Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Қоғам 6233 1 пікір 15 Мамыр, 2019 сағат 13:32

Ақтаудағы қоқыс тазалаушылар айлық ала алмай отыр

Ақтаудың көше тазалаушылары мен көлік жүргізушілері өз жұмыстарын істеуден бас тартты. Себебі олар тағы да айлықтарын алмаған. Қызметкерлердің айтуынша, кәсіпорын ақшасы соңғы алты айда үнемі ұсталып, 150 миллион теңгеге қарызға батқан. Ал, шенеуніктер қарапайым азаматтарды айыптайтын көрінеді.

Бүгінде Ақтау қаласында 400 адам сәуір айындағы жалақыларын талап етіп отыр. Қызметкерлердің айтуынша, олар жарты жылдан бері жалақыларын тек дау-жанжалмен алатын болған. Ал, кәсіпорынның айтуынша, басшылықта ешқандай кінә жоқ. Ең бастысы, әкімдік кәсіпорынға 150 миллион теңге қарыз дейді.

Айнаш Идитбаева:

- Біз үнемі жалақыны “Қашан аламыз?”,  “Неге кешігеді?” деп шулатып жүріп қолға тигіземіз. Міне олар тағы да “ертең, ертең” дейді. Ал, еден жуушылар тіпті аз ақша алады. Соған қарамастан олар тазалыққа қажетті заттарды да өздері сатып алуға мәжбүр.

Наурызбай Тенербаев:

- Олар бізге: “Осы айда шыдаңыздар, келесі айда бәрі жақсы болады” деп үнемі уәде береді. Уәде айтылған жерінде қалады. Айлық әдеттегідей кешігеді. Ал, біздің бала-шағамыз, кредитіміз, квартирамыздың ақшасы бар. Бәрінде осы проблема.

Қайрат Хайрушев:

- Үш айға жуықтады. Өкінішке қарай, бізге бюджеттен ешқандай ақша бөлінбейді.

Осы мәселе бойынша жұмыскерлер Ақтау қаласының әкімімен кездескен. Әкімдіктің айтуынша, қазынаға түскен салық мөлшері өте аз. Сол себепті бюджетте ақша жоқ. Алайда, шенеуніктер өздеріне тиесілі салықты жақында төлейтіндерін айтыпты.

Жангелді Әубәкіров, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары:

- Адамдар салық төлемейді, аз төлейді, сондықтан қазір... Салық төлеушілердің бір айлық қарызы бар. Бір ай. Сол ақша қалай түседі, бірден айлықтарын береміз.

Қысқасы, кәсіпорын әкімшілікті, әкімшілік салық төлеушілерді айыптайды. Сөйтіп, бір-біріне сілтеп отырғанда, қарапайым жұмысшылар өзіне тиесілі нәпақасынан қағылып отыр. Ал, олардың бала-шағасын, алқымынан алып отырған несие мен пәтерақысына бас қатырып отырған ешкім жоқ. Сондықтан, оларға қазір ешқандай саяси науқан мен бос уәденің маңызы жоқ.

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

1 пікір