Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Мәйекті 5241 13 пікір 25 Сәуір, 2019 сағат 12:28

Мәңгілік елді сақтау мұраты

Біздің ұлағаты терең ұлы жұртымыз – қазақ халқы елдігін орнатып, оны көздің қарашығындай сақтап, қанатын жаюдың сан ғасырлық ұзақ сапарында «төбеті май жемеген» мамыражай кезеңдерді де «ауыздықпен су ішкен» қилы замандарды да бастан өткерді. Ұзына шежіресінде ата мекеннің тұғырын құлатпаудың темірқазық  мұратынан ажырамай, жан алысып жан беріскен айқас пен күрес ешқашан толастамады. Сайын дала төсінде айбарлы хандар мен айдарлы батырлардың дәуірінен кейінгі бұлғақ замандарда елдіктің негізінен айырылмау үшін тарих сахнасына көтерілген Алаштың Ахмет, Әлихан, Міржақып, Мағжандай қайраткерлері, Кейкі, Бақтығұл, Ұзақ, Жәмеңкедей ерлерінің өшпес рухы Қайрат, Ләззаттай Желтоқсандағы қыршын жастардың жарқын бейнесінде қайта лаулады. Осынау көзге көрінбейтін, тек қана жүрекпен, қанмен, ұлттық қасиетпен ғана сезінуге болатын ұрпақтар үндестігі халықтың сарқылмас қуатына ұласып, ұлысымыздың асқақ арманы мен аялы  үмітіндей Тәуелсіздігімізге қол жеткіздік.

Қайталап соғып тұратын тарих толқындарына батыл құлаш ұрған жас мемлекетіміздің тәуелсіздігін тік көтеріп, жаһанға мойындатудың Ұлы миссиясы Тұңғыш Президент, Ұлт Көшбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың маңдайына бұйырды. Тек қана алып нар мойны көтере алатын алапат жүкті ширек ғасырдан аса қайыспай алып жүріп, бүгінде әлем таныған Қазақстанды құрды. Әрдайым жүз қадам алға ойлайтын Елбасы қасиетті наурыз айында биліктің ауысуы жөнінде тарихи шешім қабылдап, бүгінгідей күрделі ғаламда елімізді алдағы кезеңдерде өзара татулықта, бейбіт ахуалда, ұрпағының ертеңіне алаңдамай, еркін ғұмыр кешуін, сырттан келуі ықтимал сан қилы қатерлерге жол бермей, ешбір елмен жанжал ошақтарының туындауын болдырмаудың мәуелі мақсаттарын көздей отырып өзінің сенімді серіктесі, елге һәм халықаралық қоғамдастыққа  танымал тұлға Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа Президент тізгінін тапсырды.

Әйгілі француз жазушысы Альбер Камью «Неміс досыма хатында» «...менің отаныма деген махаббатым әділеттілікке деген махаббаттан ажырамауы тиіс.  Мен отаныма кез-келген ұлылықты тілемеймін, қан төгу мен жалғандықтан тұратын ұлылықты тілемеймін. Мен әділеттілікке қызмет ете отырып,  отаныма қызмет жасағым келеді»,- деп, Францияның ұлы мемлекетке айналуының сыры – оның ұл-қыздарының бейбіт заманда ғана емес, басқыншылықтың қорлығына тап болған ауыр кезеңнің өзінде өз Отанына әділеттілікпен қызмет ету, адамгершілік қасиеттерді сақтай білуінде жатқанын жазған еді.

Расында, қай салада болмасын жоғары жауапты лауазымдар атқарған уағында әділеттілікпен қызмет етудің кіршіксіз үлгісін таныта білген Қасым-Жомарт Кемелұлы Мемлекет басшысы ретіндегі ең алғашқы мәлімдемесінде қоғамдағы әділеттілік қағидатын ұстанып, басқалардан да осы құндылықты талап ететіндігін жеткізуі қалың ел жүрегіне ұялаған жылы ниет болып қабылданды.

Алаштың ардақты ұлы Мұстафа Шоқай “Жаман халық деген жоқ, жаман адамдар бар; адамгершілігі мол мемлекет деген болмайды, адамгершілігі мол адамдар  болады” деп жиі айтқан екен. Демек, дүние дидары оны жасаушы жеке адамдардың ой-өрісіне, іс-әрекетіне көп байланысты. Қазақ халқының бағына орай дәуірдің бұлғақ кезеңдерінде қалың жұртты қыспақтан алып шығатын ай маңдай ұл-қыздары дүниеге келіп отырыпты. Саяси лексикада «мемлекетшіл» деген ұғым бар екені мәлім. Қазақ ордасын тіккен ұлы хандары мен білекті батырлары, кешегі қапыда кеткен Алаш зиялылары, олардың жолын кеңестік жүйе кезінде де үзбей жалғастырып отырған Мұхтар, Қаныш, Ілияс, Бауыржан, Жұбан сынды арда азаматтардың ізімен, бүгінгі кезеңде де мемлекетшіл замандастарымызға кенде емеспіз, тәуба!

«Биік мұнара да жерден басталады» деген шығыс нақылына сүйенсек, аяулы анасы Тұрар апамыздың шақыруынша - Жомарт қазақ әдебиетінде детектив жанрының негізін қалаған көрнекті қаламгер, ардагер, Кемел Тоқаевтың шаңырағындағы ұлттық интеллигенция өкілдері жиі жиналатын қонақжай ортада өскендіктен де, тарих пен әдебиет, өнер мен мәдениет өзегін, қоғам мен әлеумет шындықтарын бала кезінен бойына сіңіріп өскендігі хақ. Бұл сөзімізге оның шебер қаламынан шыққан, дүниежүзінің ондаған тілдеріне аударылып кеңінен мойындалған “Тәуелсіздік туы астында”, «Беласу», «Әке туралы сөз» монографиялары мен салмақты еңбектері қапысыз дәлел бола алады.

Иә, Ұлыстың Ұлы күндерінде Елбасының «Тәуелсіз Қазақстанымызды, ортақ Отанымызды, мәңгілік елімізді сақтай біліңдер» деген барша халыққа арналған күретамырлы өсиеті өзінің де бойтұмарындай бұлжымас ұстанымы болатындығын жариялаған Қасым-Жомарт Кемелұлының ізгі ниеті мен адал қадамдарын еліміздің арда азаматтары, жеті атаға дейін қыз алыспайтын асыл текті ұл-қыздары толыққанды қолдай отырып, бүгініміз берекелі, ертеңіз кемел бола беретіндігіміз кәміл.

 Мұхтар Кәрібай

Abai.kz

13 пікір