Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4764 0 пікір 9 Мамыр, 2009 сағат 09:03

Алатау мен Қараталдың арасы

Өткен жыл соңында Алматыда қазақтың белгілі ақыны, жерлесіміз, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Дәуітәлі Стамбекұлының 60 жасқа толуына орай еске алу кеші өткізілген болатын. Тірлігінде аймағын асқақ жырға, адами мұраттарға адалдықтың, поэзияға, өнерге адалдықтың үлгісіне бөлеген ақиық ақынды қазақ әдебиетінің, ой-санасының қара шаңырағы – Жазушылар одағында өткерілген осынау шара ортамызға алып келгендей болды. Жырымен, жарқылдаған алдаспан мінезімен. Сол кеште Дәуітәлі жайлы талай тамаша естеліктер айтылды. Тұрлауы жоқ тірліктің, тарпаң тағдырдың талқысына көнбеген өр мінезі аппақ нұрға толтырып еді, аспани аураға кенелтіп еді зал ішін...

Қаңтардың соңында Дәуітәлі Стамбекұлының туған күні өтті. Дәлірек - 20 қаңтар. Қаһарлы қақаған қаңтарда ақ дүниеге ақын боп келген Дәукең жасында әкесіне еркелеп, «Фамилиям нағашымның атында болғанда екі есе мықты ақын болар ем!» дейді екен. Қазір Дәуітәлінің фамилиясы мәрт мінезді поэзияның анықтауышы секілді. Соңынан ерген жас талапкер үшін, үзеңгілес қатарласы үшін, бәлки, алдағы аға буын үшін де. Сол желтоқсанның жақсы күндерінің бірінде Дәуітәлі туған Бас Қаратал маңының тылсым табиғи күші Алатау бөктеріне көшіп барғандай. Арқаның адуын мінезді қысы Алматының жылымығын ысырып тастағандай. Алатау мен Қаратал жарасқан сынды.

«...Қар жауып тұр ұлы қазақ жеріне, көңіліндей Дәуітәлі ақынның» деп жыр оқыды Қасымхан ақын Бегманов.

«Шешілмеген үстінен сауыты әлі, келді бүгін алпысқа Дәуітәлі...» деп түйдектетті жерлес жыршы Абзал Бөкен.

«...Алматы бізге айтатын еді, атың кім десе Дәуітәлі деп!» деп ағынан жарыла ақтарылды жетпіс-сексенінші жылдары Дәукеңнің соңынан ерген бауыры Бауыржан Жақып.

«...Ертерек келген өлімнің ақынға ғана лайығын, көз ілмей тірі жүріп паң, өле алмайтынын басқаның, Кеңшілік, Жарасқан, Тынышбай, Дәуітәлі, Асқарым!» деп дауылдатты Иранғайып. 47-ші жылы туған Иранғайып. Дәукеңнің құрдасы еді. «Біздің қатар қырылып қалды!» деп уыты ащы, салмаға зіл батпан ақиқатты ақтарып салды.

«Дәукең үлкен ақын болған кезде, біз әлі бала боп жанында жүруші ек!» деп күңірене толғанды Аманхан Әлім.

«Дәукең бәріміздің алдымыздағы ақылшы ағамыз еді!» деді Жазушылар Одағының хатшысы Нұрлан Оразалин.

Ақын туған топырақ – Ақтоғайдан келген аршыл азамат, аудандық Мәслихаттың хатшысы Мерхаят Оңғарқұлов есті естелік толғады.

Театр студиясының жас қыз-бозбаласыДәукең жырларынан ойлы көрініс ұсынған.

Жерлес ақын, Дәукеңнің бауыры Ғалым Жайлыбай «...Тулаған толқындардың арасында жүреді менің ұлым сақ-сақ күліп!» ақынның жырын төгілдірді. Жастар ақын сүйіп айтқан «Әудемжерді» шырқады. Ақынның жары Фарида апамыз егіліп, естелік жұптады. Сахнада ақынның әкесі Мәдібек ақсақал отыр еді. Ақынның балалары, келіндері, немерелері көтерілгенде, еске алу кешіне жиылған қауым елжірей отырып, тәубе десті.

Аспан сүйген асқар таулар алыстаған сайын биіктей беретіні секілді, Дәуітәлі ақын өмірден озып, жылдар жылыстай берсе де, жырымен биіктеп, жырымен жанымызға дәйім оралып отыратыны анық. Өйткені, ақын мәңгі ғұмыр кешуге, тәні болмаса да, жанымен, жазуымен, жырымен жүздеген жылдар жасай беруге құқылы. Оған әлем куә, кепіл...

Серік САҒЫНТАЙ.

0 пікір