Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
4812 4 пікір 3 Сәуір, 2019 сағат 14:23

Қожакеев және бүгінгі ұрпақ

«Тағдыр ажалға сабыр берсе, әлі де жұртқа деген ықыласымызды білдіріп, шапағатымызды тигізе береміз деген ойдамыз!». Бүгінгі мақаламыз өзі турасында осылай деп жазып қалдырған Темірбек Қожакеев хақында болмақ.

Еліне адал қызмет еткен жайсаң жан, профессор, ғалым, филология ғылымдарының докторы, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» Темірбек Қожакеұлы 1926 жылдың 17 желтоқсанында қазіргі Жамбыл облысы Меркі ауданы Ойтал ауылында дүниеге келген. Қазақ зиялы қауымының қара шаңырағына айналған С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетіне 1948 жылдың қыркүйегінде оқуға түседі. Филология факультетінің журналистика бөлімін үздік дипломмен бітіріп, өмірінің 43 жылын оқытушылық қызметке арнаған Темірбек ағай алты мыңдай журналист кадрларын даярлауға қатысқан.

Қожакеев кім? Ең алдымен, тәртіп пен білімді қатар ұштастыра білген ұлағатты ұстаз. Профессордың дәрісін тыңдап, алдынан өткен шәкірттерінің қай-қайсы болмасын, ағайдың орнатқан темірдей тәртібін айтпай кетпейді. Сөзіме тұздық болсын, оқырман назарына Қазақстанның Құрметті журналисі Ғазизбек Тәшімбайдың естелігін ұсындым:

«...Бір жолы ағайдың тапсырмаға берген курс жұмысын көбіміз орындамай келіппіз. «Ал, сөйлеңдер!» деді Темірбек ағай. Батылдау бір жігітіміз тұрып: «Ағай, уақытымыз жетпейді. Шаршап жүрміз,кешіріңіз» демесі бар ма?

Мұны бекер-ақ айтқан екен. Ағайымыз салған жерден «Пышақты сұғып алып, кешірім сұраудың қажеті жоқ!» деп жер-жебірімізге жетіп, сыбап берсін. «Бесіктен белдерің шықпай жатып шаршайсыңдар, ә? Уақыт таппайсыңдар, ә? Ал анау 50-ге келгенде докторлық диссертация қорғаған Хайыржан Бекхожин ағаларыңның шықпай жүрген жаны-ай, ә!» деп омыраулатып барып тоқтады.

Алғашқы күннен-ақ үзілді-кесілді шарт қойған: «Сабаққа кешікпейсіңдер, түгел қатысасыңдар, берілген тапсырманы уақытылы орындайсыңдар». Айтты-бітті, кесті- үзілді...»

Ұстаздан білім алған шәкірттердің бірсыпырасы Президент, Министрлер кабинетіне, Жоғарғы Кеңес аппаратына, Қазақстан Бұқаралық ақпарат құралдарына басшылық қызметке орналасқан. Идеологиялық жұмысты қозғалысқа келтіріп отырған ел азаматтары да, білім қуған ғылым кандидаттары мен ғылым докторы атанғандар да Темірбек Қожакеұлының ұлағатты ұстаздығына куә болып, бір кездері дәрісін тыңдаған студенттер еді. Ұстаздың еңбегі оның шәкірттерінен көрініс табатынын ескерсек, Темірбек ағай сол «бақытты оқытушылардың» қатарында емес пе?

Қазақ сатира, юморының тарихын, сыры мен сипатын алғаш арнайы зерттеген ғалым бұл салада «Адам. Қоғам. Сатира» (1980), «Сатира және дәуір» (1976), «Сатиралық жанрлар» (1983), «Сатира- күштілер қаруы» (1985) деген атаумен күрделі монографиялық еңбектер жазып, көлемді ақпарат қалдырды. Айта кету керек, автор осынау еңбектері арқылы қазақ әдебиеттану ғылымында ұлттық сатира, юмордың сырлары, жанрлары жөніндегі ұғым, білімді тұңғыш негіздеді.

1942 жылы аудандық газетте алғашқы хабарлары жарық көрген Темірбек Қожакеев сол уақыттан бері жүздеген мақала, очерк, хабарламаларды республикалық басылым беттерінде жариялады. Бұл тұста Темірбек ағайдың журналистік қыры кеңінен ашыла түседі. Фельетонист Қожакеев аталған жанр аясында жүзге тарта фельетон жариялап, шығармаларының ойлылығымен, астарлы зілімен ерекшеленді.

Жалпы алғанда, 500-ден аса материалдың авторы, ұстаздығымен де, кәсібилігімен де көпке үлгі болып қалған профессор Жазушылар одағының да, Журналистер одағының да мүшесі, қоғам қайраткері.

«Қожакеев және бүгінгі ұрпақ». Ұрпақ сабақтастығы жолында жақсы аты ауыздан түспеген Темаға бүгінгі күні біздің де жиі естіп, іздене оқитын бағдарымызға айналған. Жаңа толқын жадында бірегей тұлғалардың есімі жатталсын деп, өздері білген өмірлік өнегені жеткізетін ұстаздар қауымына алғыс зор. Жыл артынан жыл өтсе де, жалғасын тауып келе жатқан «Қожакеев оқулары»- сөзіме дәлел. Арайлап атқан таңымызды университет қабырғасында білім алудан бастасақ, аға буынның арманы орындалғаны. Күніне табалдырығын бірнеше қайтара аттайтын Темірбек Қожакеев атындағы дәріс залы - ұлы тұлғаны ұмыттырмайтын игі қадам болғаны хақ. Қалай болғанда да, еңбегімен ел есінде сақталған азаматтарды дәріптеу - заман алдындағы, қоғам алдындағы борыш болып қала бермек.

Мадина Оқас

Abai.kz

4 пікір