Сенбі, 20 Сәуір 2024
Алаң 7310 46 пікір 27 Сәуір, 2019 сағат 08:12

Парламенттің деңгейі осы ма?!

Әнеукүні теледидардан бір депутат көкеміздің сөзін тыңдадым. Тыңдадым да таң қалдым. Айтқан сөзі:  «Қазіргі бос тұрған пәтерлерді жалға беруді доғару керек» деді. Себебі, ол мырза ұйықтағанда көршілер жақтан «ыңқыл-сыңқыл» естіліп, ұйықтай алмай ұялады екен...

Іштей қынжылдым. Бір аяғы көрде, бір аяғы жердегі үлкен көкеміздің көршілері шынымен «ұятсыз» екен деп... Кезінде Совет Одағында «бізде секс жоқ» деп бір әйел әлемді дүр сілкіндірген еді. Соны көршілер ұмытқан-ау деп қалың ойға түстім.

Депутаттар – халық қалаулылары емес пе? Ақылды депутаттың, абыз депутаттың сонда айтпағы осы ма? Апыр-ай, меніңше депутат – қазіргі Ел тағдырына, Жер тағдырына алаңдамаушы ма еді?! Болмаса Атырауда қырылған ақ сазан балықтардың неге өлгенін, Арқадағы ақбөкендердің  не үшін, неден көктей жусап жатқанын, болмаса неге бізде қарттар үйі мен жетімханалардың көбейіп бара жатқанын, әйтпесе неге біздің Елден бір жылда 40 мыңнан астам білімді, оқыған жастардың, яғни генофондымыздың шет ел асып бара жатқанының себебін, неге біз жемқорлықты жеңе алмай отырғандығымызды, неге бізде сәбилеріміздің періште болып аспанға ұшып кеткенін, неге бізде бейбіт күнде «Ауған соғысынан» да сорақы  жол апатынан жүздеген, мыңдаған адамдардың шейіт болатынын , неге, неге деп мәселе көтере ме десем, ол кісі «ыңқыл-сыңқыл» мәселесін көтереді екен. Әлде Парламенттің деңгейі осы ма деп қынжылдым... Күйзелдім...

Есіме Альберт Эйнштейн түсті. Оның бір сөзі бар еді ғой... «Меня порожает глубина космоса, но еще больше – человеческая глупость» дегені. Тура бізге арнаған сияқты. Әй, Эйнштейн... Қалай тауып айтқан десеңші... Смеем-ау...

Талғат Теменов, ҚР Халық артисі, профессор 

Abai.kz

 

46 пікір