Сенбі, 20 Сәуір 2024
Біздің шенеунік 5799 12 пікір 8 Сәуір, 2019 сағат 11:12

Үкімет кемшілікті көрсетпесе, Архимед ештеңе тындырмай ма?

Өткен аптада облысымызға еліміздің Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған, құрамында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова мен Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев бар үкімет делегациясы болып қайтты. Шынын айтсам, әдетте мен өңірлерді жұмыс сапарымен аралап жүретін биік лауазымды тұлғалардың бірдеңе тындыратынына үлкен күмәнмен қарайтынмын.

Мұнда келгендегі маршруттары белгілі. Алдымен осындағы аты дардай «Сарыарқаавтопром» деп аталатын машина құрастыру зауытында болады. Сосын іргеміздегі Рудный қаласындағы белгілі олигарх Машкевичтің меншігіндегі Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатын аралайды. Бұдан соң облыс әкімі Архимед Мұқанбетов оларды міндетті түрде өзінің мақтанышы санайтын экономикалық аймақ деген жерге апарып, бос ғимараттармен таныстырады. Облыс экономикасымен атүсті, жеңіл-желпі танысқан соң, облыс активін жинап біраз ақыл айтып, нотация оқиды. Сонымен бітті. Үлкен бір шаруа тындырғандай, керемет бір парызын атқарғандай іле-шала астанаға аттанып кете барады. Французша айтқанда «адью».

Жоқ, бұл жолғысы олай болмады. Вице-министр бастаған топ бірден білек сыбана іске кірісіп кетті. Гүлшара Әбдіқалықова салғаннан-ақ: «Біз проблемаларыңызбен танысып, ортақ іске септігімізді тигізуге келдік» деп сапарының басты мақсатын ашып айтты. Обалы не, бұл топ айтқан уәделерінде тұрып, облысымызда қордаланып қалған, әлі де шешуін таба алмай жүрген жайттарды асықпай зерделеп, алдымызға жайып салды. Мәселен, вице-министр жұмысшылармен кездесу барысында елімізде жұмыссыздар туралы мәліметтердің үлкен күмән туғызатынын, өйткені облыстардан келетін цифрлар министрлік пен сататистика комитетінің мәліметтерімен қабыспай жататынына тоқталды. Сондай біздің облысымызда елдің шағын кредит алып, өз шаруасын дөңгелетуге ешбір қолдау көрсетілмейтінін, соның салдарынан мұндай жандардың мүлдем аздығын да жасырмады.

Ал Денсаулық министрі болса, облысымыздағы Федоров ауданына арнайы барып, сондағы аурухананың жағдайымен жете танысты. Дәрігерге көрінуге келіп, кезекте отырғандармен сөйлесіп, мұндағы жұрттың дәрігерлердің қабылдауына кіру үшін бірнеше сағаттап күтететініне көз жеткізді. Сонымен қатар мұндағы кейбір дәрігерлердің жұмысы тым көп, ал алатын айлығы тым аз екенін де естіп білді. Сол жерде аурухананың дәрігеріне бұл жағдайды дұрыстауды тапсырды.

Талай билікті тізгіндеген, бұл саланы бір емес екі рет басқарған Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев бірден-ақ жұрттың назарын табысы мардымсыз көп балалы отбасылардың жағдайына аударды. Оның айтуына қарағанда әлгіндей отбасылар еңбек ететін 38 кәсіпорын тексерілген. Ондағы жұмыс істейтін 187 қызметкердің 134-інің мүлдем баспанасы жоқ көрінеді. Олар көмекке өте мұқтаж.

Міне, үкімет делегациясының тындырған игілікті істері осындай. Оларға рахметтен басқа айтарымыз жоқ. Алайда бұл жерде жаңа бір, өзекті мәселе бірден көзге ұратыны байқалады. Мұндай қаны сорғалап тұрған проблемалар министрлер келіп, көзге шұқымаса, «жабулы қазан жабулы күйінде» қала бере ме? Қолында өлшеусіз билігі бар, өңіріміздегі 16 аудан мен 4 қала әкімдері ауызына қарап отырған, қарамағында сандаған басқарма мен департаментер бар, «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғысқа» айналған облыс әкімі Архимед Мұқанбетов қайда қарап отырған? Сонда бұл кісі өзі басқаратын облыста жұмыссыздар санының қанша екенінен, дәрігерлердердің жетіспегенінен қарапайым жұрттың кезек күтіп сарсылып отыратынынан мүлдем хабарсыз ба? Ал бас қаламыз Нұр-Сұлтанда бес бірдей сәбидің өрттің кесірінен ажал құшуының салдарынан, осындай көп балалы отбасылардың мәселесін шеше алмағандықтан бүкіл үкіметтің отставкаға кеткені бұл проблемаға ерекше назар аударуды қажет екенін түсінудің қанша қиындығы бар еді? Әлде «Сен тимесең, мен тимен бадырақ көз» деген саясатты ұстанып, «Бас сынса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деп ештеңені байқамаған болып отыра берсе, бар мәселелер өзінен өзі шешіліп, облысымызда қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнай ма екен?

Жалпы, біздің Архимедтің өзіндік, ешкімге ұқсамайтын тамаша бір жұмыс стилі бар. Ол — облысымызда қандай да бір кемшілік байқалып қалса, дереу жиналыс өткізіп, өзін судан таза, сүттен ақ санап, бар жауапкершілікті өзгелерге итеру салу секілді таптырмас әдіс. Біз былтырғы жылдың желтоқсан айында Архимедтің пәтер иелеріне кілттерді салтанатты түрде тапсырғанын, алайда бұл үйлердің азынаған суығына шыдамаған пәтер иелері туған-туыстарын жағалап, тентіреп кеткенін жазған едік. Бұл жағдай өзге порталдарда да үлкен дүрбелең туғызды. Мұны сезген әкіміміз дереу жиналыс өткізіп жіберіп, өзінің еш кінәсі жоқтығын, бұл кілттерді қала басшылырының өтінішімен тапсырғанын айтып ақталып бақты. Яғни бұған ешкім де жауапты емес. Журналистер ғой, шала бүлініп жүрген.

Әкіміз бұл жолы да осы үрдістен ажыраған жоқ. Үкімет делегациясы кетісімен, дереу жиналыс ашып, көп балалы отбасылардың жағдайын қараған болды. Мұнысы өзіне таяқ болып тиіп, көптеген былықты айғақтап берді. Мәселен, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру мен әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнәр Әбенованың айтуына қарағанда өңірімізде төрттен де көп баласы бар, пәтерге мұқтаж отбасылардың саны 5 мыңнан асып кеткен. Ал мұның 477-і ғана үй кезегіне тұрған екен. Бір қызығы, соңғы бір ай ішінде ғана үй кезегіне тұрғандардың саны бірден 80 пайызға көбейген. Басшының пайымдауынша мұның себебі — әлгіндей отбасылар өздерінің құқығынан мүлдем хабарсыз болыпты. Ау, сонда облыстың әкімдігі қайда қараған? Пәтерді қалай алуға боатыны жайлы кең көлемді түсінік жұмысын кім жүргізеді? Әлде олардың ештеңе білмей отыра бергені қолайлы ма? Ал енді үкімет мүшелері келіп, бұл мәселеге көңіл аудармаса, ешкімнің де оған басы ауырмай ма?

Мінекей, үкімет мүшелерінің келіп-кеткен соңғы бой көтерген мәселелердің бір парасы осындай. Алайда біздің көңілімізге қыжыл ұялатқан екі бірдей жағдайды айта кетпесек, мақаламыз толық бола қоймас. Оның біріншісі, сонау Нұр-Сұлтаннан арнайы келген бұл делегация қала маңын айналсоқтамай, анау облыс орталығынан 600 шақырым қашықта жатқан, қазақтың қаймағы бұзылмаған Аманкелді мен Жанкелдин секілді аудандарын аралағаны жөн еді. Олар алыста жатқандықтан жергілікті тұрғындардың мұң-зары Нұр-Сұлтан түгілі, облыс басшылығының құлағына да жете бермейді. Мүмкін, сонда министрлер талай жайтқа қанығып, талай түйткілді дүниеге көзі жетер ме еді?

Екінші бір мәселе, әлеуметтік жағдайға деген облыс әкімінің жауапкершілігі хақында болмақ. Осында арнайы келіп, талай кемшілікті көзге шұқып көрсеткен үкімет мүшелері облысымыздың басшылығына қандай баға бермек? Әлде «біз айтарымызды айттық, міндетімізден құтылдық» деп тоқмейілсіп жүре бере ме? Егер мұнан дұрыс қорытынды шықпаса, астанадан арнайы ат болдырып, бюджет қаржысын шығындап, әуре болудың қажеті не?

Қостанай халқы міне, осы мәселелерге алаңдап отыр.

Жайберген Болатов

Abai.kz

 

   

12 пікір