Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Анық 9847 12 пікір 22 Мамыр, 2019 сағат 10:58

"ҚР Тұңғыш президенті туралы" заңды толықтыру қажет

Біздің Парламент әлемде жоқ ерекше құрылым ғой. Кезінде сол Парламентте депутат болған Әбілқасымов өзі қызмет еткен органға «қалталы Парламент» деген баға берген болатын. Кейінгі шақырылымдағы Парламентті көпшілік «супер қалталы Парламент» деп атап кетті. Одан кейін де бірнеше рет жоғарғы заң шығарушы органға депутаттар сайладық. Олар бәлкім «супер, супер, супер» болып кеткен шығар. Немесе «қалта» «дорбаға» айналған болар. Яғни, «супер дорбалы Парламент». Одан бөлек біздің Парламент жоғарғы жақтың ыңғайына келетін заң болса санаулы минуттар ішінде қабылдап тастайтынымен де ерекшеленеді. Тіпті, басты заң — Конституция болса да. Ол үшін халықтың пікірін білу, референдум өткізу артық машақат. Одан да бірді-екілі адамның ұсынысымен дайындалған заң жобасын алдарындағы нүктені басу арқылы бірауыздан қабылдай салу оңай әрі тиімді. Содан да болар көп заңдар шикілігін көрсетіп жатады.

Заң шикілігі әсіресе ол жұмыс істей бастағанда білінеді. Мәселен, Назарбаев өз өкілеттігін уақытынан бұрын тапсырып, президенттік билік Тоқаевқа өткен уақытта Конституцияның өзінде біраз түсініксіз баптар бары көрініп қалды. Алдымен Елбасының өзі Конституциялық кеңеске Президенттің өз қалауымен өкілеттігін уақытынан бұрын тоқтату мәселесін түсіндіріп беруді сұрады. Кейіннен Тоқаев Астана атауын Нұр-Сұлтанға ауыстыру жөнінде ұсыныс тастады. Бірақ ол үшін Конституцияға өзгерістер енгізілуі керек еді. Ал уақытша Президенттің Конституцияға өзгерістер енгізуге бастамашылық жасауға құқығы жоқ. Әйтеуір ол ұсынысты Тоқаев емес, Үкімет жасаған етіп «өзгертіп» жүріп дегендеріне жетті.

Бұдан бөлек уақытша Президент болатын азаматқа мемлекеттік тіл білу талабы заңда қарастырылмағаны туралы бұдан бұрын да жазғанбыз. Яғни, Президенттікке кандидатқа мемлекеттік тілді еркін білу міндетті деген сөз Президент қазақ тілін еркін меңгеруі керек деген сөз ғой. Бірақ, уақытша Президентке неге мұндай талап қойылмайды? Уақытша деген аты болмаса, ол да Президент қой.

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та XII Астана экономикалық форумында «Қазақстанда екі Президент бар» деген пікірге қатысты ойын айтқан болатын.

«Сіздерге ыңғайсыздық тудырып жатқанымды білемін. Алдымен «Тұңғыш Президентті», сосын «Президентті» хабарлайсыздар. Қазақстанды екі Президент басқармайды. Бір ғана Президент бар және ол – ең бастысы», – деген еді Тұңғыш Президент.

Егер біз жаңылыспасақ, Назарбаев «бір ғана Президент бар» деп Тоқаевты меңзесе керек. Яғни Тоқаев, ол – Президент. Мемлекеттік тілмен қатар орыс тілін, ағылшын мен қытай тілін жақсырақ меңгерген Тоқаевтың қазақшасы біршама сынға ілігіп жүргеніне қарамастан, жуырда ОСК-нің тіл комиссиясы оның қазақшасына өте жақсы деген баға берді. Бірақ, басқаша болуы да мүмкін еді ғой. Президенттік өкілеттілікті уақытша атқаруға заң бойынша Сенат немесе Мәжіліс төрағаларының, сонымен қатар Үкімет басшысының құқықтары бар. Егер бұл жағдай бұдан ертерек орын алып, және мемлекет басшысы болып Сенат немесе Мәжіліс төрағалары емес, бір кезде Премьер-министр болған, қазақшадан мақұрым Кәрім Мәсімов тағайындалғанда не болар еді? Демек, барлық деңгейдегі депутаттарға және Үкімет басшысына мемлекеттік тілді еркін игеру талабын қою қажет. Сонда ғана Конституция талаптары мүлтіксіз орындалған болып шығады.

Тағы бір маңызды мәселе бар. 2000 жылы ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы туралы Конституциялық заң қабылданған болатын. Әрине, уақыт өте оған да бірнеше рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Соған қарамастан ондағы шикіліктер енді көрініп жатыр. Өйткені, бұл заң негізінен биылғы наурыздан, яғни Назарбаев өз өкілеттігін Тоқаевқа өткізіп бергеннен бастап жұмыс істей бастады ғой. Ол қандай шикіліктер? Тарқатып, түсінікті етіп баяндауға тырысып көрейін.

ҚР Конституциясында Президентке байланысты мынадай баптар бар:

«47-бап:

1. Қазақстан Республикасының Президенті науқастануына байланысты өзінің міндеттерін жүзеге асыруға қабілетсіздігі дендеген жағдайда қызметінен мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін. Бұл ретте Парламент әр Палата депутаттарының тең санынан және медицинаның тиісті салаларының мамандарынан тұратын комиссия құрады. Мерзімінен бұрын босату туралы шешім Парламент Палаталарының бірлескен отырысында комиссияның қорытындысымен белгіленген конституциялық рәсімдердің сақталғаны туралы Конституциялық Кеңес қорытындысы негізінде әр Палата депутаттары жалпы санының кемінде төрттен үшінің көпшілігімен қабылданады.

48-бап:

1. Қазақстан Республикасының Президенті қызметінен мерзімінен бұрын босаған немесе кетірілген, сондай-ақ қайтыс болған жағдайда Республика Президентінің өкілеттігі қалған мерзімге Парламент Сенатының Төрағасына көшеді; Сенат Төрағасының өзіне Президент өкілеттігін қабылдауы мүмкін болмаған ретте ол Парламент Мәжілісінің Төрағасына көшеді; Мәжіліс Төрағасының өзіне Президент өкілеттігін қабылдауы мүмкін болмаған ретте ол Республиканың Премьер-Министріне көшеді. Өзіне Республика Президентінің өкілеттігін қабылдаған тұлға тиісінше Сенат Төрағасының, Мәжіліс Төрағасының немесе Премьер-Министрдің өкілеттігін тапсырады. Бұл жағдайда бос тұрған мемлекеттік лауазымдарды иелену Конституцияда көзделген тәртіппен жүзеге асырылады».

Көріп отырғандарыңыздай, Ата заңда Президенттің денсаулығына байланысты арнайы баптың бір тармағы арналған. Ол дұрыс та. Ет пен сүйектен жаралған адам болғандықтан, кез-келгеніміз түрлі ауру-сырқауға душар болуымыз мүмкін. Тіпті күтпеген дерттер де жабысуы ықтимал ғой. Мәселен, психологиялық ауытқушылықтар немесе жасына байланысты алжу пайда болуы мүмкін. Ал, дамыған елдер қатарына қосылуға ұмтылған, арман-мақсаты биік еліміз үшін Президенттің парасатты, ақылды, дені сау болғаны маңызды.

Бірақ, Конституция бойынша айрықша мәртебе мен өкілетке, құқықтарға ие Елбасының денсаулығы жайлы заңда ештеңе қамтылмапты. Ал бұл мемлекет болашағы үшін қауіпті емес пе? ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы туралы Конституциялық заңда былай делінген:

«1-бап. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің-Елбасының мәртебесі және өкілеттігі

Осы Конституциялық заңда Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасының Конституциясында, "Қазақстан Республикасының Президенті туралы" Конституциялық заңда және республиканың басқа заңдарында көзделген өкілеттіктерімен қатар Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің-Елбасының саяси-құқықтық мәртебесі, өзі Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттіктерін тоқтатқаннан кейінгі де Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Елбасының айрықша құзыреттері мен кепілдіктері айқындалады.

Қазақстан мемлекеттілігін құрудың бастауында тұрған және демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде егемен Қазақстанды дамытуға аса зор үлес қосқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы болып табылады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы өзінің мәртебесі бойынша айрықша ерекшелік белгісі - Алтын жұлдыз және "Отан" ордені тапсырыла отырып, "Халық қаһарманы" (Народный герой) атағының иегері болады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне — Елбасына Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлану құқығына шектеу қолданылмайды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне — Елбасына оның тарихи миссиясына байланысты өмір бойы:

1) Қазақстан халқына, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға мемлекеттік құрылыстың, елдің ішкі және сыртқы саясаты мен қауіпсіздігінің аса маңызды мәселелері бойынша тиісті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар міндетті түрде қарауға жататын бастамалар жасау;

2) Қазақстан Республикасы Парламенті мен оның палаталарының алдында, республика Үкіметінің отырыстарында ел үшін маңызды мәселелерді талқылау кезінде сөз сөйлеу; Қазақстан халқы Ассамблеясын басқару; Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесін басқару; Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің құрамына кіру құқығы тиесілі.

Мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары бойынша әзірленетін бастамалар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентімен — Елбасымен келісіледі.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің — Елбасының заңды қызметіне кедергі жасауға, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентін - Елбасын көпшілік алдында қорлауға немесе оның абыройы мен қадір-қасиетіне өзгедей қол сұғуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің — Елбасының бейнесін бүлдіруге жол берілмейді және ондай әрекеттер заңмен қудаланады».

Көріп отырғандарыңыздай, бұл заңда Елбасының денсаулығына байланысты ештеңе жазылмаған. Бірақ, Елбасы да адам, темірден жаратылған жоқ қой. Тіпті темірдің өзін де тат басады емес пе? Ал Елбасымыз өмірінде көптеген қиындық көрген жан. Әсіресе ел басқарған соңғы отыз жылда талай жүйкеге салмақ түсірер жағдайлар орын алды. Талай өзі сеніп, жоғары хәм жауапты қызметтерге тағайындаған адамдары жемқорлықпен шатылып, Елбасының абыройына дақ түсірді. Бұл жүйкеге салмақ түсірмей ме? Әлемдегі тұрақсыздық жағдайы да мемлекетімізге тікелей немесе жанама әсер етуде. Дағдарыс, мұнай бағасының түсуі, терроршылардан келетін қауіп, еліміздің алкогольді өнімдерді тұтынудан, суицидтен, ажырасудан алдыңғы қатарлардан көрінуі де Нұрсұлтан Назарбаевтың жүйкесіне салмақ түсіргені анық. Қалай дегенмен де, мемлекет басқару оңай іс емес. Әсіресе қазіргідей аласапыран заманда. Одан бөлек отбасындағы жағдайлар да Әке ретінде де Назарбаевқа жеңіл тимегені анық. Сүйікті кіші қызы Әлияның алғашқы некесінің сәтсіз болуы, кезінде шексіз сенім артқан күйеубаласы Рахат Әлиевтің істері, сүйікті жиен немересі Айсұлтанның жағдайы — бәрі-бәрі біле білген адамға өте ауыр тағдыр, психологиялық ауыр салмақ. Қайта Елбасымыздың жүйкесі мықты болып шықты. Әйтпесе мұндай ауыр тағдырды екінің бірі көтере алмаушы еді.

Дегенмен, өмір сынағы алда қандай «сый» дайындап қойғанын ешкім болжап біле алмайды. Оның үстіне Елбасының жасы да ұлғайып қалды. Табиғат заңдылығына ешкім қарсы тұра алмайды. Адам қартайған сайын денсаулығы да сыр бере бастайтыны айтпаса да түсінікті. Лайым, Елбасымызды Алланың өзі сақтағай, денсаулығы мықты болсын. Әйтсе де, заңда барлық болуы мүмкін жағдайлар қамтылуға тиіс еді.

Өмір ғой, бәрі де болуы ықтимал. Бәріне де дайын болу керек. Алла бетін аулақ етсін, алайда түрлі жағдайлар орын ала қалса Елбасы сонда да жоғарыда заңда көрсетілген өкілеттіктерін пайдалана бере ме? Яғни, мемлекеттік құрылыстың, елдің ішкі және сыртқы саясаты мен қауіпсіздігінің аса маңызды мәселелері бойынша тиісті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар міндетті түрде қарауға жататын бастамалар жасай бере ме? Қауіпсіздік кеңесін басқара бере ме? Мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары бойынша әзірленетін бастамалар да оның келісімінсіз жүзеге аспайды ма? Бұл мемлекет болашағы үшін қауіпті емес пе?

Сондықтан, Қазақстан Парламенті тез арада ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы туралы Конституциялық заңға Елбасының денсаулығына байланысты өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажет деп білемін. Бұл ұсынысымды ел болашағына бей-жай қарай алмайтын кез-келген Қазақстан азаматы қолдайтын болар. Өйткені, Мәңгілік Ел болуды мақсат тұтқан мемлекетіміздің болашағы бәрінен де маңызды.

Ербол Жалпошов

Abai.kz

12 пікір