Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3605 0 пікір 30 Маусым, 2011 сағат 05:18

Нақышбай Чаукенов. Сен кімнің, ненің тұтқынысың, мұнайшы?!

Жаңаөзендегі 500-ге жуық мұнайшы әлі ереуілдетіп тұр. Бұл жолғы наразылық акциясы соңғы 3-4 жыл көлемінде Өзен кен орнында өткен ереуілдердің ішіндегі ең ұзаққа созылғаны болып отыр. Еңбекақы жүйесіне қатысты 6 талапты ұстанған олар, өкінішке орай, райларынан қайтар емес. Әрине, ереуілді ұйымдастырушылар үшін бұл наразылық акциясының неғұрылым ұзаққа созылғаны тиімді. Өйткені, олар осы арқылы ел экономикасының доноры - мұнай өндіру саласына орасан зор зиянын тигізеді, сонымен бірге, заңсыз талаптарды алға тартып, Заң туралы түсінігі тайыз қарапайым жұмыскерлерді мемлекетке, компанияға айдап салады.

Жаңаөзендегі 500-ге жуық мұнайшы әлі ереуілдетіп тұр. Бұл жолғы наразылық акциясы соңғы 3-4 жыл көлемінде Өзен кен орнында өткен ереуілдердің ішіндегі ең ұзаққа созылғаны болып отыр. Еңбекақы жүйесіне қатысты 6 талапты ұстанған олар, өкінішке орай, райларынан қайтар емес. Әрине, ереуілді ұйымдастырушылар үшін бұл наразылық акциясының неғұрылым ұзаққа созылғаны тиімді. Өйткені, олар осы арқылы ел экономикасының доноры - мұнай өндіру саласына орасан зор зиянын тигізеді, сонымен бірге, заңсыз талаптарды алға тартып, Заң туралы түсінігі тайыз қарапайым жұмыскерлерді мемлекетке, компанияға айдап салады.

Кейде маған ереуілді ұйымдастырушылардың арасында жұмысшыларды таратпай ұстап тұру тапсырмасы жүктелген «идеологтар» бар секілді көрінеді. Әйтпесе, 500-ге жуық адамды оттай ыстықта күн астында қақтап ұстап отыру олар үшін оңай емес. Менің ойымша, ереуілші мұнайшылардың осы күнге дейін «арға шауып», «тапжылмастан» жұмысқа шықпай тұруы аталмыш «идеологтардың» айла-шарғысының арқасы сияқты. Олар ереуілшілердің арасына желден нәзік, құлаққа сіңімді етіп ақпарат (қазақша жалпақ тілмен айтқанда өсек-аяң) таратады. Мәселен, «1-2 күнен соң Қабылдин мен Балжанов келіп, талаптарды орындайын деп жатыр екен» немесе «Мирошников пен Ешманов жұмыстарынан қуылыпты», тағы бір нұсқасында «Мәсімовтің өзі Өзенге келгелі жатыр екен» деген сияқты өсек-аяңды жымын білдірмей жұрт ішіне таратады да жібереді. Ал сосын мұны естіген наразылық акциясына қатысушы мұнайшылардың ойы сан-саққа кетіп, «ереуіл рухы» көтеріледі. Мұндай айла-шарғының тағы бірі «жігіттер, ертең УТТ-ының автобус жүрігізушілері тоқтайын деп жатыр», «жігіттер, ертең таңертеңгі вахта түгелдей жұмысқа шықпайтын болыпты» деген өсектерден тұрады. Сонымен бірге, елге «өкпесі қара қазандай» шетелге кеткен саясаткерлердің шылауындағы бірыңғай жағымсыз ақпараттар  тарататын телеарналар мен газеттердегі өсектерді қопсытып, оны сараптап, осыдан бір «нәтиже» шығарып, мұнайшылардың «құлақ құрышын қандыратын» әңгіме гу-гу еседі. Сол жердегілер Құбылаға қарап соңына дейін тұрамыз деп ант қабылдапты дейді,. Тіпті УОС -2 ге қағаз таратып, «Бізге қарғыс жоқ, қайда барсақ та үлкендердің, құран оқитын молдалардан бата алдық, жұмыста жүрген мұнайшыларға юбка мен төсқап алып берсек қайтеді?!» депті. Әй, батшағар сөз жоқ сіздерге, сізге басшылар жұмысқа шық дегеннен басқа не айтты? Аққа құдай жақ деген, сендерді азғырған шайтан молданы қарғыс атсын! Құраннан садаға кеткір! Әр Наташаны, әр әйелді әулие етіп артынан ерген сендер емес пе? Юбканы өздеріңіз киіп көріңдер, сендерге жарасса басқалары да киер. Бұл да ереуілді ұзаққа созудың бір шарғысы. Жаңаөзенде қарасы жоқ қытайлықтарды айтып қорқыту - бұл енді қарапайым мұнайшының қанын қоздыратын ең тиімді тәсіл. Айтпақшы, «айлық алғаннан кейін наразылық акциясы болып жатқан жерде 5-шілдеде төбелес ұйымдастырғалы жатыр екен» деген өсек те интернетте МГӨБ-3 операторы, белсенді ереуілдетуші Естай Қарашаевтың «құмалақ ашумен»  бүкіл елге тарап үлгерді. Құдай-ау, заңсыз акцияны тоқтатып, ереуілшілерді сабырға, тыныштыққа шақыруға күш салып жатқан «Өзенмұнайгаздың» басшыларын қолдан төбелес ұйымдастырып қара басып па?! Олардың мұнысы бір айы бойы ереуілдетіп, еңбекақы ала алмай қалған мұнайшылардың әйелдерінің өздеріне айқайлап келіп, төбелерінде әңгіртаяқ ойнатудан алдын-ала сақтанған шарасы сияқты. Әйтеуір, сондай бірдеңе бола қаласа, «айттық қой, мұның бәрін ұйымдастырып отырған «Өзенмұнайгаз» басшылығы» дейтін сылтауға жақсы әрі осы арқылы өз кінәларын жуып-шаяды.

Менің білуімше қазір жұмыстан шығарылғандардың қарасы мол әрі олардың саны күнен-күнге көбейіп барады. Алайда жұмыстан шығарылғандар да, әзірге жұмыстан шықпағандарда да ешқандай сасу жоқ. Неге? Өйткені, баяғы бір тәсіл - «Компания басшылығының ереуіл кезінде жұмыстан шығаруы заңға қайшы, олар ешкімді де жұмыстан шығара алмайды» немесе «ойбай, жұмыстан шығаруды прокурор қолдамапты»  дейді. Осы сөзге алданған мұнайшылар отбасын бағу жауапкершілігіне, жұмыссыз қалған қорқынышты өміріне еш алаңдаймай әлі тұр.

Барлық адам оңашада ой тасын өрге домалатып, келешекке көз жібереді, жоспарлар құрады. Жұмыр басты пенденің шаруасы біткен бе?! Отбасы болғасын үй салу да керек, автокөлік те керек, бала-шағаны оқыту да қажет, оларды бөлек отау қылып шығару да қажет. Ал енді осындай тұрмыстық шаруалардың барлығы қаражатсыз біте ме?! Жұмыстан шығып қалсаң, қара тиын қайыры жоқ адамдар көмектесе ме? Сені кім асырайды, қолыңнан кім жетектейді?! Сен үміт күткен лидерсымақтардың мұрны иіс сезіп, ереуіл басталмас бұрын еңбек демалысына шықты немесе «ауырып» қалып, дәрігерден қағаз жаздырып алды. Сондықтан оларда жұмыстан шығып қаламын-ау деген еш уайым жоқ. Ал сен ше? Сен босқа арандап жүрсің! Сен өтірік-өсектің тұтқынысың, сен жалған ақпараттың шылауында жүрсің! Сен келешегі бұлдыр өз өміріңнің ұшпасында тұрсың! Әйтпесе, айтшы, сені кім немесе не нәрсе ереуілшілердің арасында тұруға мәжбүрлеп тұр? Өтірікке сеніп, «біреу келіп, мәселемізді шешеді екен» деп қашанғы тұрасың? Жұмыстан шығып кетсең, қалай күнкөресің? «Жеңеміз» деген бос сөзге қашанғы ересің? Ойлан, әлдебір саяси ойындардың құрбаны болудан сақтан! Өйткені дәл қазір сенің болашағың да, жұмыс орның да өз қолыңда! Ойлан, мұнайшы! Ешкім еш жерден келмейді де, шешпейді де! Жұмысыңа шығып отбасыңды асыра!

 

Нақышбай ЧАУКЕНОВ,

Жаңаөзен қаласының тұрғыны

0 пікір