Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
«Соқыр» Фемида 7364 8 пікір 6 Мамыр, 2019 сағат 01:45

Архимед Ермак сияқты резиденциясынан бас тарта ала ма?

Жақында Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов өзінің шаһардың ең көрікті жері - қарағайлы орманда орналасқан аумағы ат шаптырымдай резиденциясынан өз еркімен бас тартатыны жайлы хабарлап, баспасөзді бір шулатып тастады. Ермактың бұл «ерлігі» бүкіл елді елең еткізгені сөзсіз. Шындығында да қай әкім өз қалауымен жанға жайлы орыннан ығысып еді.

- Мен ол жерден өз еркіммен көшіп кеттім, - деді ол. - Қазір қалада тұрамын. Бұл орынға көп ақша жұмсалады. Ондай шығынның қажеті қанша? Бұдан да оны бай кәсіпкерлерге сатуды ұйғардық.

Ермак Бидахметұлы мұнымен ғана тынбаған көрінеді. Резиденция жай ғана сатылып қоймайды, оны алғандарға қойылатын талап та қатты. Ол міндетті түрде балалар демалатын орынға айналуы керек. Мұның үстіне оның болашақ иесі жылына бір рет әлеуметтік аз қамтылған отбасының балаларын тегін тамақтандырып, демалдыруға міндетті. Қысқасы, мұндай керемет мекенжайды иеленгендер кедей-кепшіктің балаларын қамқорлыққа ала жүруі қатаң қадағаланады. Демек, қазір құны 158 миллион теңгеге бағаланған бұл резиденцияның рахатын қарапайым халық та көретін болады.

Осындайда біздің бір сауал мазалап отыр. Ермактың осы бастамасын өзге әкімдер іліп әкете ала ма? Әлде мұндай жаңалықтарға жатырқай қарап, білмегенсіп, байқамағансып жүре берер ме екен?

Өзге өңірлерді білмеймін, ал біздің облыста мұндай резиденцияның «көкесі» бар. Жалпы көлемі анау-мынау емес, аумағы 21 гектар құрайтын, ішінде теннистік корт, монша мен бассейінін қосқанда бақандай 13 обьекті бар мұндай келісті мекенжайда облысымыздың әкімі Архимед Мұқанбетовтың жалғыз өзі тұрып жатыр. Ал енді біздің сыпайы ғана айтқан сынымызға «ойбай, бұл автор тырнақ астынан кір іздеп жатыр, ылғи да әкімімізге пәле жауып жүреді, сөйтіп адамдар арасына іріткі салады» деп, ылғи да ешбір дәлелсіз өре түрегелетіндердің назарларына мына бір жайды сала кетейін. Бұл мәслені көтерген тек біздің портал ғана емес. Оны бізбен қатар «Наша газеті» басылымы, Bestnews.kz ақпараттық агенттігі кеңінен жазып көрсетті. Оны аз десеңіз YouTube-ті ашып қарасаңыз «Как живет аким Костанайской области Архимед Мухамбетов» деген  бейнетаспаны көріп, мәселенің анық-қанығына қанығасыз.

Біз бұл жерде үлкен бір облысты басқаратын әкім жайлы да жақсы орында тұрмасын деген ойдан аулақпыз. Онысы заңға томпақ келеді деуге де құқымыз жоқ. Тұрсын, демалсын, тынықсын, сергісін. Біздікі тек халықтың арасында кеңінен қолдау тапқан Ермак Сәлімов секілді әкімнің артық шығындардан арылып, қарапайым жұртқа жақынырық тұруды көздеген бастамасын Архимед қолдай ала ма деген сауал ғана. Оның үстіне қазіргі таңда Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің мемлекеттік органдардардың тым далиып кеткен орындарды иеленіп жүргенін, ал қазіргі таңда бұларды босату мен оңтайландыру туралы нақты мәселе қойып отырғанын ескерсек, бұл айтқандарымыз негізсіз емес шығар деп ойлаймыз.

Жайберген Болатов

Abai.kz

 

8 пікір