Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Әттең... 6121 27 пікір 21 Маусым, 2019 сағат 17:56

Райымқұлова неден қателесті?

Кеше, 20 маусым күні «Қазмедиа орталығының» киноконцерттік залында ҚР Мәдениет және спорт министрі қызметіне жақында ғана кіріскен Ақтоты Райымқұлова халық алдында есеп беру кездесуін өткізіпті. Еліміздегі мәдениет, өнер, спорт, тілдердің дамуы және туризм саласындағы атқарылған жұмыстарды жіпке тізген жаңа министр «реформатор» болғысы келетінін байқатты.

Біздің елдің министрлері қолына тізгін тие сала өз білгенін істеуге кіріседі. Өзінен бұрынғы басшының қателігін түзеп, халыққа пайдалы істің басын шалса «бәрекелді» айтуға болар еді. Өкінішке орай, біздің «реформаторлар» жер өртеп атын шығаруға әуес. Білім, денсауылық, мәдениет, экономика саласының қайсысын алсаңыз да жаңа басшы ауысқан сайын бағдарламалары жаңарып отырады.

Сондай «реформаторлардың» қатарына су жаңа мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова да қосылды дедік. Үш жыл бойы вице-минстр болғанда үнсіз отырған Ақтоты Рахметоллақызы бас министр бола сала терминдерді тезге салуға кірісті. Халыққа есеп беруге келген министр ханым халықаралық терминдерді қазақ тіліне аудармай, түпнұсқа бойынша алу керек деп есептейді.

«Халықаралық терминдерді қазақ тіліне қайтару үшін терминологиялық қорға мониторинг жүргізілді. Өткен жылдан бастап бұрын қазақ тіліне аударылған 3 300-нан астам жалпыға бірдей қабылданған термин мен ұғым қайта қаралып бекітілді.

Олардың 300-ге жуығы – халықаралық терминдер. Мысалы, «мұражай» деген сөз «музей» болатын болды. Мұрағат – архив, тағы сондай-сондай нәрселер», – деді Райымқұлова.

Сол қатарда, азатжол – абзац, пайыз – процент, сынып – класс, құрсым – шина,  теңгерім – баланс, әнұран – гимн, мұқаммал – инвентарь, ақау – дефект, шегендеу – демаркация, мейрамхана – ресторан, қимыл – анимация, ал «әлеует»  деген сөз «потенциал»  болып қайта өзгеретін көрінеді.

«Енді мұражай – «музей», мұрағат –«архив» болатын болды» деп ұлт үшін ұлағатты жұмыс тындырғандай сүйінші сұрады. Бұндай шешім қабылдауларына халықаралық терминдерді қазақ тіліне аударуға болмайды деген түсініктері түрткі болған көрінеді. Өкініштісі, әлемдік деңгейде қалыптасқан халықаралық термин мен орыс тілінен енген кірме сөздерді шатастырып алған секілді.

Мәселен, мамандардың айтуынша, «архив» деген халықаралық термин жоқ екен. Бұл сөздің түпнұсқасы «archive» болуы керек. Сол секілді «Проблема» сөзінің түпнұсқасы «problem» болу керек. Ал «процент» термині «реr сеntо» деген италиан сөзінен шыққан. Бұл сөз кейін латынданып «рrо сеntоға» айналған. Орыстар бұл сөзді немістің «рrоzеntі» арқылы қабылдаған. Біз болсақ «процент» деген халықаралық термин, оны мүлде аударуға болмайды деп дау қуып жүрміз. Халықаралық термин деп жүрген тағы бір сөзіміз - «абзац». Бұның түпнұсқасы немістің «Absatz» сөзі екен. Олардан орыстар алған, ал біз Ресейде қалай жазылса, солай жазуымыз керек деп жүрміз. Демек біздің министр қазақша аударылып, айналымға әлдеқашан еніп кеткен сөздерді қайтадан орыс тілінің транслитерациясындағы сөздерге ауыстырғысы келетін секілді.

Біздің биліктегілер өздері білмейтін немесе өздеріне ұнамайтын қазақ сөздерін қырқып тастауға құмар. Мәселен, «архив» сөзі министрге мың жерден ұнағанымен, қазаққа керегі мұрағат сөзі. Сол үшін билік тізгініндегілер білермендікке салынып, өзінің ана тіліне мұрын шүйіре қарамағаны жөн. Көптеген аға буын өкілдері қазақшаға аударылған терминдерге күле қарайды. Қазақша сөз орыс тілінен енген сөздегідей әсерлі емес деп есептейді. Мысал үшін, осыдан біраз жыл бұрын Қазақстан халқына белгілі үлкен кісілердің бірі өзін композитор демей, сазгер деп атағандарға реніш білдіргенін айтуға болады.

Халықаралық терминдерді қазақ тіліне аудару және халықаралық атауларды дұрыс таңбалау мәселесі сонау ХХ ғасырдың басынан бері айтылып, жазылып жүрген өзекті мәселе. Әкім-қаралардың көңіл-күйіне қарай бір жақты шеше салатын оңай іс емес бұл. «Рухани жаңғырамыз» деп талпынып отырған Қазақстан үшін осындай кезде өткен тарихымызға үңіліп, бұрынғы ғалымдарымыз салған сара жолға көз салған артықтық етпейді.

Мәселен 1922 жылы Қазақстанда жат сөздерді, пән атауларын қазақшаландыратын комиссия құрылып, оны Ахмет Байтұрсынұлы басқарған. Комиссия өзге тілдік сөздерді қабылдауда мына принциптерді басшылыққа алған:

а) жат атаулардың мағынасын түсіндіргендей қазақ сөзін алу;

ә) оған қолайлы қазақ сөзі болмаса, түркі сөзін алу;

б) түркі сөзі де тура келмесе, қазақ тілінің заңына үйлестіріп, Еуропа сөзін алу.

Ахмет Байтұрсынұлы терминдерді қазақ тіліне қалай аударуға байланысты «Жат сөздерді басқалар, мәселен, орыстар өз тілінің заңына үйлестіріп алғанда, солай алуға біздің де қақымыз бар» деген екен. Демек, халықаралық термин тисуге болмайтын қасиетті қағида деген сөз жоқ. Әр халық өз тіліне бейімдеп қабылдауына болады. Өзгертпей қабылдағысы келсе, терминнің түпнұсқасынан алғаны жөн. Біздегідей орыстар қалай жазды бізде солай аламыз деу ақылға сыймайды. Айта берсек, бүкіл әлемнің жер-су атауларын, қаласы мен даласын орыстардан өзгеріссіз көшіріп алып отырмыз.

Вице-министр кезінде бар-жоғы білінбеген Ақтоты ханым мәдениет саласының екі тізгін бір шылбырын қолға ала сала танымалдыққа ие болды. Өкініштісі, әлдеқашан қалыптасып, қолданысқа енген қазақы сөздерді қайтадан орысша нұсқасына көшіру аса көреген шешім емес. Сол үшін жаңа министр халықтың қарсылығына ұшыраған осы мәлімдемесінен сабақ алып, бұл қателікті дұрыстайды деген сенімдеміз.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

27 пікір