Сенбі, 28 Қараша 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 130039. Жазылғандар — 116044. Қайтыс болғандар — 1990
1314 0 пікір 29 Сәуір, 2019 сағат 11:36

Саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер сайлауға кімдерді кандидат ретінде ұсынды?

Осы айдың 9 сәуірінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар арқылы Қазақстан халқына үндеу жасап,  2019 жылдың 9 маусымы күні Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауы өтетінін хабарлаған еді. 

Ел Президенті өз сөзінде, бұл шешімнің бүкіл Қазақстан халқы үшін аса маңызды шешім екенін айтты. Әрі Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізуді ел Конституциясына сүйене отырып белгілегенін мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, бұндай маңызды шешімді Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен ақылдаса отырып қабылдаған. Сонымен қатар, Парламенттің қос палатасының спикері және Премьер-Министрдің де кеңесін тыңдаған. Бұл шешімнің қабылдар алдында Парламенттегі партия жетекшілерімен кездесіп, Конституциялық кеңестің келісімін де алған көрінелі. Мемлекет басшысының айтуынша, кезектен тыс сайлау өткізу ел үшін өте маңызды әрі өте қажетті қадам.

Мемлекет басшысы кезектен тыс президенттік сайлау өтетінін жариялағаннан кейін, бүкіл Қазақстан халқынан қолдау тапты. Қарапайым халық ғана емес, саясаткерлер, кәсіпкерлер мен кез-келген сала өкілдері өз пікірлерін айтып, сайлауға дайын екендерін жеткізді.

Ендігі қадам, президенттікке үміткерлерді ұсыну болатын. Конституция бойынша, президенттікке үміткерлерді партиялар мен қоғамдық ұйымдар ғана ұсына алады. Осы жерде айта кетерлігі, кезектен тыс өтетін президент сайлауына кандидаттарды ұсыну 10 сәуірде басталатыны белгілі болған. Әрі үміткерлерді ұсыну 28 сәуірде, тіркеу 11 мамырда аяқталатыны да жарияланды.

Осыған орай көпшілік назары Парламенттегі партиялардың кімді кандидат ретінде ұсынатынына ауды. Ел халқын әсіресе «Нұр Отан» партиясы атынан сайлауға қатысатын кандидаттың кім болатыны қатты қызықтырған болатын. Себебі, елдегі ең ірі әрі жеткеші партияға деген халықтың сенімі ерекше. Құрылғанына жиырма жыл болған партияның ел өмірінде алар орны да басым. Сол үшін де көп халық «Нұр Отан» партиясының маңызды шешімдеріне бей-жай қарамайды. Осы жолы да президенттік сайлауға кімді кандидат ретінде ұсынатынын асыға күтті.

Халық асыға күткен шешім көп кешікпей белгілі болды. Елордада өткен бас партияның ХІХ съезінде билік партиясы атынан президент сайлауына кім қатысатыны анықталды. Партия төрағасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясы атынан ҚР Президенттігіне үміткер ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды. Елбасының бұл ұсынысы партия мүшелері тарапынан қолдау тауып, маусым айында өтетін президенттік сайлауға бас партияның атынан Қасым-Жомарт Тоқаев түсетін болды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 1953 жылы Алматы қаласында зиялы отбасында дүниеге келген. Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері. Көп жылдан бері Елбасының сенімді серігіне айналған Қасым-Жомарт Кемелұлы саяси ғылымдар докторы атағын да алған. ҚР премьер-министрі, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы, ҚР Сыртқы істер министрі болып ел ішінде қызмет етсе, сыртта Біріккен Ұлттар Ұйымы бас хатшының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің бас директоры және БҰҰ Бас хатшысының Қарусыздандыру жөніндегі конференциядағы жеке өкілі болып әлемдік саясат сахнасында тер төкті.

Қазақ әдебиетінің детектив жанрын қалыптастырған, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Кемел Тоқаевтің ұлы талай белестерді бағындырған азамат екенін осы қысқа ғана ақпарат анықтап тұр.

Десе де, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің транзит кезеңінде осы Қасым-Жомарт Тоқаевті таңдап алуының себебі неде? Елбасының өзге серіктерінен бұл азаматтың қандай артықшылығы бар?

Оның өмір жолына осы тұста қысқаша тоқтала кетсек. Қасым-Жомарт Тоқаев 1970 жылы Кеңестер Одағының Сыртқы істер министрлігіне қарайтын Мәскеу мемлекеттік халықаралық институтына түскен. Осы институтты тәмамдайтын жылы Қытай Халық Республикасына жарты жылдық тәжірибеден өтуге аттанған. Осы аз уақытта Қасым-Жомарт Кемелұлы қытай тілін еркін меңгеріп, 1975 жылы Кеңестер Одағының Сыртқы істер министрлігіне қызметке орналасты. Болашақ дипломатты КСРО СІМ-і Сингапур республикасына елшілікке аттандырды. Сол 1979 жылдан бастап, Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңестер Одағының сыртқы істер министрлігінде түрлі лауазымды қызметтер атқарды. Еліміз тәуелсіздік алған 1992 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге оралып, жаңа құрылған мемлекеттік Сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды.

Сол күннен бастап, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сыртқы саясаттағы ақылшысына айналды.

Мәселен, Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының жанында жүріп, Сыртқы істер министрі ретінде ядролық қаруды таратпау жөніндегі құжатқа қол қойды.

Ол құжаттар мыналар:

ЯСЖТШ - 1996 жылғы (Нью-Йорк) Ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы шарт;

ОАЯҚААШ - 2005 жылғы (Семей)  Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шарт

Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты  елдегі ең тәжірибелі саясаткерлердің бірі деп бағалады. Елбасының айтуынша, елге, халыққа ең бастысы тұрақтылық керек. Сол үшін мемлекетті жалғасты білікті басшы басқаруы керек. Сол үшін Елбасының саясатын қолдайтын халық Қасым-Жомарт Тоқаевты да қолдайтын болады. Сонымен қатар, Елбасының өзі де мемлекетті күшейту үшін жаңадан сайланатын Қазақстан президентімен бірлесіп жұмыс істейтінін мәлімдеді.

Осыдан кейін, Қазақстан республикасы Кәсіподақтар федерациясы да кезектен тыс президенттік сайлауға кандидат ұсынды. Бұл туралы 2019 жылы 24 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында өткен Кәсіподақтар федерациясының Бас кеңесінің отырысында белгілі болды. Аталған отырыста Қазақстан республикасы Кәсіподақтар федерациясы атынан ҚР Президентігіне сайлауға қатысуға үміткердің аты аталды. Ақылдаса келе Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесі Таспихов Амангелді Сатыбалдыұлының кандидатурасын ҚР Президенттігіне үміткер ретінде ұсыну туралы шешім қабылданды.

Амангелді Таспихов Қазақстан Республикасы Парламент мәжілісінің депутаты, ҚР Парламенті мәжілісінің заңдар және құқықтық реформалау комитетінің мүшесі болған. Мемлекеттік деңгейдегі талай лауазымды қызметтер атқарған.

Ал «Ақ жол» партиясы президенттік сайлауға үміткер ретінде тұңғыш әйел кандидат ұсынылды. Нұр-Сұлтан қаласында өткен партия сьезінде сайлауға түсуге үміткер ретінде алты бірдей кандидаттың аты аталған. Алайда делегаттардың дауыс беруі нәтижесінде Еспаева Дәния Мадиқызы «Ақ жол» партиясы президенттік сайлауға қатысатыны белгілі болды. Осылайша, тарихта тұңғыш рет Қазақстан республикасы президенттік сайлауына әйел кандидат ұсынылып отыр.

Дәния Мадиқызы 1961 жылдың бесінші наурызында дүниеге келген. Отбасы бар. Екі баланың анасы. Ол 1982 жылы Алматы есеп-кредит техникумын,  1993 жылы Қазақ мемлекеттік Басқару академиясын тәмамдаған. Дәния Еспаева ұзақ жыл бойы еліміздің экономика саласында өнімді еңбек етті.

Президент сайлауына қатысқалы отырған тұңғыш әйел үміткер Дәния Еспаева өз сөзінде ана мен бала мәселесін басты назарда ұстайтынын айтты. Оның айтуынша, осы реткі президенттік сайлауға ең алдымен ана ретінде қатысқалы отыр. Себебі, қазір елдегі әлеуметтік жағдай ең өзекті мәселе болып отыр. Сондықтан ана мен бала мәселесі бағдарламасының басты бағыты болатынын айтты.

Сөз соңында, 9 маусымда өтетін кезектен тыс президенттік сайлауға үміткер атанған өзге де кандидаттардың тізімін ұсынамыз. Олардың барлығын саяси партиялар немесе қоғамдық бірлестіктер ұсынған.

Сәдібек Түгел - «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысы​;

Төлеутай Рақымбеков -«Ауыл» партиясы;

Жамбыл Ахметбеков - Қазақстан коммунистік халық партиясы;

Әміржан Қосанов - «Ұлт тағдыры» қозғалысы;

Жұматай Әлиев - «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігі.

Abai.kz

0 пікір