Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
2884 0 пікір 28 Наурыз, 2019 сағат 18:12

"Ұлы Даланың жеті қыры" аясында жас суретшілердің көрмесі ашылды

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласын жүзеге асыру аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі мен Қазақ Ұлттық өнер университетінің көркем өнер факультеті бірлесіп ұйымдастырған студенттердің бейнелеу өнері бойынша «Өнерлі қол – бақытқа жол» атты көрмесі ашылды. 

Шараның салтанатты ашылуына жиналған жұрт жас таланттардың көрмесін ұйымдастырудағы негізгі мақсат – халқымыздың дәстүрлі өнерін жаңғырту және еліміздің мәдени деңгейін жоғары көтеру екендігін атап өтті.

Абай Сатубалдин, ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары:

- Елбасының ел болашағы – жас ұрпаққа деген үлкен әрі ерекше қамқорлығының көрінісі ретінде «Қазақстандағы Жастар жылы» басталды.

Еліміздегі Жоғарғы Оқу Орындарын жыл сайын 200 мыңға жуық түлек бітіріп шығады екен. Олар өмірге қаншалықты білім қорымен қадам басады және азаматтық ұстанымы қаншалықты белсенді деген сұрақ туады. Қоғам осы бағытта жұмыстар атқаруы керек.

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі Қазақ Ұлттық өнер университеті көркем өнер факультетімен бірлесіп осы көрмені қолға алып отыр. Бұл, біріншіден, өнерлі жастарды қолдау, халқымыздың дәстүрлі өнерін насихаттау болып табылады.

Екіншіден, «Өнерлі қол – бақытқа жол»деп көрменің аты айтып тұрғанындай, өнерді –кәсіпке айналдыру. Көрме барысында олардың шын шеберлігі мен талант қарымын айқындай аламыз.

Алмагүл Сметова, ҚазҰӨУ-дің Оқу және оқу-әдістемелік жұмыстар бойынша проректоры:

- Бүгін ҚазҰӨУ-дің Көркем өнер факультеті үшін ерекше күн. Көрмеге жас талантты суретшілердің туындылары ұсынылды. Биылғы жылдың «Жастар жылы» деп жариялануы кез-келген саладағы жастардың жан-жақты дамуына үлкен мүмкіндік бермек. Осыны пайдаланып, көрме суретшілеріне шығармашылық табыстарға қол жеткізіп, тиімді жобалар, тың идеялармен еңбектеніңдер дегім келеді.

Abai.kz

0 пікір