауға машықтанған, жастайынан жұғыса кеткенмен күресуге бейім болған, тіпті «сен бізбен емес, анау қыздармен қуыршақ ойна» деген балаларды жек көрген.
Дина тоғыз жасында әкесі үйреткен күйлер мен әндерді өзінше домбырада еркін ойнаған, содан «домбырашы қыз» атанған. Осы тұста тағдырдың өзі бұйыртып, Кенже ауылына әдейі ат басын бұрған күй құдіреті Құрманғазы Динаның домбырада ойнауын қадағалап, бағыт-бағдарын байқап, одан болашақта жақсы күйші шығатынын қыз әкесіне айтқан және Динаның осы өнердегі алғашқы тұсауын кескен, оның болашақта ұстазы болған. Онысын Динаның өзі де кейінірек былай суреттеген. «Құрманғазы жақын ағайын болатын, өзі де біздің үйге келіп жүргенде талай рет күйлерін де тыңдағам. Бірде әкем Құрманғазыдан менің домбыра тартқанымды өз көзімен көріп, егер өнерім көңілінен шықса, қолұшын беруін өтінді, ұстаз болуын қалады», - дейді.
Ұстазы Құрманғазы шәкірті Динаны кездескен сайын домбыра тартысына үлкен мән беріп, оның домбыра шертудегі алғашқы дайындығын қадағалап отырған. Ол шәкіртіне: «Домбыраны қолыңа алғанда, оны тартпас бұрын ең алдымен құлақ күйін келтіріп, әбден баптап ал, тек осындай дайындықтан соң ғана домбыра тартуға кіріс», - деген. Осылайша бағыт-бағдар сілтеген ұстазының ұстамы, берген ақыл-кеңесі Дина үшін бұлжытпай орындайтын заңдылық іс болған.
Күй өнеріне құштар болған Дина күйші өмір жолында тек ұстазы Құрманғазының күйлерін үйреніп, тартумен шектелмей, сол өңірде аттары белгілі күйшілер Дәулеткерейдің, Соқыр Есжанның, Әлікей, Баламайсандай көрнекті халық композиторларының шығармаларын тартып үйреніп, өзі де домбыра сайыстарына қатысып, өнерін шыңдап отырған. Өнер сайыстарына қатысқан Дина күйші: «Осындай кездесулердің бірінде елге аса белгілі домбырашылар бас қосқанда - солардың ортасында ұлы күйші Дәулеткерей де бар болатын. Ол сол сайыстардың төрешісі ретінде қатысты. Әр рудың ақсақалдары домбырашылардың ең тәуір дегенін жарыс­қа салды. Ысық руынан шыққан Түркеш күйші сайысқа түсіп, ол Құрманғазының «Терісқақпай» күйін тартты. Бұл орындалу жағынан өте қиын әрі күрделі күй еді, сондықтан оны Түркештен кейін қайталап тартуға ешкімнің жүрегі дауаламады. Жиналған халық: «Бұл күйді енді қайсың тарта аласың?» - деген сұрауларға менің тартуымды қалады. Мен батыл қимылдап, жігерімді қайрап, орындауға бекіндім. Мен орындаған «Терісқақпай» оларға қатты ұнады», - деп еске алады.
Дина Кенжеқызы 1880 жылы 19 жасында күйеуге ұзатылады.
Динаның өнердегі ұстазы болған күйші Құрманғазы озат шәкіртінің ұзатылар тойының үстінен шығып, құдалардан жас келіннің болашағына, оның домбыра тарту өнеріне тыйым салмай, қарсылық білдірмей, керісінше, оның өнерінің ұшталуына, жетілдіруіне әр кез көмектесіп, қошемет білдірулерін өтініп, уәделерін сұрап алады. Осындай уәдені күйеубала Нұрпейістің өзінің аузынан естиді. Сол тойда Құрманғазы Динаны шақырып алып, күй тартқызып, соңынан сол тойға қатысып отырған жұртшылыққа естіртіп:
- Домбыра менің өмірлік серігім еді. Ол ғұмырымның ұзақ та қиян-кескі қиын жолда сенімді серігім, берік сүйеу болды. Енді осы қимас серігімді лайықты мұрагерім - саған табыстаймын, - деп күй ойнаған домбырасын Динаға сыйға береді. Ұстазының аспабын үлкен толғаныс үстінде қабыл алған шәкірті де:
- Ұстазымның сол домбырасын ешқашан жанымнан тастаған емеспін, оны киелі дүниедей қастерлеп сақтадым. Күй шығарып толғанған, азапқа түскен шақтарымда ұстаз домбырасы маған ақыл-кеңес беріп, дұрыс бағытқа сілтегендей болатын еді, - дейді Дина кейінірек.
Шәкіртінің домбыра тартудағы өнері, қол алысы өз ойынан шыққан ұстазы Құрманғазы осындай кездесулердің бірінде Динаға «енді өзің де күй шығаруға дағдылан» дегендей ақыл-кеңес береді. Осындай ой Динаның өз басында да бар болатын. Ол Құрманғазының жігерлі де тез, жылдам ойналатын күйлері мен лирикалық әсем, майда қоңыр сазды Дәулеткерей күйлерін толықтай меңгерген кезі. Сондықтан ұстазының әлгідей ұсынысына қанаттанған Дина өзі де күй шығаруға тәуекел етеді. Бізге жеткен деректерге қарағанда, Дина алдымен өзіне бұрыннан таныс күй тақырыптарын таңдап алып, оны іштей қорытып, өзінше түсініп игеру арқылы жаңа музыкалық образдар енгізіп, одан әрі байыта түседі, «парафаз» жасау арқылы жаңа әуендер енгізеді. Сондай тырнақалды шығарған күйлерінің қатарына «Бұлбұл», «Байжұма», «Жігер» күйлерін атауға болады.
...Елде Кеңес өкіметі орнағанмен, қиян-кескі Азамат соғысы кезінде тыныштық бұзылып, зәбір көре бастаған қазақ ағайындар, оған қоса ашаршылыққа душар болған 61 жастағы Дина әжейдің үлкен отбасы 1922 жылы Астраханның Қызылжар (Красный яр) жеріне - Азау мекеніне көшіп барады. Бұл жерде қырдың өсімдігі - құмаршық қағып, одан нан мен көжелік талғажау жасап, жанұясын ашаршылықтан сақтап қалады. Бұл қыр елін отаршылыққа ұйымдастырған кезең болатын.
Кейінірек елде ұжымдастыру науқаны басталғанда Дина әжей отбасын Володар ауданының Козлово ауылсоветіне қарасты бір шағын ауылына қоныстандырады. Бұл - табиғаты тамылжыған, жанында ағып жатқан өзені бар, бір жағы егін салуға құнарлы жері мол елдімекен болатын. Сол кезде орталығы Козловодағы «Қызыл ту» артелінің төрағасы Абуев Ғаббастың атына арыз жазып, мүшелікке алуын өтінеді әженің үлкен ұлы - Жұрынбай Нұрпейісов. Ол сонда мал шаруашылығына жұмысқа сұранады. Ол кезде артельге адамдар көптеп керек. Сол артельге мүше болып, әже де арыз жазып кірген. Жалпы, 20-30-жылдар елде клуб жұмыстары қарқын алып, тұрғындардың белсенділігі көтеріле бастайды. Бұл кезде Астраханда аз ұлт әйелдерінің облыстық съезі өтеді. Оған әжей де қатысады. Осы кезеңде 67 жастағы Дина әжейдің өміріндегі бір жаңалық - алғаш рет клуб сахнасына көтеріледі. Күнделікті ауыр жұмыстан кейін Дина әжей әр кеште артель мүшелеріне домбыра тартып, көңілдерін көтерген. Бұны сол ауылдың тұрғыны, Ағжан апаймен бірге оқыған Әмір Ибрашев ақсақал әңгімелеген. Козлово ауылынан бар-жоғы бір жарым шақырым жерде орналасқан сол елдімекен «Дина ауылы» атанып (Диановка с.), Дина күйші 1937 жылы тамыз айында оны арнайы іздеп келген композитор Смағұл Көшекбаевпен Алматыға аттанған.
1935 жылы Астраханның Марфин ауылында болған мереке-конкурс кезінде Дина Нұрпейісова өмірінде алғаш рет бірінші орынға ие болды. Сол кезде газеттер бетінде мақалалар шығып, бейнесі сурет боп басылды. Дина әжей алғаш рет қағаз бетінен өз бейнесін көрді. Жалғыз сурет емес, оған қоса газеттің бұл санында әженің немересі Қожахмет Жұрынбайұлының мұғалімі, орыс қызы - Лилия Михайловна Щербакованың әже фотосының астында көлемді суреттемесі басылған. Бұл Астраханда шығатын «Волга» газеті еді.
«Тұрмыс тақсіретін, өмір толқынысын көп көрген қарт күйші - Ана халқының өнерін, асыл мұрасын, тамаша сазын бойына көп жинаған. Қолдан жасалынған кішкене қара домбырадан осындай тамаша, адамның жан дүниесін билейтін үн, ғажап музыка шығады деп кім ойлаған. Мұның бәрі асқан шеберлікке, талантқа, ақылға байланысты. Дина Нұрпейісова домбыра тартқанда сол саздан елдің тарихын, салтын, қайғы-мұңын, талабын, жер мен судың, ер мен жанның сұлу табиғатын аңғаруға болады. Бұл - тарих, бұл - асқан әдемі мәнерлі музыка. Біз бұдан революцияға дейін езілген, қараңғы халықтың арманы мен мақсатын, үлкен өнерін көреміз. Сол өнер қайта туып келеді. Қайта туған елдің қайта туған өнерпазы, өткен өмірдегі асыл қазынасының, мұрагерінің асқан бір өкілі - осы Дина Нұрпейісова», - деп жазған Лилия.
Сонда Дина Нұрпейісова елмен қоштасарда: «Туысқандар! Мен өз борышымды, алдыма қойған асыл мақсаттарымды орындау үшін Қазақстан астанасына аттанып барамын. Мен ұстазым - атақты домбырашы Құрманғазыдан көп нәрсені үйрендім, мен оның өнерін бізден кейінгі домбырашыларға жеткізуге уәде берген едім. Құрманғазыдай ұстаздың домбырада ойнау өнерінің қыры мен сырын әрбір домбырашының сана-сезіміне жеткізу үшін барамын...
Мен соны түсіндіруге тиістімін. Мен сендермен қоштаспаймын, мен қазақтың қоңыр домбырасының қадір-қасиетін, оның өнерін әлі де жоғары көтеру үшін, көп еңбек сіңіру үшін, соған аянбай жұмыс істеу үшін аттанып барамын, - деген.
Қазір сол Козлово селосының орта­лы­ғында Мәдениет үйі бар. Ол Дина Нұрпейісо­ва атында. Володар ауданы орталығында бір көше халық композиторының атымен аталады, сондай-ақ Козлово ауылында да бір көше Д.Нұрпейісова атында. Мұрағат қазынасын ақтарғанда «Дина Нұрпейісова 1934 жылы Володар аудандық, 1937 жылы Красный Яр аудандық депутаттар комитеті атынан «Қазақ музыкалық аспабында асқан шеберлікпен орындағаны үшін Дина Нұрпейісоваға Құрмет грамотасы сыйға тартылады» делінген. Бұл сол кездегі күйші әжемізге берілген үлкен баға деуге негіз бар.
Дина Нұрпейісованың домбырада орындаушылық өнеріне қайран қалған композитор Ахмет Жұбанов: «Дина ұзын да сүйріктей саусақтарымен домбыра пернесінде, сағалағында небір алшақ пернелер аралықтарын ешбір мүлтіксіз алады. Симфония сазындай сиқырлы әуенді 62 тамырыңды бойлата, шымырлата, жаңғырта, шулата, буырқана небір әсерге түсіреді», - дейді...
Биыл туғанына 150 жыл толған Дина Нұрпейісова әжейдің көзі тірі жалғыз немересі Балжан Жұрынбайқызы да 75 жасқа шықты. Қазір Алматының «Шаңырақ» ықшамауданында тұрады. Апай өзі Алматының Әуезов ауданында пәтер кезегін күткелі де біраз заман өткен. Сырқат апайдың көз көруі де нашарлаған. Біреудің көмегімен ғана жүріп-тұрады. Осы кісі биылғы Динаның мерейтойында біраз жақсылықтар болар деп үміттенеді. Дина әжейдің Алматы қаласының Орталық зиратындағы қазіргі халы - көрер көзге тым сұрықсыз. Бейіт көп молалардан көрінбей тасада қалған. Тым ескірген тас мүсінге жаңаша өң беру керек, себебі осының салдарынан әже бейітінің Алматыда екендігін екінің бірі білмейді. Д.Нұрпейісованың мерейтойы бірнеше рет өтсе де оның бейітін жөндеу қолға алынбаған, сондықтан бейіт қараусыз қалған. Жабайы өскен теректер мен темір шарбақтардың тасасынан көрінбейді.
Біз білетін Дина Нұрпейісова Қазақстан еліне сіңірген еңбегі үшін «ХХ ғасыр адамы» атанған. Осынау атақты алған адамның бірі - Дина Нұрпейісова, бірі - ақын Олжас Сүлейменов.
Ғасыр адамы атанған Дина Нұрпейісо­ва­ның бейіті осыншама төмендеп, мынадай мүшкіл халге жетуге тиісті емес. Күй­шінің осынау мерейтойын неге ЮНЕСКО деңгейінде өткізбеске. Жалпы, сөз ре­ті келген соң айталық, Құрманғазының, Дәулет­керейдің, Дина Нұрпейісованың мерейтойлары әлі күнге ЮНЕСКО көлемінде өткізілген жоқ. Біздіңше, осының бәрі - салғырттықтың салдары.
Мәңгілікке Алматыда тыныстап жатқан қазақтың күй анасына қала орталығынан лайықты көше беру керек. Дина әжей - көзі тірісінде Құрманғазыны да, жыр алыбы Жамбылды да көрген адам, дидарласқан, өнер жарыстырған тұлғалар. Демек, Дина Нұрпейісова көшесі осы екі алып тұлғаның жанында болу керек.

***

Сейтек Оразалыұлының туған жері өткен ғасырдың орта шеніне дейін «Сейтек ауылы» атанып келген. Ол қазіргі БҚО Орда ауданының Хан ордасынан оңтүстік-батысына қарай отыз шақырымдай жерде орналасқан. 1947 жылы Ресей жерінен басталатын «Капустин яр» полигон аймағына еніп, жиі-жиі бомба астына алынды. Сол ауыл кейінірек бомбалардан пайда болған, түбінде радиоактивтік суы бар шұңқырлардың атымен «Бес апан» атанған.
Сейтек күйші қандай адам болған деген сұраққа жауап іздесек, академик А.Жұбанов ағамыздың жазбалары бойынша мұрағаттан тапқан дерегінде 1888 жылы 15 мартта Сейтекке іздеу салған бір старшын оны былай суреттейді: «Жүзі қара торы, орта бойлы, түксиген қалың қабақты, қара көзді, қара мұрт, қара шашты, сақал қоймаған, кең маңдайлы, жиырма жеті жастағы жігіт» деген. Ал 1894 жылы Сейтекке шығарылған бір үкімде оның жасы 33-те делінген. Осы екі құжатқа қарап отырсақ, Сейтек 1861 жылы туған боп шығады.
Сейтек жастайынан бірбеткей, айтқанынан қайтпайтын, артық сөзге жоқ, шарт мінезді бала болады. Ел аузында мынадай бір әңгіме болған сыңайлы, оның анасы Бәтима Сейтекке жүкті болғанда, қасқырдың жүрегіне қатты жерік бопты. Соны қоярда-қоймай іздеттірген. Ақырында, қасқыр аулайтын Ноғайбай мен Батырбектегі аңшы қайныларына қолқа салып алғызған, сөйтіп, жерігі қайтқан деседі. Сейтектің қайсар мінезі содан да болса керек.
Сейтектің домбыраға деген әуестігі де тым ерте басталады. Оған домбыра үйреткен, тәрбиелеген ағасы Шошақ болған. Ағасы Сейтекті қатардан қалдырмай, өз жанынан тастамай алып жүрген. Сондықтан да болар, Сейтек жастайынан әсершіл болады. Түрлі ән-күй, әңгімелерді жалықпай тыңдайтын, көпшілік жерде күйшілердің күй туралы айтқандарын бұлжытпай орындайтын болған.
Ол күйлерді тыңдап қана қоймай, өзі де күй шығаруға ерте талпына бастайды. Өзіне ұстаз көретін Дәулеткерейдің, Әлкей, Тұрып, Салауаткерейдей күйші­лерден Дәулеткерейдің де күйлерін үйренеді. Сейтек ХІХ ғасырдың жетпісінші жылдарының орта шенінде өз өнерін нағашысы Дәулетиярға көрсетпек болып жаяу бара жатқан сапарында, ойда-жоқта, аты аңызға айналған Құрманғазымен кездесу сәті түскен. Дауыл­паз күйшінің күйлері мен домбыра тарту мәнеріне тәнті болған Сейтек өмірі ұмы­тылмастай әсер алады. Құрманғазының құй­қылжыған күйлері мен өнегелі сөздері елік­тіреді, оны қанаттандырады. Сейтек Құр­манғазы қолынан оның «Қайран ше­шем», «Қызыл қайың», «Кішкентай», «Сарыарқа», «Байжұма» күйлерін үйренеді. Естігенін сол орында қағып алатын Сейтектің қабілетіне риза болған Құрманғазы маңдайынан сипап, қоштасарда ақ батасын береді.
Ал нағашысы Дәулетияр жиенінің келгеніне қуанып, туысқан-көршілерін шақырып қонақ етеді. Олар күй шалдырып, жиеннің қолына қарайды. Күйді тыңдай да қадірлей білетіндердің байқауынша, баланың бағыты жақсы. Қолы шалымды, асықпайды, шалықпайды да, Құрманғазының дауылды, екпінді күйлеріне онша көп құлқы жоқ. Дәулеткерейдің сезімге толы, толықсыған лирикаларына да көп бара қоймайды. Сол төкпе күйдің табиғатынан ауытқымай, оған өз өрнегін енгізуге тырысқан көңіл күй әуендері баршылық және әр шығарманы орындағанда белгілі бір ойды түйіп-түйіп тастағанды ұнатады.
«Туған үйіңе тұлымшағың желпілдеп жаяу қайтпай, ақ тайлақ мініп қайт!» - деп жие­нін риза етіп, шығарып салады. Бірақ қай­тар жолда көңілі тасып, қуанышы асып әнде­тіп келе жатқан жас баланы жер астынан шыққандай, қарсы алдынан төрт аттылы шығып, құм-шағыл арасында тоқтатады. Ор­таға алады. Сұрақтары: «Өлеңіңді айтып, кө­ңілің тасып, қайдан келе жатқан баласың, ба­ғытың қайда, артыңда кімің бар?» - болады.
Сейтек ойында еш бөтен сыры жоқ, бар шынын айтып салады. Осы төңіректегі Оразалы марқұмның екінші ұлы, нағашысына қыдырып барып, қайтып келеді. Астындағы сыйлығы - нағашы мінгізген сыйы дегендей. Сол кезде төртеудің бірі Сарыбай деген әлдінің баласы:
- Сенің әкең кезінде бізден бір қысқа мінуге деп атымызды алып, арам өлтірген. Артынша сенің әкең де өліп, мал да жоқ, ізін таппай қалдық. Мынау соның өтеуі болады, - деп жас баланы тайлағынан аударып, қыл қамшының астына алады. Ал жазығы жоқ жас бала мұңын айтып жалбарынады. Бірақ құлақ асар бірі жоқ.
Ақыры, дойыр өткен денесін әрең алып, ауылына жаяу қайтады. Соңынан жылдар өтіп, Сейтек ержетіп, Хан базарында жылына екі рет өтетін жәрмеңкелерден қалмай өнерін көрсетеді. Сол кезде аты шыққан Құрманғазы, Дәулеткерей, Әлікей, Манар, Салауаткерей, Дина, Тұрып сынды талай күйшілермен кездесіп, бағын сынайды, бағасын алады. Кейіннен өзі де күй шығара бастайды.
Бірақ Сейтектің сүйегіне батқан со бір таңба енді өшігін ұлғайтады. Хан базары­нан қайтып келе жатқан Сейтек Сарыбайдың ар­қа сүйер әкімі Арыслангерейдің жылқысы­ның үстінен шығады. Баяғы тайлақтың құны енді кем дегенде екі биенің құнынан асып түспесе кем емес деп, үйірден қос биені қуып кетеді. Үйіне кеп: «мынау - менің жәрмеңке­ден әкел­ген базарлығым» деп көрші-қолаң­ға бөліп береді. Бірақ бұның арты Сейтек істі болып, Орда түрмесіне түседі. Бұл кезде ол Арыстанбекпен болған қақтығысқа арнап «Арпалыс» күйін шығарған еді. Түрмеде жан серігі домбыраны ермек етеді. Қасындағы көзі ашық, көкірегі ояу адамдар қолұшын, береді. Солардың бірі - түрме қызметкері Шәрипа атты әйел. Соңынан «Шәрипа» күйін шығарады.
Орда түрмесінен кейін өз достарымен жүздесіп, күй тартады. Арада екі ай өткенде нақақ жабылған жаладан досы Бота түрмеге түседі. Сейтек Ботаның әке-шешесін аяп, ауыртпалық пен жаланы мойнына алып, өзі отырады. Көптен Сейтектің артына түскендерге керегі сол еді. Олар Сейтекті 1882 жылы Үркіт түрмесіне айдатады. Ол жерде Сейтек түрмеден қашып шығуды ойластырып, таң алдында қарауылды ұрып, бой тасалайды.
Бостандыққа шыққан Сейтек жол сапарында Церен атты бурят азаматымен танысып, жолға мол азық дайындайды. Церен азамат оған ат мінгізеді. Сейтек желе-жортып, жолдағы Сарыарқа қазақтарына қона түстеніп, аңсаған Ордаға екі жұма жүріп, «Ортпа» деген күйін шығарады.
...Сол кезеңдерде сүйген қызы Зәбирамен шаңырақ көтеруге сөз байласады. Өзі ел ішінде күйші сазгер боп танылады. Астрахан, Орал, Атырау, Маңғыстау қазақтары үлкен жиын-тойларға Сейтекті арнайы шақыртып, күйлерін тыңдайды. Сондай жиын-тойдың бірінде Карим деген құймақұлақ жыршыдан түрікмен мақамдарын үйренеді. Түрікмен әуенінде қолданатын бас пернені қазақ домбырасына енгізген осы Сейтек болатын. Оны музыка мамандары «Сейтек перне» деп атайды. Кейінірек Сейтек Астраханнан әріректе Қалмақ қырына барып, олардың әндерін тыңдап қызықтайды. Ол қалмақ, бурят халықтарының сөздерінен, дәстүрлерінен ұқсастық тауып, қалмақтарды таңғалдыра­ды. Наным-сенімдегі бір ұқсастық - буряттар сияқты қалмақтар да тамақ ішерде, асқа немесе ішімдікке саусақтарын батырып, «Құдай сыбағасы» деп ауаға сілкілей­тінін байқайды. Бұл - ғасырлардан келе жат­қан будда дініндегі халықтардың дәс­түрі. Көрсетілген деректер Сейтектің қал­мақтармен жақындасуына әсер етеді. Бір той­да Сейтек орындаған күйлерге әсерлен­ген бір­неше қыз билегісі келетіндерін айтып, тілек білдіреді. Кейін Сейтек осыған арнап «Бес қыз» күйін шығарады, ал бұны ел арасына құбылтып «Бес қыздың бел шешпегі» деп те атайды.
Енді бір тойда Айша деген қыз «Мұңды қыз» күйін тартады. Қыздың күйіне риза болған Сейтек сол жерде «Бұлбұл Айша» күйін шығарады. Енді бірде Жүніс деген бай сұлулығына қызығып, қалың мал беріп, Сейтектің қалыңдығы Зәбираны алғалы жатыр екен. Сейтек пен Зәбира ымдасып, түнделетіп Қалмақ қырына қашып, таптыртпай кетеді. Осындай сапардан оралған Сейтек Қарабайлы түрмесіне түседі. Одан да қашып шығып, ауылға көңілі көтеріңкі оралған Сейтек «Ақ Еділ» күйін шығарады.
Осы кезде патша үкіметі езілген таптың жоғын жоқтаушы күрескерлерді халық арасына іріткі салушылар деп атап, адамы жоқ алыс аймақтарға айдау үкімін шығарады.
Сондай аса қауіпті, қайратты өжеттердің есебінде Сейтек те бірнеше адаммен 1894 жылдың жазында кенеттен құпия жағдайда Мәскеу түрмесіне жөнелтілді. Сексен тұтқынды жан-жағына қаратпай кеме трюміне қаматты. Содан бұларды кемемен күншығысқа айдап, қақаған қыста Сахалинге жетті. Онда бой үйрету оңайға түспеген. Дегенмен Сейтек сынды талай тарландар қаһарлы суыққа біртіндеп дағдылана бас­тайды. Түрме тамағына үйренген Сейтек сол жерде де жан азығын іздейді. Сыңсыған орман ішінде жүріп домбыра жасауға жарайтын томар ағашты таңдайды. Ал домбыраның ең басты негізгі ішегі өз қолында екен. Оны Зәбира көйлегінің етегіне жағалай қабаттап өткізіп берген. Ендігісі - орманнан ағаш таңдау...
Ауыр жұмыстан кейін, тынығып жатқан жігіттер алғаш рет қасиетті домбыраның үні төгіліп, күмбірлей жөнелгенде ентелеп бәрі отырыса қалады. Жұмыстан кейінгі уақытта бәрінің ермегі домбыра болды. Сейтекті жанындағылар бұрын да сыйлайтын, енді ерекше құрметтейтін болды. Тағдырластар, әсіресе, кештерде кезектесіп, сазгердің домбыра ойнауын сұрап өтінеді. Сейтек өз туындыларымен бірге Құрманғазы, Дәулеткерей күйлерін де құйқылжытатын.
Осы жерде Сейтек «Айдау», «Түңіл­дім», «Арман» күйлерін шығарады...
Күтпеген жерден орыс-жапон соғысы басталады. Бұл - 1905 жыл...
Сейтек күйші осы кезде арып-ашып елге оралады. Сейтек сүйікті анасы мен Ғазиз атты ұлының қайғылы қазасын естиді. Оларға арнап «Ғазиз», «Арман» атты күйлерін шығарады. «Ғазизде» Сейтек ұлын жоқтап жыласа, «Арманда» сордан көзі ашылмаған халқының болашағын, жақсы күнді арман ете тебіренеді.
...Сазгердің соңғы шығарған күйлерінің ішінде шоқтығы биік, күйзеліс пен күңгірт болашағы, үміт пен арман астасқан философиялық тебіреніске толы - «Заман-ай» күйі еді. «Қанатым», «Көкала ат» күйлерін қиналғанда өзіне көлік болып жараған, ер қанаты жылқыларға арнайды. «Он алтыншы жыл», «Жігер», «Он жетінші жыл», «Еркіндік», «Қарашаш», «Сексен ер», «Тойбастар» күйлері бар.
Сейтек 1917 жылы революцияны қуана қарсы алады. Езілген таптың мүддесін көздеген, ондаған жыл өмірін түрмеде өткізген Сейтек бұл революцияға үлкен үміт артады. Әркім - өзін қоршаған ортаның жемісі. Сейтектің жасынан аңса­­­­­­­ғаны - теңдік, әділет. Ол 1918 жылы кедейлер комитетінің мүшесі болып сайланады. 1923 жылы Мәскеудің Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесіне бірнеше еңбек ардагерлерімен аттанып, өз өнерін көрсетеді...

Соңғы кездесу

Күтпеген, ойда-жоқта Сейтектің келе қалуы Динаға үлкен қозғау салды. Сөйтсе, Сейтек Астрахан жағынан келе жатып, Дина ауылын арнайы іздеп, өзінің соңғы бір қуанышымен бөлісуге келген-ді.
Күн еңкейген кез. Еңгезердей, ұзын бойлы, кең иықты, егде тартқан қара сұр кісі Дина үйінің сыртына тоқтайды.
Дина сыртқа шықты.
- Жаным-ау, Сейтексің бе, өңім бе, түсім бе? - деді Дина ат жанына кеп.
- Өңім десең - өң, түсім десең - түс. Менің Сейтек екенім рас. Көрмегелі көп жыл болды. Айнымай, бірден танығаныңа қарағанда әлі де қуатты көрінесің.
- Ал аттан түс!
- Алыстан арнайы келгенде аттан түспегенде ше!
Дина өзі бастап үйге кірді, алма-кезек қағыса сөйлесіп жай сұрасты, амандық білісті. Үй иесі ас әзірлегенше, қонақ тынығып, төр алдында мызғып кетті.
Әңгіме кешкі астан кейін басталды. Айтушы - қонақ, тыңдаушы - үй иесі, үнсіз, сабырмен тыңдады.
- Е, Дина, екеуміз бір жылда туған, түйдей құрдас едік. Оның үстіне өнеріміз, қуған жолымыз бір, замандас, тұздас-дәмдес едік, демек, мұңдас едік. Бірақ илан-иланба - өз еркің, сырттан сұраулас, тілектес боп жүргенім рас. Біз көріспегелі, кездеспегелі көп уақыт өтті. Бір-бірімізге қолұшын беруге мұрша болмай кетті. Иә, Динажан, біздің дүрбелең жас кезіміз аумалы-төкпелі заманда арпалыспен, намаздыгер-намазшам арасында, апақ-сапақта өтіп кеткендей. Соның қайсыбірін саған мұң етіп шағына берейін. Басыма таудай пәле түсіп, абақтыға қамалдым. Одан көз көрмес, құлақ естімес алысқа, мұхит асып Сахалинге бардым. Сол жерден орыс достарымның көмегімен, бірге қаштым. Төрт жыл бойы жолда қашқын азабын тарттым. Туған жерге қайта оралдым.
- Бұл жайыңа қанықпын.
- Қанық болар деп қысқа айттым. Бұған да шүкірлік. Елге келгенде алдымнан жігіт болған балам шықты... Сейіт деген бір азамат адам екен, балама қамқорлық көрсетіп, өлімнен алып қалыпты.
Оқытыпты, орысша оқытыпты.
- Мұны да естігем.
- Мұны естісең, әлі де айтарым көп. Кешегі төңкерістен соң, бүк түсіп үйде жаттым. Сөйтсем, бұным бекер екен. Ойлап қарасам, өнер күні енді туған екен. Мәскеуден шақырту қағаз келді. Онда бір үлкен мереке боп жатыр екен. Сол мерекені көруге жер-жерден өнерпаздар, әнші-күйшілер, бишілер шақырылған. Олар мерекеге келгендерге ойын-сауық көрсетеді екен.
- Міне, үлкен жаңалық осы ғой. Баяғыдан бері осыныңды айтсаңшы!
- Жер-жерден сан қилы өнерпаз... Міне, мен осының бәрін көрдім. Маған да кезек келді. Қысқа-қысқа бірнеше күй тарттым. Мәскеу халқы мен тартқан күйлерді ұнатып, үлкен қошеметпен тыңдады. Орыстың талай әуендерін орындадым. Жұрт таңғалды. Мынадай екі ішекті домбырадан өз саздарын естігенде халық дән риза болды. Сөйтіп, мен не көрмедім, Сахалин мен Мәскеуді де көрдім.
- Сен, Сейтек, Мәскеу барғаныңның өзін айттың да, сырын айтпадың ғой.
- Не сыры болушы еді. Елдің бір-екі бұзықтары, мендегі кегі барлардың көрсетуімен осыған қорлық көрсете берейікші деп, мені абақтыға тағы жапты. Содан бір күні таңертең біреу келді де, «шық» деді. Шықтым. Бастығына әкелді. Ол маған баяғыдай емес, жайдары қарап:
- Мәскеу барасың! - деді. Мен сенбедім. Ол күлді. Қолыма «қылмысы жоқ, ақталды» деген қағаз берді. Билет әкелді. Артынан бәрі рас болды. Бардым, өнер көрсеттім. Байқаймын, менің абақтыға жатқанымды білмей, өнер көрсетуге шақырған баяғы Сейіт көрінеді. Ол осы күні үлкен қызмет істейді екен.
(Бұл - Алаштың белгілі азаматы Сейітқали Меңдешев болатын - Л.Қ.).
Дина Сейтек әңгімесінен өнер күні туғанын ұқты, бірақ оған да ораларын сенген жоқ... Сейтек азғана күн боп, барлық күйлерін Динаға тыңдатты. Осындай бір әңгіменің үстінде Сейтек өзінің басында жүрген бір күдікті ойын анықтамақ болды...
- Сол кезде жиырмадан асқан кезім. Нарынның бір көкжал бөрісіне серік боп, әр жерден мал алып жүрдік. Бір күні жаңа көшіп кеп орналасып жатқан ауылдың 2-3 құлынды биесін қуып кеттік... Ойымыз көшке күндіз елеусіз еріп, қара қасқа атты алу еді. Содан биелерді қудық. Ауылдан ұзап шыққан кезде екі атты қуғыншы шықты. Ұрымтал жерге келгенде бірісі шапшаңдық жасап, қолымдағы сойылымды қағып түсірді. Таралғыдағы жаулығы жерге түскенде барып білдік - оның әйел адам екенін. Міне, іште жүрген бір сұрақ: бұл әйел кім еді деген?
- Бұны қазір айтып отырғандағы ойың не? - деді Дина.
- Сондағы қарақасқа аттағы әйел - сен дейді.
- Мен болғанда таңданар не жөні бар? - деп күлді Дина.
- Рас десең рас, нанбасаң ерік өзіңде!..
Сейтек Динаның ашаң тартқан салалы саусақтарын ұстап... маңдайына басты.
- Басымды идім алдыңа, ана екенсің, нағыз адам екенсің. Ауыл арасы алыс, өзім айдауда боп, қадіріңді білмеппін. Бәрін кеш, Дина, құдіреті мол анасың!
Сейтектің көкірегінде жүрген бір жұмбақ осылай шешілді. Сейтек аттанып кетті. Аттанарда үй сыртында Дина да ұзақ қоштасты.
- Несін жасырайын. Бір кезде ұрлық та жасадым, бұл күн көре алмағандықтан емес. Бұл өзімшіл жандарға көрсеткен наразылығым еді. Кейде қазақ қорыққанын сыйлайды. Мен де айбат шегіп, дұшпаныма қарсылық еттім... О менің тәжірибесіз кезім, жас кезім болатын. Енді бәрінен де ада...
Ал енді қайтып көріскенше күндер жақсы болғай! Қош бол! Сейтек ат үстінен Динаға қолын созды...
Сейтек жүріп кетті, Дина көпке дейін соңынан қарап тұрды. Бұл келісте Дина жадында көптеген әсер қалды, әсіресе, Сейтектің қасқа қаһарлы, досқа жылы, жарқын, ашық кең мінезі қалды.
Динаның замандасы, өзі тұстас көптеген өнерпаздарды, сонау Құрманғазыдан бастап Салауаткерейге дейінгі көп саңлақтардың көзін көрген Сейтекпен соңғы кездесуі осы болды...
Бұл Сейтектің ұстазы Құрманғазы­ның басына мінәжат етіп қайтқан сапары бола­тын. Осы қоштасудан кейін олар бірін-бірі кө­ре алмады. Сейтек 1933 жылы сол Еділ өңірін­де Қарабайлы ауданының Ақтоба елдімекенін­де қайтыс болды, ал Дина әжей одан кейін ара­ға төрт-ақ жыл салып, 1937 жылы Алматыға біржола мәңгілікке аттанды. Құрдастар, мұңдастар болған өнер саңлақтарының өмірі осылай аяқталды. Тағдыр деген осы да...

Ләтифолла Қапашев,
жазушы

http://anatili.kz/?p=6805#more-6805

0 пікір