Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Экономика 5136 1 пікір 21 Мамыр, 2019 сағат 16:45

Қызылорда облысы инвестиция тартудан республика бойынша үздік көрсеткішке жетті

Бүгін ҚР Үкіметі отырысында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту мәселелері қаралды. Үкіметтің селекторлық отырысында әр облыстың индустриялық аймақтарды дамыту бойынша көрсеткіші жария етілді. Бұл тізімде Қызылорда облысы көш бастап тұрғаны айтылды, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.

Индустриялық жобаларды іске асыруға инвестиция тарту бойынша Қызылорда облысы республика бойынша рейтингте үздік орында тұр. Бұған қоса, индустриялық аймақтар (ИА) мен орналастырылған жобалар саны бойынша екінші сатыға орналасқан.

Атап айтар болсақ, индустриялдық аймақтарда жобаларды іске асыруға 65,2 млрд. теңге инвестиция тартылған екен. Бұл - республика бойынша ең үздік көрсеткіш саналады.

Облыс әкімдігінің мәліметтеріне сүйенсек, осы уақытқа дейін облыста алты индустриялық аймақ құрылып, онда жалпы сомасы 192 млрд.теңгеге 48 жоба жүзеге асырылған екен. Барлық индустриялық аймақтардың инфрақұрылымына 6,7 млрд. теңге бюджет қаражаты жұмсалып, кейін инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 1 бюджеттік теңгеге 13,4 теңге қайтарымды жеке инвестиция тартылғанын айта кетуіміз керек.

Ал облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметіне сәйкес, облыста 500-ден астам жұмыс орнын қамтитын 16 жоба ресми іске қосылған. Олардың қатарында облыс экономикасына үлкен үлес қосып отырған  тампонажды цемент шығару зауыты бар. Аталған кәсіпорында қазіргі таңда 250 адам жұмыспен қамтылып отыр.

Дәурен Сейітжанұлы

Abai.kz

1 пікір