Сәрсенбі, 17 Сәуір 2024
Әдебиет 7711 3 пікір 3 Маусым, 2019 сағат 14:27

"Екі үшеудің күйбеңін" оқығаннан кейінгі ой

 «Соқыр түйе жетектеп құмда адасқан бәдәуи кейіп бәдемді бике жайлы» хамсалық бесшеме

Қазіргі әдеби процесте Серік Сағынтай, Қуат Қиықбай, Аягүл Мантай, Бейбіт Сарыбай, Қанат Әбілқайыр, Өміржан Әбдіхалық, Алмаз Мырзахмет, Алмас Нүсіп, Арман Әлменбет, Әлібек Байбол, Дархан Бейсенбек, Ерболат Әбікенұлы, Еркінбек Серікбай, Жандос Байділда, Қойшыбек Мүбәрак, Қанағат Әбілқайыр, Қанат Ескендір, Лира Қоныс, Мақсат Мәлік, Мирас Мұқаш, Мұрат Алмасбекұлы, Сержан Зәкерұлдары сынды шығармашылық қаламдары толысқан, суреткерлік бағыт-бағдарлары айқындалған, жазушылық әдеби стратегиялары қалыптасқан, өздік стильдері айшықталған жас прозашылар шоғырында өзіндік қаламгерлік шеберлігімен жұрт аузына іліккен  Нұрлан Қабдайдың орны бір бөлек.

Әлемдік прозаның тылсымды айшығын қазақ әдебиетінде өзінше түлеткен орта буын қаламгері Дидар Амантай Нұрлан Қабдай туралы өзінің «Түн күбірі» (Нұрлан Қабдайдың үш әңгімесі жөнінде) атты мақаласында мынандай тамаша ағалық пікірін: «Менің жастық шағым – Уильям Фолкнер. Қолыма тисе болды – жастық шағым есіме түседі...

...Бұл атмосфера қаламгердің кітаптарында анық бейнеленген еді. Сонда, Фолкнердің шығармаларынан ағаштың шайыр иісі, қалың орман жұпары аңқып тұратын.

Сөздері сиқыр еді. Жазғаны – ертегідей, кейіптеген аңыз образдары нақ әрі айқын, ешбір қатесі жоқ.

Мен Нұрлан Қабдайдан соны көремін...»,- деп білдірген болатын.

Өзіміз жазғанын қалт жібермейтін Нұрлан бауырымыздың «Семсердегі» байқауға ұсынған «Соқыр түйе жетектеп құмда адасқан бәдәуи кейіп бәдемді бикесі жайлы» сөз етілетін туындысы «ЕКІ-ҮШЕУДІҢ КҮЙБЕҢІН» оқып шықтық. Бізге дейін осы әңгімеге қатысты айтылған пікірлермен бұрынан таныспыз. Солай болса да...

Жазу шарғысы (техникасы) қазіргі қазақ прозасының әдеби стиліне өзінің әлдебір  елеулі ықпалын тигізе ме? Басқаша айтар болсақ, қолмен немесе қамыппен (орысша кампьютер деп жазып айтқанды жаным жек көреді) жазғандықтың тигізер әсері әсіресе жас жазушыларда қаншалықты болады? деген ойға қалдық.

Кезінде әлемдік әдебиет пен мәдениеттегі «жоғалған буынның» белді өкілі Хемингуэй жазу мәшенкесімен жұмыс жасаған қаламгер «ақ қағазға тек ең соңғы аяқталған сөздерді түсіреді» деп айтқан болатын. Бұл жағдайда жазушы еңбегінің ең маңызды кезеңдері: өңдеу, түзету қиындай түсетіні анық. Осыны «боданданбаған буын» өкілдері заманалық қазақ әдеби процесінде қалай жүзеге асырып жатыр. Аталған мәселе өз тылсымына тартады екен.

Адюльтер (фр. adultère) көзге шөп салу тақырыбы қазақ әдебиетінде Мағжаннан бастау алып, милети әфсаниятымызда (прозамызда) әр әдеби кезеңде әр әфсаниятшы (прозагер) тарапынан әр қилы жосықта шығармашылық қырынан қарастырылып,  жазу шарғысымен айшықталып келеді. Біз сөз еткелі отырған автор осы белгілі тақырыптың белгісіз символикалық қырына өз ұстанымы, өз дүниеұғымыны (миропонимание) негізінде өзінше қалам тартып отыр. Осы қадамға барған әйелдің (Шараның) портретін оғызсойлықтан (ғұмарлық одиссейлік/улистіктен) тамыр тартатын бағзытүркілік хамсалық үлгідегі (бесшелік//бес бөліктік) минихикаяттың алғашқы жолынан-ақ, оқырманға ұқтырады.

«Қылдырықтай белі қыз күнін сағындырмаған ақ келіншек күл төге шыққанда, көрші үйден екі көз ере шықты. Келіншектің бойын буған әуелгі секем ізім-ғайым…» деп басталатын туынды осы келіншекті (Шараны) бұдан кейін көрші үйден ере шыққан екі көзге қатысты не бүлдіреді деп одан ары қызықтыра оқуға оқырман ретінде тартады.

Осыны кезінде Дидар Амантай біз жоғарыда сөз еткен мақаласында: «“Негры ничего не говорили, не издали ни звука. Глаза их отсвечивали в темноте, дикие и покорные; запах шел волнами, густой и острый.

– Да, они боятся, – сказал другой индеец.

– Что нам теперь делать?” (Уильям Фолкнер, “Қызыл жапырақтар”, әңгіме)

Немесе,

“Наконец дверь чуть-чуть приоткрылась, из щели блеснул отсвет тлеющих углей, пахнуло острым запахом негров, и в теплой струе воздуха показалась чья-то голова” (Уильям Фолкнер, “Сарторис”, роман).

Енді Нұрлан Қабдайға келейік: “Қылдырықтай белі қыз күнін сағындырмаған ақ келіншек күл төге шыққанда, көрші үйден екі көз ере шықты” (“Екі-үшеудің күйбеңі”, әңгіме).

Фолкнер де қара мақпал түнді, қараңғылықта жарқ ете қалған екі көзді жақсы көреді. Түн сипатын уақиға ізінен танимыз. Нұрлан Қабдай оны емеурінмен білдіре салады. Автор ұсақ детальдарында – анық, жалпы көрінісінде, тұтас әңгіме көлемінде – күңгірт. Іздегеніміз – осы.»,- деп талдаған еді.

Бұл әдемілік «Қылдырықтай белі қыз күнін сағындырмаған ақ келіншектік» адами періштелік емес, пенделік сайтандық екенін шағын хамсалық бесшені оқып біткенше өз сиқырымен қаламгер туындысын арнап отырған адрестантын арбап алады.

Кішкетай пенделердің өмірде орын алуы да ықтимал, алмауы да ықтимал «тарихын әңгімелеуші» прозашы романтикалық тәтті арманға бөккен бала секілді өздік іс-тәжірибесі аясында өз қалауы мен ұғым-түсінігі негізінде бәрін бастан аяқ ұлт оқыраманына қайыра ұғындырады, бірақ та құр сүлделі елес қуған ересек жан шындық өмір мен қиял әлеміндегі өз үміті мен үрейін айыра алады ма?

Юнг жасап шыққан психологиялық типология: («экстравертілік» (жұғысыңқылық) – «интровертілік» (тағысыңқылық) бізге ойлау, сезім, ішкі түйсік, түйсінім рөлдерін айқындап беретін төрт типшені (подтип) ұсынады. Юнг барлық қаламгерлерді түйсіктік-тағысыңқылық (интуитивно-интровертный) қатарға жатқызады деп ұйғаруымыз мүлдем қате, ол осы мәселені оданда тереңдетіп қаузап, оларды тек қана интровертті типтік тұрғыдан ғана қарастырады.

«Суреткер, – деп жазды Элиот 1918 жылы, – өз замандастары арасында бір мезетте әрі тұрпайы, әрі оқыған-тоқығаны мол жан...»  Осы оқыған-тоқығандық суреткер ретінде Нұрланға қазір қазақ қоғамындағы «Сәмет-Шара» дилемасын авторлық концепциямен өмірге әкелдіріп, өздік  тұжырым жасатқандығын туындыны оқу барысында аңғара аламыз.

Фрейдтік жалаң эротиканың әзәзіл арбауына түспей, ықимал дүниенің бәрін оңайлатып жіберуге қарсы шара қолданған Юнг мынаны аңғарады: қаламгерлердің бірі өз шығармашылығында өз типін аша білсе, келесілері бұған керісінше түзетілген нұсқадағы антитипті тудырады.

Микрохикаяты бес бөліктен тұратын Нұрлан қаламгер ретінде өзі байқаған «әйелінің етегі түрілген елдің» бұрымдыларының ішінен суреткерлік ақыл-таразысына салып безбендеген жиынтық тұлға-образы Шара бейнесі арқылы өз антитипін және қалыңдығынан (әйелінен) алданған Сәмет//еркек көрсоқырлығы образының тың тарамдамсын шығармашылықпен өмірге әкеле алған. Бұл – туынды авторының өзін өзгенің көлеңкесі, өз әдеби толқынының ішіндегі әлдекім емес, нағыз қалыптасқан хас прозашылық дербесяттықты (индивидуалдылықты) жас буын қаламгерлері арасында танытуының  нышаны.

Орта буын қаламгерлері арасында хас прозашылық дербесяттықтың нышаны көбіректеу бой көрсетеді мәселен, Мира Шүйіншәлиеваның «Служак» әңгмесі бұған куә, ал осы туындыда осының қалай көрініс тапқандығына жекелеген мысалдар негізінде тоқтала кетейік.

«Құдайдың да өз есебі бар екен. Шара шарасыз күйге түсті. Соқыр түйе жетектеп құмда адасқан бәдәуидің күні туды басына. Сәметтің босағасын бірге аттаған астам пиғыл бұны тастай қашқан жоқ. Дегені болмай көгенде қалды. Зағиптың етегінен ұстап қыз кеткенде, райынан қайтара алмай шашын жұлып қала берген шешесі тап қазір кіріп келсе, мына – адамы бар, иесі жоқ үйді талақ тастап, ере қашудан тайынбас еді.

Күйзеліп жүргенде көрші үй жақтан екі көз пайда болды…»

Басына «Соқыр түйе жетектеп құмда адасқан бәдәуидің күні туған» адами тірліктің  аяғы Сәметтің өлімімен аяқталады.

Қазіргі жастардың өздеріне дейінгі буыннан бір ерекшелігі   кірістірме новелланы (Сәметтің төрт жасында көзінен айырылудағы «Сүт оқиғасы» нарративін//дербесят хикаятын) егіздеуші үкімдік фонға да айналдара білу стильдік шеберлікке ие болушылықтары. Сәметтің көзден айырылу мотивін жазушы былай суретейді.

«Сүт. Мыстан кемпір. Жүзін жас жуған апасы. Жарық дүниеден тірідей айрыларда көзден көшіп, санасына таңба болып басылған соңғы суреттер. Мыстан кемпір – байы өлген, бала сүймеген, өмірден шер-нала арқалап белі бүгілген бір мүсәпір. Ел қыдырмайтын, кісі шақырмайтын. Көршілерден аулақ, көршілер де көрмегенсіп жүріп жатқан. Жалғыз сиыры бар еді. Бір күні онысын сауып, сүтін есік алдына қоя сала, қораға қайта кіріп-шықса, қаңғалақтап қайдан ғана бара қалғанын Құдай білсін, төрт жасар шолшаң ұл – Сәмет күс-күс аяғын шелектегі жылы сүтке малып ыржалақтап қарап тұр. Онсыз да бала көрсе безгегі ұстайтын кемпірдің ашуы құйын үйіріп, тас жаудырыпты. Кешкі тымықты тас-талқан еткен шаң-шұң дауыстан бір сұмдықтың болғанын сезіп, жүгіріп жеткен апасы бұны іле қашады. Алайда мыстан кемпірдің: «Сүттей жүзіңе тамсанғанды ботадай көзің көре алмай өтсін!» деген қарғысы бәрі бір қуып жетті… Содан бері саңылаусыз бір қараңғылықты қарманумен келеді».

Жардың етегінен айырылуын «Келіншектің адал жарға опасыздығы» қаламгер тарапынан былайша тарқатылады.

«Сәмет ояу болатын. Ұрланып қойнына кірген келіншегінің аяғына аяғын тигізіп еді, құлпытастай суық екен. Анау сып еткізіп тартып ала қойды. Сол сәт мұның көңілін де көрдей түнек тұмшалаған…»

Сезіліп тұрғанындай, homo scriptor-ды (жазушы адамды) ешқашан бір ғана типке жатқыза салуға еш болмайды. Егер біз батыс әдебиетінде Колридж, Шелли, Бодлера және Поларды тек қана  романтикалық жосықта қарастыратын болсақ,  онда оларға Расин, Мильтон, Гете, Джейн Остин, Энтони Троллоп сынды тұлғалардан тұратын топ қарама-қарсы келетіні әбден түсінікті.

Қазіргі қазақ прозасындағы жас буын мен орта буын арасындағы әртектілік пен өзгешелікке толы әдеби процесте орын алып жатқан әр 10 жылдықтар тап осындай ұлттық әдебиетімізде өзінің айшықты  қолтаңбасын қалдырып отырады.

Неміс жіктеушісі (классификаторы) Кречмер болса, ақындарды (шизофренияға бейім лептосомдық /нәзік жанды/ тип) және романшыларды (маниакалды-депрессивті психозға бейім пикносты /гр. рyknos//әлеуетті/ тип) деп бөледі. Әлбетте, «арқалы» (тәңіри шабытты аянгер) ақын және кәсіби толысқан «туындыгер» қаламгер сынды қарама-қарсылықты типологиялық жұп бар. Әрине, бұндай ерекшеліктердің тарихи түп тамыры өте тереңде жатыр.

Суреткерлерді қиялдаудың негізгі екі типі бойынша бөлген француз психологі Рибо әлбетте,  өзі сілтеме жасамаса да Ницше концепциясына сүйенгендігі дау туғызбайды. Бірінші тип –  «кеңістіктік//пластикалық» қиял. Көреген бақылаушы қасиетіне ие жан сыртқы әлем келбетін шабыттанған шағында өз сезімімен игереді. Керісінше, «формасыз» қиялға (сыбыр мен символикалыққа) ие символист ақын, романтик қаламгер (Тик, Гофман, По) болса, шабытты өз сезім мен эмоцияларынан қалқып алып, оларды Stimmung (көңіл хошы) бірліктері болып уәждалатын ырғақ пен образдарға айналдырады. Элиот өз кезегінде Рибо тұжырымын Дантенің «аяндық қиялын» Мильтонның «сыбырлы қиялына» қарама-қарсы қоюда ескерді.

Заманалық румын ғалымы Л. Русу үш көркемдік типті: «ашық» (шаттықты, екпінді, қолды-аяққа тұрмайтын), «әзәзілдік ұшқалақтық» және «әзәзілдік дегбірлілікті» бөліп көрсетеді.

Русудың келтірген мысалдарының бәрі бірдей сәтті емес десек те, тезис пен  антитезистің өзара әрекеттестігі, «ашық» тип пен «ұшқалақтық» синтездерінен жоғарғы шығармашылық тип туындап, әзәзілмен күрес жеңіспен аяқталып, қым-қуаттылық тепе-теңдікпен алмасады. Осы жоғарғы шығармашылық типке Русу Гетені жатқызады. Біз өз тарапымыздан онымен бірге Данте, Шекспир, Бальзак, Диккенс, Толстой, Достоевский сынды алыптарды көре аламыз.

Міне, осы алыптар өз ұлтты үшін әлемдік деңгейдегі «кішкентай адамдар» трагедиясын ұлттық деңгейде әр дәуірде сөз етіп кетсе, Нұрлан өз «кішкентай адамдарының» нәпсіден жеңілу трагедиясын бабатүркілік әдеби үрдіс хамсалық үлгіде ашып көрсете алған.

Автор неге Сәметті соқыр етіп отыр?! Алмасы тістеліп қалғандар жалпы ұлттық проблема. Қазір қазақ қыздарының 90 пайызы «қатын-қыз» немесе «қыз-қатын (жалған қыздық перде жасату арқылы)» болып байға тиіп жатыр. Қаламгердің арманы қыздардың тұрмысқа күйеуін сәметтендірмей пәк күйінде шығуы. Осындай жағдайға ұрынғандар символдық Сәмет өлім арқылы келмеске кетсе екен деп арзулы армандайды.

Нұрлан Қабдайдың «Соқыр түйе жетектеп құмда адасқан бәдәуи кейіп бәдемді бике жайлы» хамсалық бесшесі өз тұстастары саналатын бәдәуи кейіп бәдемді бикелердің ендігі тірлігінде қойынындағы «Соқыр түйесін» аялап, бәрін «ЕКІ-ҮШЕУДІҢ КҮЙБЕҢІНЕ» ұластырып құмда адасушылыққа бармауға үндей шақырады. Бұндай авторлық масканы қолданушылық қазіріг қазақ прозасында қаламын енді ұштап жүргендер арасында екінің бірінің қолынан келе бермейді. Осындай пәренжелі авторлық шеберлікті игерген қаламгерлік шеберлікке «ЕКІ-ҮШЕУДІҢ КҮЙБЕҢІН» оқып шыққанда тәнті болдық.

Елдің сыртқа жаймайтын дерті Қазақ көрпесінің бүлкілдеуі ішінде орын алып жатқан «жабулы қазандық»  әйелдің етегі түрілушілік проблемасына автор өзінше жауап іздеп өзінше тың шешім қабылдай алған. Осылайша «адюльтерлік» тақырыбы ұлт прозасында өзінше жаңа қырынан ашылып отыр. Таптауырын болған ескі мотивтің соны қырын аша білу жас қаламгерлер арасында екінің бірінің қолынан келмейді. Қолдан келмейтінді қолдан келтіруі авторға шығармашылық табыс сыйлай алды. Ескі мотивтің соны қырын аша білу стильдік шеберлігінен автор адасып қалмасын деп тілеп, тамаша туындының соңғы бетін жаптық.

Әбіл-Серік Әбілқасымұлы

Abai.kz

3 пікір