Сенбі, 20 Сәуір 2024
3582 4 пікір 3 Маусым, 2019 сағат 11:58

Алматыда митингке қатысқан бірнеше әйел үйқамаққа алынды

Алматы қалалық тергеу соты 1 маусым кешке жалғызбасты ана Жазира Демеуова және Гүлзипа Жәукероваға бұлтартпас шарасын қолдану бойынша шешім шығарды. Сот "елде тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты" деп күдікке ілінген екі әйелді екі айға үйқамаққа алды.

Сенбі, 1 маусымда түстен кейін сот дәл осындай күдікке ілінген көп балалы ана Оксана Шевчукке де осындай шешім шығарған еді. 48 жастағы Жазира Демеуова және 51 жастағы Гүлзипа Жәукерованың құқығын адвокат Гүлнар Жуаспаева қорғады. Демеуованың ісін - судья Алма Әбдіхалықова, ал Жәукерованың ісін судья Сырым Жақсылықов қарады.

Адвокат Гүлнар Жуаспаева соттан Демеуованың қамқорлығында кәмелетке толмаған бірнеше бала (өз баласы және немерелері) болғандықтан үйқамақтан басқа жаза қолдануды сұрады. Егер бұрын Демеуова интернет арқылы үйден істеп, қаржы тапса, тінту кезінде ноутбугін алып алғандықтан жалғызбасты ана қиындық көріп отырғанын айтты.

Гүлзипа Жәукерованың екі баласы бар. 18 жастағы үлкені колледжде оқиды, кішісі - 9 жаста. Жуаспаеваның айтуынша, денсаулығына байланысты кішісіне ерекше күтім керек. Жәукерова сотта пәтер жалдап тұратынын, жалға алу мерзімі 6 маусымда аяқталатынын айтты. Сотта ол осыдан кейін лайықты пәтер табылса да, оны жалдауға шамасы жетпейтінін жеткізді.

Жазира Демеуова, Гүлзипа Жәукерова және Оксана Шевчук - 1 мамырда Алматыда өткен рұқсат етілмеген наразылық акциясы кезінде ұсталған ондаған азаматтың бірі. Бұл үш әйелді 9 мамырда өткен "Мәңгілік полк" шеруі кезінде де полиция ұстаған. Мамыр айының ортасында олардың Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған қозғалысқа қатысы бар деген күдікке ілінгені белгілі болды.

Abai.kz

4 пікір