Жұма, 29 Наурыз 2024
Аласапыран 6244 35 пікір 9 Сәуір, 2019 сағат 13:20

Әділ өтпесе де, кезекті сайлауды асыға күтеміз...

«Закон адам пайдасына жазылады, адам закон үшін тумайды ғой».

                                                                                          Әлихан Бөкейханов

«Республикамызда болған барлық сайлаулар әділ және таза өткен жоқ!» - деп жаһанға жар салып айтып келе жатқанымызға он жылдар өтті. Айта-айта Алтайда, Жамал апам қартайды» демекші, елімізде сайлауларды өткізу тәсілдері осы күнге дейін өзгерген жоқ. Қазір де, алдағы сайлаудың да әділ және таза өтпейтінің барлығымыз жақсы білеміз. Сүйте тұра, келесі сайлауды барлығымыз асыға күтеміз. Себебі, жаңа сайлаудан кейін жаңа адамдар келіп тұрмыс-тіршілігіміз жақсарады деп үміттенеміз.

Барлығы өзімен-өзі түзеліп кететіндей, бүгін де қол қусырып ғажайыпты күтіп отырған жайымыз бар. Осы күнге дейін елімізде болған барлық сайлауларды басқа елден адамдар келіп ұйымдастырып берген жоқ. Сайлау күні сайлау учаскелеріне барып өзіміз дауыс бердік. Мұнымен мен, кезекті сайлауды біз үшін біреулер келіп өткізіп бермейді деп айтқым келеді. Құқықтық мемлекетте өмір сүреміз десек қазірден бастап, ең болмаса бастапқыда «ҚР сайлау туралы» заңға өзертулер мен толықтыруларды енгізуді өкіметімізден өзіміз талап етуіміз керек. Өйткені елімізге барлық бәлелер сайлаулармен келеді. Әділетсіз өткен сайлаулар нәтижесінде кездейсоқ адамдар мәжіліс және мәслихаттар депутаттары болып жатады. Қызығы, сол депутаттарымыздың «мені халық сайлады» деп сенуінде.

Сайлау болар алдында, жергілікті әкімшіліктер дауыс берушілердін тізімдерін жасау үшін сайлаушыларды санап отырып аты-жөндерін анықтайды. Жаяу жүріп сайлаушылардың үйлерін аралап, ел-жұртты тізіммен түгендеу мектеп мұғалімдеріне жүктелетін білеміз. Әкімшіліктегілер еліміздің сайлаушыларын қанша жерден санап-түгендесе де, дауыс беру күні, қосымша тізіммен дауыс беретін азаматтарымыз жылдан-жылға көбеймесе, азаймай отыр. Дауыс беруге, сайлау учаскесіне келген азаматтарымыз өздерін тізімнен көп жағдайда таппай жатады. 2017 жылдан бері елімізде іске қосылған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасымен цифрлы технологияларды кенінен пайдалана отырып үкіметіміз болашақта сайлаушыларымыздың тізімін ғапілсіз жасайды деп сенемін. Осыған орай,  алдағы сайлауларда қосымша тізіммен дауыс беруді мүмкінінше заңмен тиым салуымыз керек дегім келеді.

Өкінішке орай, елімізде сайлауларға немқұрайдылықпен қарайтын азаматтар да аз емес. Ол кісілерге де, заңмен шара қолданғанымыз артық болмайды. Мәселен, еліміздегі сайлауларға екі рет келіп дауыс бермеген азаматтарымызға айыппұл салуымыз керек. Осы кезде ғана, олар сайлау болар алдында өздерін тізімнен алдын-ала тексеріп алады және тіркелген жерінен кететіндей болса, есептен шығу талоның алуды ұмытпайтын болады.

Еліміздің барлық сайлау учаскелерінде жергілікті әкімшіліктегілермен тағайындалған сайлау төрағалары мен комиссия мүшелері болады. Өкінішке орай, учаскелік сайлау комиссиялардың құрамына билік партиясынан басқа саяси партиялардың ұсынған өкілдерін түрлі сылтаулармен кіргізбей жатады. Осыдан барып, комиссия мүшелерін «мына партиядан» деп өтірік жаза салулар болып жатады. Барлық бақылаушыларға дауыс беру барысында және оның қортындыларын шығаруға кедергі жасамай, фото, дыбыс және бейнежазбалар жасауға болады деп, заңмен белгіленсе де, учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері тарапынан бақылаушыларға өрескел түрде кедергілер көрсетілетінің әр кездері болған сайлауларда бақылаушы болған кісілер растайды.

Сайлауларда азаматтарымыздың берген дауыстарын адалдықпен санап, әділдікпен сайлау нәтижелерін көрсету, комиссиядағы кісілердің ар-ұжданыңда болады. Қазірден бастап «сайлау» деген тақырыпқа үлкен зерттеуді қажет ететін объект ретінде қарағанымыз дұрыс болады. Жоғарыда айтқандай, барлық сайлауларды өзіміз өткіздік және өткіземіз. Әр кездері сайлау өтуіне жауапты болған барлық комиссия мүшелері арамызда жүр. Олардың барлығы еліміздің жаңа тарихын жазуға қажетті дерек көздері болып табылады. «Тарихтан сабақ аламыз» дегендей, мұндай ғылыми еңбектердің мемлекетіміздің саяси тәжірибесіне берер пайдасы зор болады.

Жанат Асанқали

Abai.kz

35 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2272
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3587