Жұма, 19 Сәуір 2024
Аймақ 5728 3 пікір 3 Маусым, 2019 сағат 18:10

Қоғалыкөлдегі көне шаһар

Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Қоғалыкөл ауылынан шығысқа қарай 2 шақырым жерден Қышқала қалашығынан ерекше сәулетті сегіз қырлы көне ғимараттың орны аршылды,- деп хабарлайды Абай-ақпарат.

Ғалымдар аталған нысанды медресе деп жорамалдап отыр. Бар сырын құмға жасырған Қышқала көне жәдігерлерімен әлі де таңдандыруда. «Мәселен, мына сегіз қырлы ғимарат сол дәуірдегі сәулет өнерінің ерекше үлгісіне жатады», – дейді ғалымдар.

Сырым Есенов, ҚР Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері:

– Әрине ғимараттың сәулеті өте ерекше. Бұл тіпті Қазақстанда аналогы жоқ деуге болады. Себебі дәл осы 8 қырлы, ішіне қарай қайтадан 8 қырлы бөлмелер салу, оның ортасына 8 қырлы еденделген әсем ғимарат салып, оның ортасына бағандар тұрғызып, 4 жерінен салуды әзірге біз кездестіре қойған жоқпыз. Мұндағы ғимараттардың безендірілуі Ахмет Яссауи кесенесінен кем түспейтінін айтады мамандар. Қыштағы оюлардан араб жазуларымен қатар, қазақы өрнектерді де көруге болады. Глазурленген күмбез сынықтары, түрлі түсті бояудың пайдаланылуы қаланың әсем келбетін айшықтай түседі. Көне қаланың қызықты жәдігерлері жергілікті оқушылардың да ғылыми ізденісіне арқау болған, - дейді ҚР Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері.

Мамандардың айтуынша, Қышқала қалашығында 90 жылдары әуесқой қазба жұмыстары жүргізіліпті. Бірақ тыңғылықты зерттеу жұмыстары қолға алынбаған көрінеді.

– Ел аузындағы аңыздарда Алпамыс батырдың жары Гүлбаршын мекен еткен қаланың географиялық сипаты да осы маңға ұқсас келеді екен. Мұндай болжамды қала аумағынан аршылған құнды жәдігерлер де нақтылай түскенге ұқсайды. Демек, талай сырды бүккен Қышқаланың байырғы Баршынкент болуы да ғажап емес, - дейді облыстық тәрихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің бөлім басшысы Ғалымжан Садықов.

Тарихи деректерге сүйенсек, Қышқала қалашығы ортағасырға жатады, Сырдарияның төменгі ағысы бойында орын тепкен. Қызылорда қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 25 шақырымда орналасқан

Abai.kz

3 пікір