Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Тұлға 5550 0 пікір 26 Сәуір, 2019 сағат 10:09

Ақжайықтың «Ақ шағаласы» һәм қазақ тілі

Ақжайықтың «Ақ шағаласы» атанған қоғам қайраткерін оқырман қауымға таныстырып жатудың өзі артық. Әңгiме аппақ келбетiмен ғана емес, жүрекжарды жырларымен, тiптi, өзiнiң есiмiмен ерекшеленiп тұратын ақын Ақұштап Бақтыгереева жайлы болып отыр. Десе дегендей, қазақтың ақын қызының «Ақ шағала» атануы да тегiн емес. Халқының маңдайына туған қаламгер апаның ақындығы бiр төбе де, қайраткерлiгi бiр төбе. Қай кезде де туралықты бетке айтып, әділдікті сүйетін қоғам қайраткерінің кейде тура айтамын деп, туғанына да жақпай жүретін кездері де аз емес. Соған қарамастан, қоғамдағы болып жатқан түрлі келеңсіздіктер мен әділетсіздіктерге шыдап тұра алмайтын ақын жас ұрпақты кезі келсе сөзімен болса да жөнге салғанды өзінің парызы санайды. Бүгінде әйел пендесі түгілі, еркегің еңкейіп қалған бұқпантай заманда елдің жоғын жоқтап, мұңын айтып жүрген апамен жақында кездесудің сәті түскен еді. Сонда ел өміріне белсене араласып жүрген қоғам қайраткерінің ана тіліміз жайында айтқан кесек-кесек ойларын қағаз бетіне түсіріп, оқырман қауымға ұсынып отырмын.

 

«Тіліңді ұмыту – тегіңді ұмыту»

Қазақ – тілімен дауын шешкен, осы тілінде ұрандап жауын жеңген, сан ғасырлар ұрпағын ана тілінде тәрбиелеп келе жатқан халық. Біздің бүгінгі қоғамымызда кейбір келеңсіз жағдайларды туғызып отырғандар – ананың тілінен нәр алмағандар. Шындығында, өз тіліңді ұмыту өз тегіңді ұмытуымен пара-пар. Біздің кеше де, бүгін де «тіл, тіл» деп жалықпай айтып жүргеніміздің тегін еместігін түсінетін уақыт жетті, тіпті, асып та кетті. Тілімізді құрметтеу арқылы біз бәріне жетер едік. Егер біздің барлығымыз өз ана тілімізді жақсы білсек, барлық нәрседен тек ұтар едік. Сөз түсінбегенді «көргенсіз» дейміз, «мынау сөз ұқпайды» екен дейміз. Міне, сол көргенсіздіктің бәрі өз тілін білмегеннен кетіп жатыр. Мен, әрине, өзге тілде сөйлегеннің бәрін көргенсіз демеймін, бірақ қоғамда кетіп жатқан көп қателіктің басты себебі – өз тамыры мен тілін білмеуден болып тұр. Тіл болмаған жерде ұлттың тәрбиенің айқсайтыны анық. Содан да қызымыз баласын далаға тастап, керемет соқталдай жігіттеріміз үй болып, өз ұясына қорған бола алмай жүр. Қазір біздің елімізде Мақаш Тәтімнің санағы бойынша 350 мың отырып қалған қыз бар. 150 мың өз отбасын құрмай жүрген білімді жігіт бар. Біздің бірнеше тіл білетін, сауатты қыздарымыз неге ана бола алмайды? «Ауруын жасырған өледі» деген сөз бекер айтылмаған. Сол қыздарымызға: «Айналайын, ана жолын қуып, ана бол, өз ана тіліңде әніңді айтып, бесігіңді тербет» деп отырған кім бар? Біз қазір бәлен тіл білеміз деп мақтанамыз. Тіл үйренуде қазақ алдына жан салмайды. Қазір қазақтың орысша сөйлегеніне орыстың өзі таң қалады, тіпті, кей орыс ұлтының өзі олай сөйлей алмайтын шығар. Осындайда кенже қызымның кішкентайында: – «Мама, сіз жоқта біздің үйге өзі қазақ, аузы орыс апа келіп кетті» деген сөздері есіме түседі. Әлі күнге дейін көшеге шықсам өзі қазақ, аузы орыстармен сөйлесіп үйге қайтамын. Қазаққа қазақша ауыз қашан бұйырар екен?..

 

«Өзге тілмен келген тәрбие – өгей бала тәрізді»

Қазір қарап отырсам, ұстаз деген сөздің қадірін қашырып алғандаймыз. Заңгер бола алмаған, қаржыгер бола алмағанның бәрі мұғалім болатын болды. Ал дұрысы, ең дарындының, ең қабілетттінің арасынан мұғалім таңдап алуымыз керек дер едім. Оқуға түсерде «мынау ертеңгі ұрпақты тәрбиелейтін адам» деген мінездемемен алу керек. Басқа салада адам пысық болса, жетіліп кетеді. Ал бала өсіру деген үлкен жауапкершілік. Одан қате кетсе, адамзат қасірет шегеді. Бір балаң жаман болса, онда сенің өмірің түкке тұрмайды. Баланы өсіретін ұстазға көңіл бөлінбей қалғандықтан, көп қателіктер кетіп жатыр. Кейде кейбір замандастарым: «Қазақ мектебінде білім жоқ, басқа тілде оқытсақ баламыз білімді болады» деп айтып отырады. Айналайын-ау, ана тілін, өз ата-бабаңның қасиеті мен қадірін білмеген балаңнан не күтесің? Сыланып-сипанып Америкаға, Англияға барып келер. Қазақты менсінбей, ана жерде бөлек ыдыстан тамақ ішіп, бөлек жүреді. Сөйтіп, қыз күйеусіз қалады. Жігіт барып басқа ұлттан әйел әкеледі, тұқымын құртады. Осыны халқымыз, ертеден насихаттады, астыртын айтты да. Кезінде қазақ мектебін ашуға талпынып, орыс мектебінің бір бұрышынан қазақ сыныбын ашқызған Шона Смаханұлы сияқты ұлт жанашырлары ажалынан бұрын көз жұмды. Сол Шона Смаханұлы ағамызға еріп, «Қазақ балабақшасын, қазақ мектебін ашамыз» деп ұран көтерген белсенді топтың бел ортасында болдым. Сегіз сыныпқа толмаса, қазақ мектебін аштырмайды. Алматыдағы №12 мектеп алдымыздағы ағаларымыздың күшімен ашылған болатын. Кейін №44 мектептің ашылуына атсалыстым. Алғашында аралас мектеп болып ашылған. Жетінші сыныптағы бала саны төрт-бес адамнан аспады. Сол кездері жаяу көше кезіп кеттім. Кездескен қазақ әйеліне «Айналайын, қазақ тілінде 7-8 оқитын балаң бар ма?» десең, «Я сама не понимаю по казахски» деп, мұрнын шүйіріп өте шығады.

Алматыда үш баламызды қазақ мектебіне арқалап апарып жүріп оқытқаннан ұтылған жоқпыз. Қазір әлі де баласын орыс мектебіне беріп жүрген ата-ана түптің түбінде ұтылатынын сезбейді. Өзге тілмен келген тәрбие, ол өзіңнен туса да асырап алған өгей бала тәрізді. Менің кейбір замандастарым жылайды: «Қазақша оқығаны: – Мама, қалайсыз? Жағдайыңыз жақсы ма? – десе, орысша оқығаны: – Ты вчера звонила? Что, с тобой что-то случилось? – деп сұрайды. Бұл не деген айырмашылық? Екі балам екі мектепте оқып еді», деп өкінеді. Басқа ұлттың мінез-құлқын алған балаң ол ұлтқа қосылмайды, ол ұлт та оны бауырына баспайды. Есейе келе, «можно, я по русский» деп тұрғанды қазақша топ қабылдамайды, орыс оны қажетсінбейді. Бірінші сол бала қиналады. Білімділік деген ең алдымен – парасат. Сол парасат негізі – мектеп. Ақылы бар ма, ана тілінде оқыды ма, негізгі түпкі тәрбиені алды ма, сонда ғана ол азамат болады. Қазақша айтқан: «Мейірімді бол, ұлтыңа қызмет ет, ақылды бол, ала жіпті аттама, ұрлық жасама» деген сөздерді ұққан баладан ғана үміт күтуге болады. Ал қазір біздің азаматтарымыздың кейбіреуі орнынан тұрып сәлемдесуді, үлкенді сыйлауды білмейді. Сені қалай болса солай шығарып салады, себебі бойында ұлттық мәдениет жоқ. Мәдениет деген туған тілімен келетін, қанмен сіңетін, ұлттық тамырдан берілетін ғажайып нәр.

 

«Тіл болмаған жерде ұлттық тәрбие ақсайды»

Жалпы, мен тіл білмеген адамнан қорқам. Бір кездері сондай кезең болғаны рас. Алматыда қазақша жалғыз мектеп қана қалғаны – осының дәлелі. Өзге тілге оқыту арқылы оның дүниетанымы өзгереді екен. Еврейлерде байқасаңыз, олардың ойлылары көп болды ғой. Оларға кішкентай кезінде Чуковскийді оқытады. Ол кіп-кішкентай балаға жан-жануардың өз даусымен сөйлегені дұрыс екен деп айтады. Қарға қарқылдау керек, ит үру керек деген сияқты. Ал мысыққа үрген, итке мияулаған жараспайды. Кішкентай баланың санасында әр нәрсе өзі болып қалу керек дегенді қалыптастырады. Сөйтіп, еврейлер кішкентай баланың кішкентай ғана тақпақтарын осылай жазады. Осының өзінде үлкен мән жатыр. Немесе тауықтың бауырында өскен қыңыр үйрек, бәрібір үйрек боп ұшып кетеді ғой. Тауық қыт-қыттап қалып қояды. Қазір осыларды оқытпайды ғой деймін.

Мен жастардың тіл үйренуіне қарсы емеспін. Көп тіл білгеннің еш зияны жоқ. Бірақ қазақ баласы әуелі бесіктен ана тілін біліп, ұлттық тәрбиенің қайнарына сусындап өсуі керек. Ұлттық тамыры үзілмеген бала ғана кейін қанша тіл үйренсе де, өз тілін ұмытпайтын болады. Ал бала қазақша оқып-жазып үйренбей жатып, оған басқа тілдерді тықпалау – меніңше, дұрыс емес. Ленинградта (қазіргі Санкт-Петербор) оқыған, орысша, ағылшынша таза сөйлейтін, бірақ қазақша ләм-мим деп ауыз аша алмайтын, оның үстіне ол жақтан нашақорлыққа шалдығып оралған қазақ жігіттерін білемін. Бәрін оқыды, білім меңгерді, алайда, ана тілін ұмытып кетті. Бұл өзінің ақ сүт берген анасын, ақ батасын алған атасын, түбін, тегін, Отанын ұмытып, сатып кеткенмен бірдей емес пе? Ұлттық рухта тәрбиеленген балалар ағылшынша оқып, меңгеріп жатса, міне, солардан бірдеңе күтуге болады. Тілін сатқан, Отанын сатқан, анасын сатқан, дінін сатқандар түптің түбінде қайғы-қасірет шегеді. Ол қайғыны өзінің баласынан шегуі мүмкін. Өз баласы өзінің аузына су тамызбауы мүмкін. Себебі одан ұлттық сипат көрген жоқ. Оларды табиғат қайтармаса, санасы білсе, өздері бұрылады. Біз кеткендермен емес, болашақ ұрпақты, өмірге жаңа келген баланы тәрбиелеуіміз керек. «Сен қазақсың, сенің елің – қазақ елі» деп, өз тілінде өскен азаматтан ғана қазақтың ұлтын сүйген азамат туады.

 

«Ұлт тілінде сөйлемеген ұрпақтың өмірі өкінішпен аяқталады»

Иә, қалталылар шет елді танып жатыр, шүкір, шет тілін меңгерген ұрпақ өсіп жетілуде, бірақ ана тілі мен ата салт ұлт сақтауда, елдікті сақтауда орны бөлек нәрсе емес пе? Қазір бізде сол дала философия­сы, ғасырлап жина­ған бабалар дәстүрі, ұрпақ тәрбиелеу­дегі құнды пікірлер ұмыты­лып тұрғанға ұқсайды. Тәуелсіз Қазақ­станның ертеңіне лайық саналы, намысты, жаны бай, салтқа берік ұрпақты тәрбиелеу кейінге қалдыра тұруды көтермейтін мәселе. Мұның бәрі жақсара түссек, бола түссек, ешкімнен кем болмасақ деген игі арман, ақ тілек.

Кемелденіп келе жатқан еліміздің кең маңдайлы басшысы қандай, байлығы қандай, өнері қандай! Япыр-ай, бұл қазақтың қыздары неткен талантты еді! Бибігүл, Роза, Жәния, Айман, Шұғыла, Майра, Ләйла. Әр есім ұлт намысын көтеріп тұрған жоқ па? Осынша өнерлі қыздар өсірген ұлт кімнен кем, оның тілі кімнен кем? Неге ана тілімізде сөйле­мейміз? Шынында ұлт тілінде сөйлемеген ұрпақтың өмірінің аяғы өкінішпен біткеніне талай мысал келтіруге болады. Олар өзінен туған ұлға да жат болып кеткен. Талай арыстарымыз өзге ұлтқа үйленіп, қартайған­да қарттар үйінде қалған! Осындай намыс тәрбиесінен тыс қалған ұл-қыз аралас некеге бейім келеді. Ана тілді де қолдамайтын солар. Ол жерде ата салт жайлы әңгіме болмаса, ақыры қиын. Кейде жағдайға байланысты ана тілін жете білмесе де ұлттық намысты жоғары ұстап отыратын отбасы болады, намысшыл, өжет болады-ақ, әттең өзін терең біле алмай қиналады. Бәрі бір ана тілінің терең мәнін ана сүтімен емгенге, Әліппеден бастап сөйлегенге жетпейді. Кейде ана тілінде сайрағанның санасы төмен, намысы жоқ болып қинайды. Сондықтан рухани бай, саналы, намысқой ұрпақ тәрбиесі әр ата-ананың есінен шықпауға тиіс борышы дер едім. Ұлттық намысты сезінбеген қыздардың алды Америкада, соңы Венгрия мен Түркияда тұрмыста жүр. Өзге ұлтқа шыққан қыздан қазаққа не пайда, олар баласын қазақ деп жаздырта алмайды.

Ана тіл­дің тәрбиелік қасиеті мен құдіретін білмеген, өнер мен ән-күйден сезігі жоқ жануарға ұқ­сас адам обал-сауапты білмейді, құдайдан қо­рықпайды. Ақша берсең, бар бұйрықты орын­дайтын – мәңгүрт. Оны да өсіріп отыр­ған өз ортамыз, аспаннан түскен жоқ. Қо­ғамдағы тәртіптің бұзылуына басты себепті де сондайлар.

 

«Ана тілін білмеген адам намыссыз келеді»

Бүгінгі қоғамда тұлғаның болуы шарт емес. Неге қазақ «Жеті атаңды біл» дейді. «Жақсы болсын, жаман болсын, сенің жеті атаңда тегің бар» деп айтып отырады. Міне, осының бәрі тәрбиеден кетіп отыр. Сөз біледі десек, Абайға неге сиынбаймыз?! Батыр, ақын десек, Махамбетке неге сиынбаймыз?! Сиынатын есім көп қой. Соның бәрін науқан жасап, той қыламыз да, шулап-шулап бір күнде өлтіріп жібереміз. Осылай төрімізде мәңгі бақи тұратын есімдерді ойыншыққа айналдырып жібердік. Италияны алыңыз. Микеланджело сияқты, балалардың бәрі туғаннан сұлулықтың суретін салуға ұмтылады. Басқа ұлттарда осындай тұлғалар бар. Ал бізде Абайды айтайын десең, тіл білмейді. Тіл білмеген соң, өлеңді қайтып түсінсін?! Үйде айтатын ата-ананың сиқы анау, олар тіл білмейді. Намыссыздық осыдан келіп шығып жатады. Содан кейін қазақтың тілі деп қашанғы шулайды? Өз елінде отырып, өзінің тілін жоқтаған неғылған бұл сорлы ұлт. Оған сонша ақша бөлгенше, қазақтың баласына басқа тілдерді қосып оқытатын жағдай неге жасамайды?! Қазақ тілін оқытуға миллиардтап ақша бөлініп жатыр. Қазақ өзінің тілін білсін, ақша төлесең де, төлемесең де... өз анасын танысын, әкесін қадірлесін, тарихын оқысын, қазақты соған міндеттеу керек. Тегін білмеген соң мәңгүрт болады емес пе? Осының бәрін оқытатын ұлағатты ұстаздар керек. Қазір ұлағатты ұстаздарыңыз нан іздеп, қарақан басымен кетіп қалды. Содан кейін ақшалы оқулар көбейді.

Қазір мектептерде қазақы тәрбие­нің сағаты өтпейді. Немерелеріміз Алпа­мыс, Ер Тарғын, Қобыланды болып емес, монстр болып киінуді қалайды. Бұл тегіс қоғам көңіл бөлетін шаруа, бір-екі әженің қолынан келмейді. Қазір әжелердің өзі ертегі мен мақалсыз өскендер. Мексика сериалы тәрбиелеген кемпірлер емес пе? Бесіктен ана тілде әлди дауысын естімеген ұр­пақ ұлттық рух жайлы айтқанды ұқ­пай­ды. Мектеп оқулығының әр тақырыбы ту­ған жерді сүю, өз ана тілін сүюден бастал­ға­ны жөн-ақ. Қазаққа басқа ел сені би сай­ламайды, қай тілді меңгерсең де сен қазақ­сың деп үйрету қажет. Бейбарыс Мысырды билегенмен, жусан иісін аңсап, дала бары­сының мүсінін салып өлгенін айту керек сияқты. Олжас ақынға бәрібір ескерткішті қазақтар қоятыны шындық.

 

«Ұрпақ тәрбиесі алаңдатпай қоймайды»

Менің Оралға оралғаным – өзімнің шешімім. Оған себепші болған Президентттің: «Қаламгерлер халқының ортасына барсын, ұрпақ тәрбиесімен айналыссын» деген сөзі еді. Бұл сөз менің көкірегіме қонды, ұнады. Қаламгерге өзінің өскен ортасы керек. Әрбір қаламгер «Мен ақын едім», деп Астанада, болмаса Алматыда шіреніп отырып алуына болмайды. Туған жеріне, халқының ортасына барса, көрген-білгенін үйретсе – жұмыстың үлкені сол деп ойлаймын. Өйткені, мемлекет мұраты, ана тілінің қасиеті, идеология, әдебиет пен мәдениеттің насихаты соңғы жиырма жылда ақсап қалғаны жасырын емес. Ең болмаса көргенімізді айтамыз, білгенімізді үйретеміз. Жерлестеріміздің оғаш қылығын көрсек, «Тәйт!» деп тыйым саламыз. Ата-салтты, баба дәстүрін құрметтеуге шақырамыз. Мен өзімнің туған жеріме керекпін-ау деп ойладым. Сондай өр, рухы биік елдің бүгінгі ұл-қыздарына аналық, апалық ықпалымды тигізу, олардың ой-армандарын ұштау, егемен елге қалтқысыз қызмет жасау қажеттігін ұғындыру еді. Әйтпесе екінің бірі қолы жете алмай жүрген, бүкіл саналы ғұмырым өткен орта, қатар құрбы, дос-жолдас тапқан әсем Алматыны қиып мұнда келермін бе? Менің ойымша, қазір жастарға біздің тарапымыздан көп көмек керек. Өйткені соңғы кезде олар не істеп, не қоярларын білмей, абдырап қалғандай күй кешуде. Бұл – білім саласына да қатысты жайт. Мысалы, қазіргі кезде ашылып жатқан ақылы оқу орындарынан көп нәрсе жоқ, бірақ солардың лайықты деңгейде білім беріп жатқаны сирек. Ана тілдің мәселесі күн тәртібінен еш түскен емес. Сол сияқты, біз тәрбие саласын да көп босаңсытып алдық. Әсіресе, қыздар тәрбиесін... Тастанды балалардың көбейіп кеткендігін де мен осының салдары деп ойлаймын. Қазір Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен Орал педколледжінде дәріс оқып жүрмін. Жүрген жерімнің бәрінде қыздарға: «Ертең қандай мамандықты таңдап, қызметкер болсаңдар да, сендер ең әуелі болашақ ана екендіктеріңді ұмытпаңдар» деп айтамын. Түсінетіндері түсінеді, бірақ селт етпестен, өзіңе шыны көзімен қарап отыратындар да жетіп артылады.

Өз бетіммен Ресеймен шектесетін ауылдарды аралап, ел-жұртпен кездесу өткізіп жүрдім. Ешкімнен бір тиын сұраған емеспін. Ана тілді айтамын. Алғашқы кездері тіл, діл, дін мәселелеріне байланысты үгіт-насихат жұмыстарымен мен бармаған аудитория, мен кірмеген кеңсе қалмаған шығар. Тіпті, банктік құрылымдарға дейін кірдік. Кешқұрым үйге келгенде тамағым қырылдап, бітіп қалатын. Қазір Орал өңірі едәуір қазақыланып қалды.

Негізгі, қазақтың о баста келе жатқан тәрбиесі – дұрыс тәрбие. Мәселен, «Шылым шекпе, арақ ішпе, өтірік айтпа, қиянат жасама, Құдайдан қорық. Алла бәрін көріп тұр, өзіңнің алдыңа келмесе, балаңның алдына келеді» деген қарапайым ғана нақылдарда қаншама ұғым жатыр! Қазір бізге анаған ұрынып, мынаған ұрынып қажет емес. Бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне қатысты айтқанда, халқымыздың сонау сақ, ғұн дәуірінен тамыр тартқан тәрбиесінен артық философия жоқ.

 

«Тілін білмеген ұлтының қасиетін тани алмайды»

Авторы есімде жоқ, бастауыш мектепте «Ана тілінен» «Жаман жолдас» деген шағын әңгіме оқығанбыз. Екі дос келе жатса орманнан аю шығады. Біреуі жүгіріп барып ағаштың басына шығып кетеді де, біреуі жүгіре алмай жерге жата қалады. Аю өлген адамды жемейтінін естіген ол демін алмай шыдайды. Балпаңдаған аю жатқан жігітті иіскеп өз жөніне кеткесін, жолдасы ағаштан түсіп келіп: «Ол сенің құлағыңа не сыбырлады?» – деп сұрайды. «Жолдасың жаман екен, ендігәрі қиын кезде тастап қашатын ондайлармен дос болып, жолға шықпа деді», дейді. Әңгіме мазмұны осы ғана, бірақ бала көңілге қатты әсер етеді де есте ұзақ сақталып қалады екен. Бүгін менің санамда жарты ғасыр бұрын оқыған «Жаман жолдас» оқиғасы қайта қылаң берді.

«Жаман жолдас», бәлкім, бүгінгі оқулықтан түсіп те қалған шығар, ал «Аяз би» ертегісін бастауыш сыныпта өтіп кету қиянат. Сол сағатта ауырып қалған оқушы оны мүлде ұқпай кетеді. Қазақша оқымаса тіптен өкінішті. «Аяз би» есейген кезде, әсіресе басшы қызметке баратын кезде ересектерге оқытатын ертегі. Ұлттық мектепте оқымағандар, бәлкім, әлем әдебиетінен пайдалы нәрсені көбірек алар, ол өзінің төл тәрбиесінен ақсайды-ақ. Аяз бидің көне тонын іліп қоюдың өзі сабақ, оясыз оны да ұқпасы анық. «Ашта жеген құйқаңды тоқта ұмытпа» дегенді сөзбе-сөз аударып берсең, орыс тілді басшы оны түсінбейтіні анық. Баяғыда мүжіген басты неге мен есімде сонша сақтауым керек деп таң қалуы әбден орынды болар еді. Қазақ халқы тарихында аштық пен қуғын көргенін, оның ұлттық қасіреті мен қайғысын түсінбеген адам тіліндегі мазмұнды сөзін де ұқпасы түсінікті. Кедейдің баласы аштан өліпті дегенді естіген бай баласы ол неге қуырдақ жемеді екен деп таңданыпты деседі. Сол сияқты орыс мектебінде оқығандарға «баталы құл арымасты» түсіндіре алмағандықтан, қазіргі ұрпақтың қатыгездігіне куә болып отырған жоқпыз ба? Ендеше, бата мен қарғысты айырып түсінбеген ұрпақ обал, сауап, қиянат сөзін де аудармадан біледі. Ендеше, ана тілінің тағдыры деп шырқырайтындар арлы азаматы, аяулы қызы бар ел болуды аңсайтын ұлы сезімді жоқтаушылар деп түсіну керек қой. Көше толы қате жазуға намыстанбайтындар да тіл білмейтіндер емес пе? Әлі күнге орыс мектебіне бала сүйреп жүрген де солар. Неге деп сұрасаңыз, орыс мектебінде білім бар дейді. Сонау сақ заманынан келе жатқан өз ұлтыңның, тәрбиесі мен тілінде «сауат» жоқ дегенді кім дәлелдейді? Питерден оқу бітіріп келген кеме жасау ісінің шебері болған қазақ жігіті арақтан өлсе, оның сауатынан не пайда? Мәскеуде ұлттар тілі университетін бітірген қазақ қызы орыстан туған баласын жетелеп, ата-анасынан бөлек тамақтанып жүрсе, оның сауатынан не пайда?

Қазақ тілін, баба дәстүрін білмейтіндер «ар», «жан» деген сөздің мәнісін түсінбейді де. Мұны біз бесікте үйретуіміз керек ұрпаққа. Ата-баба салтын айта отырып, «Қызым, қыз намысын ұлттың сақта; ұлым, ұл намысын ердің сақта; келінім, ата салтын сақта» деген әңгіме отбасы, ошақ қасынан берілер тәрбие. Олай болса, ұлттық тіл – ұлттық тәрбие көзі екенін есімізден шығармасақ деймін.

Нұрсұлтан Мықтыбай, журналист

Abai.kz

0 пікір