Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Бір сауал 7857 42 пікір 25 Сәуір, 2019 сағат 13:12

Мырзатай ата, бір мәрте мінез көрсетіңізші...

Бізде ҚР Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтайтын лингвистикалық комиссия бар. Төрағасы  - Мырзатай Жолдасбеков. Онда Президенттікке үміткерлер үш кезең бойынша сынақ тапсырады. Бірінші – жазбаша жұмыс, екінші – үш беттік мәтін оқу, үшінші – берілген тақырыпқа қатысты өз ойын айту. Алайда, бізден басқа ешбір мемлекет өз президентінің тілді еркін меңгергенімен бас қатырмайды. 

Иә, өз тілімізді тұғырға қондыра алмай отырған ел екеніміз рас. Бірақ, тәуелсіздік алған жылдан бері қазақ тілін білмейтін адамды мемлекеттік қызметке алмағанда, билікке жақындатпағанда осындай мазаққа қалмаған болар едік. Бұл бассыздықтың бәріне  өзін зиялымыз деп есептейтін тіл ғалымдары да тікелей кінәлі.

Ал, Жолдасбеков басқаратын бұл комиссияның жұмысы қаншалықты тәуелсіз? Мырзатай мырза 30 жыл ішінде бүгінгі биліктің қазақ тілін ысырып қойған кейбір әрекеттеріне сыни пікір айта алды ма? Президенттің Халықаралық мінберлерде орысша сөйлегеніне Жолдасбеков бастаған комиссия ләм-мим деуге шамасы жетіп пе еді? Жоқ! Олай болса, тек сайлау алдында болашақ президенттен емтихан алуы қаншалықты әділетті?

Айтпақшы, Жолдасбеков мырза 2015 жылы қазақшасы шала-пұла Ғ.Қасымовтан қате таппай елдің мазағына қалған-ды. “Қалай?” деген сұраққа Жолдасбеков “Оның бағы жанды ма, оңтайлы сұрақтар келді ме, тыңғылықты дайындалды ма, әйтеуір сынақтан сүрінбей өтті” деген. Осыдан-ақ, Жолдасбеков тізгіндеген комиссияның биліктің ыңғайына жығылуға дайын екенін байқағанбыз. Егер жоғарыдан "оның қазақшасы жақсы" десе, Жолдасбековтер сөзсіз бас шұлғи салары анық. БАҚ осыны айтып, сынай бастап еді, "бұл мәселені ежіктеп, мыжи бермеңдер” деп ашуланған еді, Мырзатай атамыз.

Ал, күні кеше апыл-ғұпыл Қасым-Жомарт Кемелұлынан сынақ алып, оның сүрінбегенін айтты. Ал, президенттікке тағы бір үміткер Сәдібек Түгел емледен сәл-сәл қате жіберіпті.

Қазақ ұлтының тізгінін ұстайтын адам қазақ тілін білуге міндетті екені талқыланбайтын дүние. Ал, оның мектеп оқушысы сияқты емтихан тапсыруы күлкілі болса да, осындай өтірік ойын ойнауға мәжбүрміз. Лингвистикалық комиссия  кәріне мінген комиссия болса, біз бұлай сөз шығындамас едік.

Қазір Жолдасбековтың комиссиясы керісінше қазақ тілін қорлау үшін жұмыс істейтіндей болып көрінеді.

Жолдасбековтың осы сынағы туралы белгілі саясаткер Расул Жұмалы да әлеуметтік желіде: “Мемлекет басшылығына үміткер өз мемлекетінің мемлекеттік тілі бойынша емтихан тапсыруды өз басым барып тұрған ессіздік көремін. Макрон француз, ал Путин орыс тілі бойынша шығарма жазуға тура келсе, күлкіге қалар еді. Ондай үміткерді француздар мен орыстар үміткерлік түгілі ел азаматтығынан айырар еді. Ал бізде аталған сорақылық қалыпты жағдай”, - деп жазды.

Егер басқалар дәл мұндай әрекет үшін президенттерін азаматтығынан айыратын болса, Жолдасбековтікі не әурешілік? Одан да неге қазақ тілін білмейтін адамды билікке жолатпайтын заң қабылдамаймыз? Мырзатай мырза ата сақалы аузына түскенде Ғани Қасымовтарды емтиханнан өткізгені үшін сөз естіді. Одан да, Абылайдың қасындағы Бұқардай абыройы бар Мырзатай мырзалар "Екі ауыз сөздің басын қоса алмайтын депутаттар мен министрлерді неге отставкаға жібермейміз?" деп мәселе көтерсе, бұл комиссияның қажеттілігі де болмай қалар еді. Елдің алдында масқара болып, "мемлекеттік тілді біледі, білмейді" деп құмалақ ашқаннан гөрі мемтілді білмеген адамды мүлдем билікке жолатпай қою абыройлы іс емес пе?

Ұлттың тілін сыйламағандар сол ұлтқа қызмет ете алмайтыны 30 жылдан бері дәлелденді емес пе? Бұған Жолдасбеков бастаған тіл ғалымдары неге үн қата алмай отыр? Олар биліктің тілге қатысты бұрыс әрекеттерін неге сынға алмайды?

Ол кісі әзірге біздің есімізде "Назарбаевты Уинстон Черчилль, Джорд Вашингтон, Ататүріктердің істей алмағанын істеген қайраткер деуге болады” деген сөзімен қалып отыр. Бұл сөз, бұл мадақ Мырзатайдай әйгілі ғалым атамызға аздық етеді. Сондықтан да лингвистикалық комиссияның төрағасы болып отырған, Мырзатай атамызға бір мінез көрсетер кез жетті деп ойлаймыз.

Түйін

Тәуелсіздік алған жылдан бері тіл мәселесі күн тәртібінен түсіп көрген жоқ. Оған басты себеп Ата заңымыздың 7-бабындағы “Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады” деген қисынсыз бап болып отыр. Және 30 жыл уақыт өтсе де осы баптың өзгертілмеуі халық көсем тұтқан Мырзатай Жолдасбеков секілді зиялыларымыздың табанының бүрінің жоқтығынан деп білеміз.

Мырзатай атамызға бұл сөзді қайрау үшін айтып отырмыз. "Президенттен емтихан алдым" деген келер ұрпақ үшін абырой емес. "Бүкіл мемқызметкерлердің мемтілді білуін заңмен бекітуге ықпал еттім" деген - мәртебе. Осыны Мырзекеңдер қолға алмаса, басқадан қайыр жоқ...

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

42 пікір