Жұма, 19 Сәуір 2024
«Соқыр» Фемида 14068 12 пікір 5 Маусым, 2019 сағат 22:22

Журналисті соққыға жыққан полицейлер емес пе, Тұрғымбаев мырза?

ҚР Ішкі істер министрі

Ерлан Тұрғымбаевқа 

АШЫҚ ХАТ

Құрметті, ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Заманбекұлы!

Бүгін еліміздегі көп балалы аналар мәселесін көтеріп жүрген белгілі қоғам белсендісі, журналист Сәуле Әбілдаханқызын Алматы қаласы Наурызбай аудандық ішкі істер бөлімінің алдында белгісіз біреулер соққыға жыққан.

Оқиға орнында барған тілшіміздің хабарлауынша, белсендіні Наурызбай аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері ертеңгі сағат 10-дар шамасында үйінен әкетіп, аталған ауданның ішкі істер бөліміне жеткізген. Ол жерде Сатқынбекова есімді азаматшаның арызы бойынша Сәуле Әбілдаханқызын үш сағат бойы тергеп, ҚР Заңдарына сәйкес үйіне босатқан.

Алматы қалалық 7 ауруханаға жедел жәрдем көлігімен жеткізілген жәбірленуші Сәуле Әбілдахан айтуына қарағанда ІІБ қызметкерлері оны алғашқы кірген есіктен емес, басқа жол арқылы сыртқа шығарған. Сол жерде мүлдем танымайтын бірнеше әйел  "біз сені қолдауға келдік" деп жақын келіп, журналисті жабылып соққыға жыққан. Ең сорақысы сол Сіздің министрлігіңізге тікелей бағынышты бетіне бетперде таққан полицейлер белсендіні қорғаудың орнына телефондарына болған жайтты түсіріп тұрған.

Құрметті, Ерлан Заманбекұлы!

Біріншіден, Сіздің полицейлер неліктен дәл ІІБ алдында белсендіні соққыға жыққызып қойып қарап тұрады? Қоғамның, азаматтардың қауіпсіздігін сақтау солардың міндеті емес пе?

Екіншіден, қоғамдық белсендіні соққыға жыққандар азаматтық киім киіп алған ішкі істер министрлігінің қызметкерлері емес пе? Жәбірленушінің айтуынша, оны тепкінің астына алған әйелдер "уатсап" әлеуметтік желісіндегі көп балалы аналардың топтарын жабуды талап еткен. Егер олар шынайы көп балалы ата-аналар болса, белсендіні неге әлеуметтік желідегі топтарға бола соққыға жығады?

Үшіншіден, Сәуле Әбілдаханқызын үйінен әкеткен қызметкерлердің "әйелдер төбелесін" телефонға түсіріп тұрғанын қалай түсінуге болады. Билік тарапынан бұйрық келіп, сол тапсырмаға есеп беру үшін бе?

Төртіншіден, Ішкі істер бөлімінің айналасы толған камера! Оқиғаның нақ қандай сипатта болғанын ендігі анықтап, халыққа толыққанды ақпарат тарататын уақыт болған жоқ па?

Бесіншіден, үйінен полицейлер әкеткенде сау шыққан қоғамдық белсендінің ауруханаға түсетіндей жағдайға жеткізу сайлау алдында Сіздің министрлігіңізге сын емес пе? Басқа емес, ішкі істер бөлімі қызметкерлерінің көз алдында заңсыздық болып жатса, басқа жерде не болмайды?

Алтыншыдан, Құдай оңдап, Сәуле Әбілдаханқызы қазір ауруханадан шықты. Дәрігерлер "миы шайқалған" деген диагноз қойған. Бұл жайға тікелей Сіздің құзіретіңіздегі қызметкерлер кінәлі емес дей аласыз ба?

Жетіншіден, қазір әлеуметтік желілерде "Сәуле Әбілдаханқызына бұл қастандық полицейлер тарапынан жасалуы мүмкін" деген болжамдар айтылуда. Осы жайтқа министр ретінде мәлімдеме жасауыңызды сұраймыз.

Сіздерге көмек болу үшін мына суретті қоса жариялауды жөн санадық. Белсендінің айтуы бойынша, полицейлермен бірге жүрген қара киімді, бет перде таққан азамат оқиғаны толық телефонына түсіріп алған (бұл сурет белсендіні үйінен әкетер алдында түсірілген).

Қош! Әзірге осы!

Түйін

Соңы күндері қоғамдық белсенді Сәуле Әбілдаханқызына билік тарапынан қысым көбейген. Бірнеше әкімшілік және қылмыстық іс қозғалатынын айтып, үркітіп-қорқыту шаралары жасалған. Ел алдында абыройы бар азаматшаны осылай жәбірлеуге кімнің тарапынан тапсырма түсті?

Бұл сұраққа алда тағы жауап іздейтін боламыз!

Қанат Бірлікұлы

Abai.kz

 

12 пікір